Қазақстан Таяу Шығыстағы алты елдің әуе кеңістігіне толық тыйым салды

АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстан Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына байланысты Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан әуе кеңістігінің үстінен, шегінде және маңында ұшуға толық тыйым енгізді. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті хабарлады.

Қазақстан Таяу Шығыстағы алты елдің әуе кеңістігіне толық тыйым салды
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

– Таяу Шығыста қалыптасқан жағдайға және азаматтық авиация қауіпсіздігіне төнген жоғары қатер деңгейіне байланысты Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан әуе кеңістігінің үстінен, шегінде және маңында ұшуларды тиісті шешім қабылданғанға дейін толық тоқтатады, – делінген хабарламада.

Аталған нұсқаулық қазақстандық әуе кемелерін пайдаланушылардың барлық тұрақты және тұрақты емес жолаушылар, жүк және техникалық рейстеріне қатысты.

Осылайша, 28 ақпанда Air Astana және FlyArystan әуе компанияларының ұшу кестесіне мынадай өзгерістер енгізілді:

  • KC263 Алматы – Медина, KC897 Алматы – Дубай, KC653 Алматы – Доха, KC205 және KC207 Астана – Дубай рейстері ұшып шыққан әуежайларға кері қайтарылды;
  • KC899 Алматы – Дубай рейсі Дели қаласына бағытталды;
  • FS7617 Ақтау – Дубай рейсі қосалқы әуежайға қонды.

28 ақпанда Таяу Шығыс бағытындағы өзге рейстердің барлығы тоқтатылды.

SCAT әуе компаниясының 28 ақпан және 1 наурыз күндеріне арналған кестесінде Таяу Шығыс бағыттары бойынша рейстер қарастырылмаған.

Комитет мәліметінше, шетелдік авиакомпаниялар – Qatar Airways, Air Arabia, Air Arabia Abu Dhabi, Flydubai, Jazeera Airways, Air Cairo және Red Sea Airlines туроператорлармен бірлесіп іс-қимыл жоспарын әзірлеп жатыр.

Сондай-ақ ирандық әуе компанияларының кестесінде де өзгерістер байқалады. Qeshm Air компаниясының 28 ақпандағы Таяу Шығыс бағытындағы рейстері кешіктіріледі, ал Pars Air 28 ақпан мен 3 наурыз аралығында рейстер орындамайды.

Жолаушыларға көмек көрсету мақсатында «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ базасында тәулік бойы жұмыс істейтін колл-орталық іске қосылады: +7 (7172) 79-82-15.

Жолаушыларға рейстерінің өзекті мәртебесін әуе компанияларының ресми сайттарынан алдын ала тексеру ұсынылады, сондай-ақ келесі байланыс нөмірлеріне хабарласуға болады:

• Air Astana: +7 (727) 244 44 77, +7 (7172) 58 44 77, +7 (702) 702 44 77;

• FlyArystan: +7 (727) 331 10 10 (WhatsApp: +7 (702) 702 02 27);

• SCAT: +7 (7252) 99 88 80;

• Qazaq Air: +7 (727) 356 14 14;

• «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ: +7 (7172) 70 29 99;

• «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ: +7 (727) 228 00 19.

Бұған дейін ҚР СІМ Таяу Шығыстағы жағдайға орай жедел байланыс нөмірлерін хабарлады.

Сонымен қатар Ирандағы Қазақстан азаматтарының арасында зардап шеккендер жоқ екенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар
Референдум