Қазақстан Тәуелсіздік алғанда Баян-Өлкеде 10 мыңдай қазақ алаңға жиналған
АСТАНА. KAZINFORM – 1991 жылдың 16 желтоқсаны Түркі дүниесі тарихында айрықша күн. Себебі дәл осы датада барлық түркітектес халықтардың қарашаңырағы саналатын Қазақстан араға 2 ғасыр салып тәуелсіздігін қайта қалпына келтірді. Бұл жаңалықты әлемнің басқа елдерінде өмір сүріп жатқан қазақ диаспоралары қалай естіді және қалай қабылдады? Осы сұраққа жауап іздей отырып, Моңғолиядағы қазақтарға қатысты қызықты жайттан хабардар болдық.
Бүгінде әлемнің 40-тан астам елінде қазақ ұлтының өкілдері тұрады. "Отандастар қоры" мәліметінше, ел аумағынан тыс жерде өмір сүріп жатқан қазақтардың саны 5 миллионға жетуі мүмкін. Ресми мәліметтерге сүйенсек, шеттегі қазақтардың жалпы саны 3 миллионнан асады. Соның ішінде 121 мыңы – Моңғолияда тұрады.
Моңғолиядағы қазақтар негізінен елдің қиыр батысындағы Баян-Өлгий аймағында тұрады. Бұл аймақты Қазақстаннан бар-жоғы 60 шақырым жер — Үкөк (РФ аумағы) табиғи паркі бөліп жатыр.

Осы өлкеде 1991 жылдың 17 желтоқсан күні, яғни Қазақстан тәуелсіздігін жарияланған күннің ертесіне тарихи оқиға болған.
— Хабарды 16 желтоқсанда кешке қарай естідік. Мәжілістен Қазақстан Тәуелсіздік алды деп жариялады, соны ести сала бір-бірімізден сүйінші сұрап, бөркімізді аспанға атып қуандық. Ең алғашқы хабарласқан адамым ақын Сұраған Рахметұлы болды. Содан бұл оқиғаны атап өтуіміз керек деген тоқтамға келдік. Ақылдасып, кеңесіп, ертесіне алаңға халықты жинайық деп келістік. Мен өзім «желтоқсаншымын», 1986 жылы Алматыда ҚазМУ студенті едім. Жиын тақырыбына «Желтоқсан оқиғасының 5 жылдығы» дегенді тағы қосып қойдық. Ол кезде қазіргідей әлеуметтік желі, ғаламтор жоқ. Содан қағазға жазып, хабарландыру тараттық, - дейді Баян-Өлкедегі Қазақ радиосының редакторы Ербақыт Нүсіпұлы.

Бір кеште қанша адам құлағдар болып үлгереді деген күдікке қарамастан, ертесіне Баян-Өлке қаласының орталық алаңында ине шаншар орын болмаған.
— Адам өте көп жиналды, бұрын-соңды алаңның бұлай лық толғанын мен көрмеген екенмін. Сол кезде 10 мыңдай адам болды деп хабарладық. Қазір ойлап отырсам, санын сол уақытта сәл асырып айтып қойған секілдіміз. Бірақ кісі қарасы мол болды (оқиға куәгерлері сол күні жиналған адам саны 10 мыңға толмаса да, соған жуық болғанын растады - ред.), - дейді Ербақыт Нүсіпұлы.

Бұл жиынды ұйымдастырушы екеудің бірі, Моңғолия жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, сол кезде журналист қызметінде болған Сұраған Рахметұлы да бұл оқиғаны жылы еске алады.
— Бұл өте қызықты оқиға болды. Трактордың сүйретпесін алып келіп, мінбер жасадық. Жиынды өзім модератор ретінде аштым. Ербақыт Нүсіпұлы қасымда тұрды. Тәуелсіздік туралы, бұл оқиғаның саяси маңызы туралы сөз сөйлеп, бір уақытта артыма қарсам, сол сүйретпеге Баян-Өлкенің біраз зиялылары шығып алыпты. Алаң толы қазақтар. Сол кезде Сауд Арабиясынан бір топ діндарлар келіп жүрген. Бірінші кезекте сол араб молдаларына Құран оқытып, желтоқсан құрбандарының рухына дұға бағыштадық. Алаңдағы барлық адам бетон үстінде тізе бүгіп отырып, бет сипады, - дейді ақын.
Сұраған Рахметұлының айтуынша, осыдан кейін тағы да басқа қоғам белсенділері, журналистер, ақындар сөз алған. Олардың ішінде моңғол ұлтының азаматтары да қазақтарды тарихи отанының Тәуелсіздігімен құттықтаған.
— Жиыннан соң бірден байланыс орталығына барып, Алматыға Ақселеу Сейдімбек ағаға хабарластық. Ақселеу аға сол уақытта шығып тұрған «Халық кеңесі» газетіне «Моңғолияның Баян-Өлгий аймағының қазақтары Тәуелсіздікті қарсы алды» деген қысқаша ақпарат берген, - дейді ол.
Өкінішке қарай, бұл тарихи митингіден фотодеректер сақталмаған.
Айта кетейік, бұған дейін «Бүгін – Тәуелсіздік қалпына келген күн» атты мақала жариялаған едік.