Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Рига қаласында салтанатты қабылдау өткізілді

Салтанатты қабылдауға Латвия Сеймінің вице-спикері, Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық комиссиясының басшысы Андрейс Клементьев, Көлік министрі Айвис Ронис, экс-президент, қазір Сеймнің депутаты Валдис Затлерс, парламенттік комитеттердің төрағалары, Латвия Сеймінің депутаттары, министрліктер басшылары мен қала мэрлері қатысты. Сондай-ақ, ресми іс-шараға Латвия Республикасының қоғамдық-саяси, мәдениет және іскер топтар мен БАҚ өкілдері, Латвиядағы қазақ диаспорасы ат салысты.
Қазақстанның Елшісі Ғалымжан Қойшыбаев сөйлеген сөзінде біздің мемлекетіміздің басшысының жүргізіп отырған көрегенді саясатының арқасында өткен 20 жыл ішінде Қазақстан Республикасының қол жеткізген табыстары туралы әңгімелеп берді. Елші Қазақстан 20 жылдық тәуелсіздік мәресіне белсенді халықаралық ұстанымы бар, ішкі саясат тұрақтылығымен және бекем саяси жүйесімен ерекше ел ретінде келгенін атап өтті. Тәуелсіздік жылдарында жинаған Қазақстанның тәжірибесі біздің елдің халықаралық аренадағы табыстарының негізгі діңгегі. Бұған куә Қазақстанның ЕҚЫҰ, ИЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардағы жемісті төрағалығы болып табылады. Қазақстандық дипломат ендігі жылы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнауының 20 жылдығын тойлағалы отырған Қазақстан мен Латвия ынтымақтастығының қорытындысын жасады.
Салтанатты іс-шара барысында Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған фотокөрме ұйымдастырылды. Келген қонақтар республикалық қазақ ұлттық аспаптары жанындағы «Сазген сазы» фольколорлық-этнографиялық ансамблінің өнерін тамашалады. Сыбызғы, саз сырнай, шертер, сондай-ақ ұмытылып, қазір қайта қалпына келтірілген ежелгі - адырна, сазген, нарқобыз сияқты ұлтық аспаптардан шыққан қазақ күйлері мен әуендері мерекелік кешке ұлттық нышан беріп, тыңдармандардың көңілінен шықты.