Қазақстан Тәуелсіздік мерейтойын экономикада және әлеуметтік салаларда үлкен табыстармен қарсы алуда - Елбасы

Президент алғашқы күнгі жұмыс сапарында қаладағы спорттық кешендерде болып, оларды өзі ашып берді.
Мемлекет басшысы Қарағанды қаласындағы жаңа теннис орталығын ашты. 5300 шаршы метрді алып жатқан теннис орталығының аумағында үш жабық және бес ашық корт орналасқан. Осында өтетін спорттық жарыстарды бір мезгілде 400-ден астам көрермен тамашалай алады. Теннис орталығында стол теннисі бойынша облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебі орналастырылған. Мектепте теннис, стол теннисі, бадминтон, гандбол, волейбол тәрізді спорттың бес түрі бойынша бөлімдер жұмыс істейді.
Президент жаңа корттың сапасын өзі сынап көріп, Қарағандының жас теннисшілеріне үлкен теннис бойынша шеберлік сыныбын көрсетті. Нұрсұлтан Назарбаев жас спортшылармен әңгімелесіп, оларға сыйлықтар тапсырды.
Мемлекет басшысы қалалақ бокс орталығында болды. Кешен бокс бойынша оқу-жаттығумен шұғылдануға арналған. Зал 800 көрерменге арналған. Спортшылар үшін жаттығатын және тренажерлік залдар бар. Бокс орталығында Қарағанды облыстық бокс федерациясының кеңсесі орналасатын болады. Жаңа орталықта бокстан ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарын, сондай-ақ республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізу үшін жағдай жасалған. Орталықты аралау кезінде бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы Серік Сәпиев пен ресейлік чемпион Виталий Дахненконың жекпе-жегі өтті. Жекпе-жек қазақстандық спортшының пайдасына шешілді.
Нұрсұлтан Назарбаев жаңа мұз айдыны сарайымен таныс болды. Бұл сарайдың аумағында 1800 шаршы метр болатын ашық хоккей корты орналасқан. Мұз айдыны сарайында шайбалы хоккей бойынша облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебі орналастырылған. Жас конькишілер мен шорт-трек шеберлері осында жаттығатын болады. Мұз айдыны сарайы Қазақстан чемпионатын, Континенталдық хоккей лигасы деңгейіндегі халықаралық жарыстарды, әлем, Азия чемпионаттарын өткізуге мүмкіндік беретін барлық заманауи талаптарға сәйкес келеді. Мұз айдыны сарайында қазақстандық және ресейлік спортшылардың, соның ішінде қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің, ресейлік танымал конькишілер Алексей Ягудин мен Дмитрий Лапшиннің қатысуларымен музыкалық көрсетілім көрсетілді.
- Мен қарағандылықтарды Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған тамаша спорт нысандарымен құттықтаймын. Бұлар менің тапсырмаммен салынған тамаша сыйлық. Қазақстан Тәуелсіздік мерейтойын экономикада және әлеуметтік салаларда үлкен табыстармен қарсы алуда. Егер тәуелсіздігіміз болмаса, мұндай нысандар да болмас еді. Жастарды спортпен белсене айналысуға шақырамын. Тек білімі мен денсаулығы бар адам ғана жеңіске жетеді, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президент сонымен бірге қаладағы жаңадан салынған үлкен мешітте болды. Мешіт 4000 адамға арналған. Мешіттің құрылысы, көркемдік деңгейі мен ішкі безендірілуі қазақ әшекейлері және классикалық үлгідегі сән элементттері қолданылып жасалған. Босағасы қазақтың дәстүрлі өрнектерімен, сондай-ақ Құраннан алынған сүрелермен көркем безендірілген. Ғимараттың сәулетін биіктігі 49 метрлік төрт мұнарасы, биіктігі 12 метрлік бас күмбезі және 8 шағын күмбез толықтырады. Терезесі көркем-витраж техникасы алғаш рет қолданыла отырып салынған. Мешіттің құрылысына қазақстандық материалдар пайдаланылған, ал ішін әрлеу жұмыстарын отандық шеберлер атқарып шыққан.
Нұрсұлтан Назарбаев жұртшылық өкілдерімен әңгімелесті. Облыс имамы Президентке үнемі көңіл бөліп отырғанына және мемлекеттің қолдауы үшін алғысын айтты.
Түстен кейін Мемлекет басшысы Теміртау қаласында болып, «АрселорМитталТеміртау» АҚ МК №2 жаңа домна пешін іске қосу рәсіміне қатысты. №2 домна пешін қайта құрылымдау жобасының жалпы құны 15 млрд. теңгені құрайды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде пеш көлемі 2035 шаршы метрден 2460 шаршы метрге ұлғайтылды. №2 домна пешінің еңбек өнімділігі тәулігіне 3700 тонна шойынды құрайды, бұл бұдан бұрынғы көрсеткіштен 25 пайызға артық. Аталған көрсеткіш жылына 1,3 млн. тонна шойынды құрайды. Қайта құрылымдау жұмыстарының арқасында пештің жұмыс істеу мерзімі ұлғайтылды, кокс шығыны мен зиянды заттар көлемі қысқарды.
Президент сондай-ақ «АрселорМитталТеміртау» АҚ МК №3 жаңа үздіксіз құйма шығаратын машинаның іске қосылуына қатысты. Жобаның жалпы құны 5,5 млрд. теңгені құрайды. Жобаны іске асыру есебінен 88 қосымша жұмыс орны құрылды. Өндірілетін өнімнің жалпы көлемі жылына 800 мың тонна құйманы құрайды. Бұл машинаны іске қосу сондай-ақ кәсіпорынның өндірістік қуаттылығын жылына 4 млн. тоннадан 5 млн. тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа желі тек өндірістік қуаттылығын арттырып қана қоймайды, сонымен бірге болашақта Теміртауда арматура, бұрыш, швеллер, таңба сұлбасының сапалы сорттарын прокатқа шығаруға мүмкіндік береді.