Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай түркиялықтар «Тарих таңбасы» атты альбом-кітапты жарыққа шығарды

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай түркиялықтар «Тарих таңбасы» атты альбом-кітапты жарыққа шығарды.
None
None

Кітаптың тұсаукесер рәсімі бүгін Қазақстан Ұлттық кітапханасында өтеді.

Түркияның «Cihan» ақпарат агенттігінің Қазақстандағы өкілдігі «Тарих таңбасы» атты альбом-кітапты шығарған болатын. Кітаптың негізгі тақырыбына Қазақстанда соңғы жылдары болған айырықша кездесулер мен маңызды оқиғалар - 2009 жылы Астанада өткен ДТҰ Бас Ассамблеясының XVIII сессиясы, 2010 жылғы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі - Астана саммиті, Еуразиялық экономикалық әріптестік қоғамының отырысы секілді тағы бірнеше маңызды халықаралық жиындар арқау болған.

Бұл ұйымдардың барлығы дерлік Тәуелсіз Қазақстанның тарихында алтын әріптермен жазылатын маңызды оқиғалар екені даусыз. Айта кететін тағы бір жайт, фотоальбомда тек соңғы екі жылда атқарылған қарқынды жұмыстардың ішіндегі ең таңдаулысы ғана алынған. Бұл жинақты Түркияның «Cihan» ақпарат агенттігінің Қазақстандағы өкілдігі басып шығарды.

Осы кешке Түркия Республикасы Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Лале Үлкер, Түрік Академиясының президенті Шәкір Ыбыраев, Қазақстан Парламент Сенатының депутаты, Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) Әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комиссиясының төрағасы Ғарифолла Есім, «Cihan» ақпарат агенттігінің Қазақстандағы өкілі және жоба авторы Доған Йылдыз, ҚР Сыртқы Істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенко қатысады.

Фотоальбомда негізінен 2009-2010 жылдарда болған кездесулердегі сәттерден алынған суреттер берілді. Ал кітаптың жарық көруіне демеушілік жасаған «Қазақтүрікмұнай» және «Сембол» компаниялары. Жобаның үйлестірушісі, сурет редакторы - Доған Йылдыз, аудармашы - Салтанат Исабекова, дизайнын жасаған - Жанар Сәрсембекова. Кітап Түркияның Ыстамбұл қаласындағы «Bilnet Matbaatcılık Biltur Basım Yayın ve Hizmet A.Ş» баспасында 1000 данамен жарық көрді.

Соңғы жаңалықтар