Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Түркияның «Cihan» ақпарат агенттігінің «Тарих таңбасы» атты альбом-кітаптың таныстырылымы өтеді

None
None
АСТАНА. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы құрметіне Түркияның «Cihan» ақпарат агенттігінің Қазақстандағы өкілдігі «Тарих таңбасы» атты альбом-кітапты жарыққа шығарған болатын. Кітаптың тұсаукесер рәсімі Қазақстан Ұлттық кітапханасында 9-желтоқсан күні өтеді.

Тұсаукесер кешіне Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Лале Үлкер, Түрік Академиясының президенті Шәкір Ыбыраев, Қазақстан Парламент Сенатының депутаты, Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) Әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комиссиясының төрағасы Ғарифолла Есім, «Cihan» ақпарат агенттігінің Қазақстандағы өкілі және жоба авторы Доған Йылдыз, ҚР Сыртқы Істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенко қатысады. Кітаптың негізгі тақырыбын Қазақстанда соңғы жылдары болған айырықша кездесулер мен маңызды оқиғалар құрап отыр. Атап айтқанда, 2009 жылы Астанада өткен ДТҰ Бас Ассамблеясының XVIII сессиясы, 2010 жылғы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету - Астана саммиті, Еуразиялық экономикалық әріптестік қоғамының жиналысы секілді тағы бірнеше маңызды халықаралық жиындар құраған. Бұл ұйымдардың барлығы дерлік Тәуелсіз Қазақстанның тарихында алтын әріптермен жазылатын маңызды оқиғалар екені даусыз. Айта кететін тағы бір жайт, фотоальбомда тек соңғы екі жылда атқарылған қарқынды жұмыстардың ішіндегі ең таңдаулысы ғана алынған.

Фотоальбомда негізінен 2009-2010 жылдарда болған кездесулердегі сәттерден алынған суреттер берілді. Ал кітаптың жарық көруіне демеушілік жасаған «Қазақтүрікмұнай» және «Сембол» компаниялары. Жобаның үйлестірушісі, сурет редакторы - Доған Йылдыз, аудармашы - Салтанат Исабекова, дизайнын жасаған - Жанар Сәрсембекова. Кітап Түркияның Ыстамбұл қаласындағы «Bilnet Matbaatcılık Biltur Basım Yayın ve Hizmet A.Ş» баспасында 1000 данамен жарық көрді.

Соңғы жаңалықтар