Қазақстан темір жолдарында қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуы 10% азайды

Еуразиялық форум тәжірибе алмасуға арналған ірі әрі тиімді алаңға айналды.
Форумда «Ресей темір жолдары» ААҚ бас директоры - басқарма төрағасы Олег Белозеровтың құттықтауы оқылды. Олег Белозеров құттықтау жеделхатында тасымалдаудың сенімділігін қамтамасыз етудің жаңа, стандартты емес тәсілдерін табу заман талабы екенін атап өтті. Қашықтықтан диагностикалау мен түпкілікті бақылау, компьютерлік модельдеу және пилотсыз басқару әдістері үлкен әлеуетке ие.
Өзінің құттықтау сөзінде «РТЖ» ААҚ бас директорының орынбасары – Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің бастығы Шевкет Шайдуллин және «Теміржол техникасын өндірушілер бірлестігі» қауымдастығының президенті Валентин Гапанович теміржолдағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қазақстандық әріптестермен үйлесімді жұмысты атап өтті. Сарапшылар әр процестің иесі тәуекелдерді анықтап, оларды бағалауы қажет екенін, кейін оларды азайту үшін шаралар қабылдауы қажет екенін айтты. Пойыздар қозғалысын қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бірыңғай тәсіл болуы тиіс.
«Қазақстан темір жолы» ҰК« АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов инфрақұрылымды дамыту, жылжымалы құрам санын ұлғайту және жүк ағынын арттыру, сонымен бірге, тасымалдау процесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ұлттық компанияның басым міндеті екенін атап өтті. Ағымдағы жылдың 9 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда теміржолдағы қозғалыс қауіпсіздігін бұзу дерегі 10% - ға төмендеді. Әрбір үшінші бұзушылық адамды басып кету, қараусыз жүрген малды қағу, теміржол өткелдеріндегі жол-көлік оқиғаларымен байланысты.
Бұл мәселелерді шешу үшін Ішкі істер министрлігі және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп жол картасы әзірленіп, іске асуда. Ол қауіпті факторды іске асырудың ықтималдығы мен оның салдары қаншалықты ауыр болатынын ескере отырып, тасымалдау процесіне қатысушылар және үшінші тұлғалардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтіру бойынша тәуекелдерді болдырмауға бағытталған.
Жол картасы аясында 214 локомотивте бейнебақылау жүйесі орнатылды. Адамдар мен қараусыз малдың темір жолға шығып кетуіне қарсы қоршау орнату және оларды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, темір жолдардың белгіленбеген жерінен өткені үшін, темір жолдан өту ережелерін бұзғаны және темір жолдардың бөлінген белдеуінде малдың жайылғаны үшін айыппұл санкциясын ұлғайту қарастырылуда.
»Қазақстан темір жолы« ҰК» АҚ-ның қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің директоры Марат Шәкенов атап өткендей, адами фактордың қозғалыс қауіпсіздігіне әсерін азайту үшін 2022-2023 жылдар «Қозғалыс қауіпсіздігі мәдениетін дамыту жылдары» деп жарияланды. Мұнда пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қызметкерлердің біліктілігін арттыру мен психологиялық даярлығына басты назар аударылады. Қазіргі таңда бұқаралық кәсіптің 9 мыңнан астам қызметкері оқудан өтті. Персоналды ынталандыру жүйесі енгізілді, еңбек жағдайы жақсаруда. Қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуының алдын алғаны үшін 500-ден астам адамға сыйақы берілді.
Спикердің айтуынша, теміржолдың қызметтері мен желілік кәсіпорындарының ескертулерін жою бойынша қабылданып жатқан шараларды бақылау және ақпарат жинау процесін автоматтандыру жұмысы жалғасуда. Мысалы, «Машинистің ескертулер кітабы», «Станцияны комиссиялық айлық тексеру», «Тежегіш құралын есепке алу және сақтау», «Техникалық құралдардың істен шығуын есепке алу және тексеру» автоматтандырылуда.
«Бүгінгі күні «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы мен «Цифрлық трансформация» бағдарламасы аясында «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның магистральдық желісінде жолды диагностикалау кезінде арнайы бір вагонның базасында мобильді диагностикалық құралдар (МДҚ) қолданылады. Онда әртүрлі мақсаттағы диагностикалық жүйелер біріктірілген. Бұл барлық параметрлерді бір координаттар жүйесіне байланыстыра отырып, жолды кешенді диагностикалауға мүмкіндік береді«, - деді ол.
Форум аясында «Вагондар мен вагон шаруашылығы«, «Көлік-логистика мен коммуникация саласы үшін кадрлар даярлау тұжырымдамасы« атты тақырыптық пікірталас сессиялары өтті. «Теміржол көлігінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету«, «Көлік жүйесін жаңғырту мен теміржол саласын цифрлық трансформациялау« панельдік отырыстары көптің қызығушылығын тудырды.
Аталған іс-шара аясында көлік-логистика саласы мен Логистика және көлік академиясының зияткерлік меншігі әзірлеген өнімдердің көрмесі ұйымдастырылды.
Форумды өткізудің негізгі міндеттері қауіпсіздік пен цифрландыруды қамтамасыз ету және тасымалдау процесіне қатысушылар мен үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға, мүлкіне зиян келтіру жағдайларын болдырмау үшін тасымалдау процесінің операцияларын орындау кезінде ескерту шараларын әзірлеу болды.