Қазақстан ТОП-50 экспорттаушы елдердің қатарына кірді - Ә.Исекешев
Бұл туралы бүгін Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті.
«Бүгінгі таңда біз 850 экспорттық тауарды сыртқа сатудамыз. Олардың 160-ы бойынша Қазақстан ТОП-50 экспорттаушы елдердің қатарына кіріп отыр. Жалпы Қазақстан ТОП-50 экспорттаушы елдердің қатарына кірді және 49-орында тұр. Экспортымыздың географиясына келетін болсақ, ол шамамен 260 млн. халықты қамтып отыр. Негізінен ол РФ, Орталық Азия елдері, Иран, Қытай және басқалары», - деп атап өтті министр.
Оның сөзіне қарағанда, әлемде Қазақстан сары фосфор мен уран экспорты бойынша бірінші орында тұр. Сары фосфор бойынша әлемдік экспортының 40 пайыз үлесі Қазақстанға тиесілі, ал уран бойынша - 46 пайыз. Қазақстан титан экспорты бойынша әлемде үздік үштікке енеді. Ал ұн тасымалы бойынша 2-орында келеді.
Айта кетейік, Елбасы өзінің «100 қадам» Ұлт жоспары реформаларында экспорттық және импорттық кеден рәсімдерінен өту кезінде «БІР ТЕРЕЗЕ» қағидатын енгізуді, электронды жария ету жүйесін дамыту (тауарларды кедендік тазалауға автоматтандырылған жүйені енгізу), экспорт және импорт үшін құжаттар санын және оларды өңдеу уақытын қысқарту бойынша жұмыстарды тапсырған болатын.