«Қазақстан» телеарнасында «Екі жұлдыздың» төртінші маусымы басталмақ

Жұлдызды жұптардың міндеті - тек сахнаға шығып ән айту ғана емес, өзге қарсыластарынан артықтығын көрерменге дәлелдей білу. Ол үшін сайыскерлер әлемдік хиттер мен бәсекелестерінің репертуарларындағы туындыларды орындап, түрлі жанрды еркін меңгере алатынын көрсетеді және алуан түрлі образдарға енеді. Алайда, жоба жұлдыздардың әсем әуендері мен әсерлі қойылымдарын назарға ұсынатын думанды бағдарлама ғана емес, әр саны сайын бір жұппен қош айтысуға тура келетін драма. Өткен маусымдарда қазылар алқасы бір көтерген бағасын өзге жұпқа қоя алмай, қиналатын ереже бұл маусымда жүрмейді және әр жұп бағасын білгенше хабардың соңын күтіп уайымдамайды, өнер көрсеткеннен кейін бірден біледі. Ал жұптарды бағалаудағы көрермен құқығы бұрынғыдай. 50 пайыз дауысқа ие.
«Екі жұлдыз» жобасының тарихында тұңғыш рет жұптар тек кәсіби әншілерден құралады. Бұл продюсерлерге әлемге әйгілі «Жұлдызды жекпе-жек» кинофильміне сәйкес әлқиссалар жасау туралы ой салды. Сондықтан, қазақ көрермендеріне ұсынылатын ең бірінші тосынсый бағдарлама аңдатпасындағы жұлдыздардың бейнелері. Трейлер- аңдатпаларды «Қазақстан» Ұлттық арнасынан және ғаламтордан көруге болады. Түсірілген аңдатпа біраз қатысушылардың есімін елге жария етеді. Олар: Бейбіт Қорған, Айқын Төлепберген, Ақылбек Жеменей, Жанна Орынбасарова, Жеңіс Ысқақова, Айжан Нұрмағамбетова, «Азия» тобының әншісі Ербол Шәріп пен «Алау» дуэті. 4-ші маусымның жүргізушілері: отандық эстрада жұлдызы Нұрлан Абдуллин, белгілі киноактер Нұрлан Әлімжан және тележүргізушілер Майя Веронская мен Таһир Сұлтан.
Жаңа маусым тақырыптарымен де ерекше. «Екі жұлдыз» жобасында тұңғыш рет бір хабар қазақ эстрадасының аңыз әншісіне айналған, ҚР Халық әртісі Роза Рымбаеваның шығармашылығына арналып отыр. Сонымен қатар, күллі әлемді дүркіреткен, кәрі құрлық жастарына арналған «Евровидение» байқауының әндері де «Екі жұлдыз» сахнасында шырқалмақ. Әр думан отандық және шетелдік жұлдыздардың қатысуымен жарқырай түспек.
Бұл маусымда жобаны насихаттап жүрген баспасөз өкілдері де назардан тыс қалмайды. БАҚ өкілдеріне арнайы орын бөлініп, әр бағдарламаның түсіріліміне қатысуға мүмкіндік алып, дауыс беру нәтижесі мен жұлдызды жобада болып жатқан жаңалықтарді бірінші болып біле алады.
Нағыз дүлдүлдердің додасы «Қазақстан» ұлттық арнасында 24 қыркүйектен бастап, әр сенбі сайын көрсетілетін болады.