Қазақстан транзиттік мүмкіндігін қалт жібермеуге тырысады - Апталық шолу

Үкімет отырысында алғашқы болып сөз алған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, соңғы жылдары елде транзиттік әлеуетті арттыруға арналған негізгі жұмыстардың нәтижелеріне тоқталып өтті.
«Көлік инфрақұрылымының дамуы мемлекет экономикасының ішкі қажеттілігінен туындаған көлік дәліздерін әртараптандыруды қажет етеді. Жалпы, физикалық тосқауылдарды жою үшін соңғы бес жылда 5 мың шақырым автожол қайта жөнделді, темір жол желілерінің ұзақтығы 1 703 шақырымға ұлғайды, модернизациялауды талап ететін 8 әуежайдың 4-уі қайта жөнделді, Ақтау теңіз портының өткізу қабілеті 20 млн. тоннаға дейін ұлғайды», - деді Қасымбек.
Оның сөзіне қарағанда құрлықішілік мемлекет бола тұра, Қазақстанға жаңа халықаралық дәліздерді салу және жүк тасымалы үшін барынша қолайлы шарттарды құру арқылы транзиттік әлеуетті жүзеге асыру қажет.
«Бұл үшін шығыстан батысқа қарай 1000 шақырым арақашықтық қысқарды. Контейнерлік пойыздардың жүру жылдамдығы тәулігіне 1100 шақырымға дейін артты. Парсы шығанағы елдеріне шығуға мүмкіндік жасалды. Алдағы 5 жылдық кезеңде көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы арқылы іске асырылады. Жалпы, бағдарламада негізгінен республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салуды және қайта жаңғыртуды қамтитын 16 жоба қарастырылған. Бағдарлама аясында 75 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Автожолдардың құрылысы барысында жергілікті қамтудың деңгейі 95 пайызды құрайды», - деді министр.
Оның сөзінше, Қазақстан Қытай-Еуропа-Қытай бағытында жылына 800 мың контейнер тасымалдауды жоспарлауда. Ағымдағы жылдың 9 айында Қытай-Еуропа-Қытай бағытында 66 мың контейнер тасымалданды.
«Соңғы жылдары әлемдік тәжірибеде жүктерді контейнерлендіру және контейнерлік тасымалдауды дамытуға көшу байқалады. Бұл тұрғыда Қазақстан қабылдап отырған шаралар оң динамикаға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мәселен, ағымдағы жылдың 9 айында Қытай-Еуропа-Қытай бағытында 66 мың контейнерлік жүк тасымалданды. Бұл 2015 жылдың сәйкесінше кезеңімен салыстырғанда 2 есеге көп көлем саналады»,- деді Қасымбек.
Осы ретте министр 2020 жылға қарай бұл көрсеткішті жиырма футтық эквивалентте 800 мың контейнерге дейін жеткізу жоспарланып отырғандығын баса айтты.
«Бүгінгі күні жалпы ұзындығы 111 шақырымды құрайтын Алматы-Шу учаскесінің екінші жолының құрылысы жүргізілуде және осы жылдың желтоқсанында 52 шақырымдық екінші жолды қамтитын бірінші өткізу кешенін іске қосу жоспарланған. Сонымен бірге контейнерлік тасымалды дамытуға Құрық елді мекенінде салынып жатқан паром кешені де өз септігін тигізеді. Ол қазірдің өзінде «Боржақты-Ерсай» темір жол желісімен жалғастырылған. Паром кешенінің бірінші кезегі осы жылдың 1 желтоқсанында пайдалануға беріледі», - деді ол.
Өз кезегінде, министрдің баяндамасын тыңдап шыққан Бақытжан Сағынтаев Қытайға қарай темір жол тасымалының көлемін арттыруды тапсырды. Себебі Қазақстан арқылы темір жол транзиттік тасымалдардың тек 11 пайызы Қытайға тиесілі. Қазақстан бұл бағыттағы жүк ағынын бірнеше есеге арттырып, керемет әлеуетті пайдаланып қалуы тиіс.
«Транзиттік әлеуетті дамыту мәселесіне тоқталатын болсақ, баяндамадан байқағанымыздай, тек 11 пайызы Қытайға тиесілі. Менің ойымша, бұл жұмысты ары қарай күшейту керек. Себебі, Ресей немесе Орталық Азия өңірі аясында ғана айналып жүру біз болжаған көлемнің үдесінен шықпайды», - деді Б. Сағынтаев.
Оның сөзіне қарағанда, Қорғас порты арқылы контейнерлік тасымалдар жүріп жатыр, алайда біздің жақтан пойыздар жартылай бос күйінде қайтып жатқандығы туралы мәселе көтерілді.
«Яғни, контейнерлерге жүк толықтай тиелмей жатыр. Осы ретте вагондар бос күйінде қайтпас үшін тиісті шараларды қарастыру қажет. Асқар Ұзақбайұлы, бұл мәселені бақылауға алуыңыз керек», - деді Үкімет басшысы бірінші орынбасары Асқар Маминге қаратып айтқан сөзінде.
Көлік саласының елдің көңілі толмайтын тағы бір пұшпағы - әуе тасымалы. Халықтың қалтасы көтере бермейтін билеттің құны биыл тағы өсті. Соған байланысты ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында Қазақстандағы ішкі әуе тасымалдарындағы тарифтерге қатысты тексеруді тапсырды.
«Авиация саласында ауқымды жұмыстар іске асырылуда. Осы ретте транзиттік әлеует артып келеді, яғни Астана арқылы өте көп рейстер шығып жатыр. Бүгінде Еуропаға, оның ішінде Парижге қарай бағдарда көбінесе қытайлық туристер біздің рейстерді пайдалануда. Бұл өте жақсы көрсеткіштер, бірақ, сонымен бірге ел ішіндегі тарифтерге қатысты мәселе бар екенін байқап отырмыз, әсіресе Астана-Алматы бағдарына қатысты. Бұл тұрғыда ҚР Ұлттық экономика министрлігі тиісті зерттеу шараларына кіріскен болатын», - деп тоқталды Б. Сағынтаев.
Өз кезегінде ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев кейбір бағыттар бойынша едәуір тарифтер өсімі бар екенін жеткізді. Осы орайда ішкі әуе тасымалындағы Астана-Орал, Астана-Алматы бағдарларында бұндай жағдай байқалып отырған көрінеді. Қазіргі кезде Табиғи монополияларды реттеу комитеті тасымалдың өзіндік құнын анықтауға тырысуда.
«Өкінішке қарай, компания рейстерді орындаудың өзіндік құнына байланысты мәліметтерді беруден бас тартуда. «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің мүшесі ретінде ресми түрде қорға, сәйкесінше оның еншілес компаниясына рейстерді орындаудағы өзіндік құнына қатысты барлық есеп-қисапты ұсыну туралы сауал жолдағым келеді. Осы мәліметтерден кейін бағаны өсіру қаншалықты негізді екені жайында шешім шығаруға болады», - деді Қ. Бишімбаев.
Бұл тұрғыда Үкімет басшысы Б. Сағынтаев осы бағыттағы шараларды соңына дейін жеткізіп, заң бұзушылықтар орын алған жағдайда заңнамаға сәйкес, тиісті шешім қабылдау керектігін жүктеді.
ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуына қарағанда, «Эйр Астана» ұлттық компаниясы 2020 жылға дейін 11 Эйрбас, 2 Боинг 787 сатып алмақ.
«Қазіргі уақытта отандық әуе компаниялары Қазақстан аумағы арқылы жылына 250 мың транзиттік жолаушыларды тасымалдайды. Бұл 2010 жылғы көрсеткіштен 10 есе көп. Орташа есеппен барлық транзиттік жолаушылардың шамамен 70 пайызы елордалық әуежайға келеді. Яғни, 175 мың транзиттік жолаушылар Астана арқылы және 75 мыңы Алматы арқылы өтеді», - деді ол.
Министрдің айтуынша, транзиттің одан ары еселене түсуіне Астана әуежайының жаңа терминалын салу, Алматыда әуе хабын құру, сонымен бірге халықаралық және қазақстандық авиакомпанияларды дамыту өз септігін тигізетін болады.
«Транзиттің барынша әлеуетті бағыты Оңтүстік-Шығыс Азия, Қытай, Үндістан жолаушыларының Қазақстан арқылы өтуі болып отыр. Осы ретте «Эйр Астана» компаниясы әуе кемелері паркін кеңейтуді жоспарлауда.
2020 жылға дейін Эйрбас 320 үлгісіндегі 11 әуе кемесін, 2019 жылға дейін ұзақмагистральды екі Боинг 787 ұшағын жеткізу жоспарлануда», деді Қасымбек.
Үкімет отырысынан белгілі болғанындай, Қазақстаннан Прага, Вена, Варшаваға әуе бағдарлары ашылады.
Министрдің айтуынша, бүгінгі күні Астана 25 халықаралық бағдар бойынша 16 елмен тікелей әуе байланысы орнатылған. Оның ішінде Франкфурт, Лондон, Дубай, Гонконг, Сеул сынды 5 халықаралық қаржы орталығы да бар. Жалпы, бір аптада елорда әуежайынан 415 рейс орындалады. Оның 126-сы халықаралық, ал 289-ы ішкі бағдарлар.
«ЭКСПО-2017-ге» дайындық үшін «ашық әуе» және Астана әуежайында күнделікті рейстерге шектеулерді алып тастау бойынша ілкі жобаларды іске қосу жоспарлануда. Прага, Хельсинки, Вена, Варшава, Будапешт сынды 8 жаңа бағыт ашылады деп күтілуде», - деді Қасымбек.
Оның сөзіне қарағанда, 2012 жылы ішкі авиатасымалдау нарығы толығымен ырықталған. Қазіргі уақытта 6 әуе компаниясы 39 бағдар бойынша ішкі рейстерді орындайды. Ішкі бағдарлар субсидияланады. Ағымдағы жылы туризмді дамыту мақсатында Алматы мен Астанадан Балқашқа, Алматыдан Үржарға және Ақтаудан Көкшетауға әуе рейсі ашылған. Келесі жазғы маусымда Астанадан Үржарға, Алматы мен Астанадан Үшаралға әуе рейсін ашу көзделіп отыр.
Тағы бір жаңалық, Қазақстан әуе компаниялары үшін Еуропаға ұшуға шектеу алынуы мүмкін.
«Ұшулар қауіпсіздігінің лайықты деңгейін қамтамасыз ету мақсатында ИКАО-мен жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл басында ИКАО-ның валидациялық миссиясы жүргізіліп, қорытындысында ИКАО талаптарына сәйкестік деңгейі 65-тен 74 пайызға дейін өсті. Орташа еуропалық деңгей - 76 пайыз», - деді Жеңіс Қасымбек.
Министрдің айтуынша, отандық авиакомпанияларды Еуропалық одақтың қауіпсіздік тізімінен шығару мәселесі бойынша 2016 жылдың қыркүйегінде Еуропалық комиссиямен елімізде ұшулар қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейіне техникалық бағалау жүргізілген.
«23 қарашада Брюссельде Азаматтық авиация комитеті Қазақстандағы ұшулар қауіпсіздігінің жай-күйі туралы есебін ұсынатын болады. Оның қорытындысында Қазақстан авиакомпанияларына Еуропаға ұшу шектеулерін алу туралы шешім қабылданады», - деді Қасымбек.
Үкімет отырысы барысында талқыланған екінші тақырып, жер қойнауын пайдалану саласына қатысты болды.
ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің сөзінше, 2017 жылы Парламенттің қарауына Жер қойнауы туралы Кодекстің жобасы енгізіледі.
«Геологиялық барлауға инвестиция тарту үшін болашақта біз инвестициялық нарықта бәсекелесу мүмкіндігіне ие болып, қажетті тартымды жағдайды құруымыз қажет. Ол үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) белсенді ынтымақтасудамыз, осы ретте тиісті зерттеулерді жүргізудеміз. ЭЫДҰ талдауы назар аударатын ең өзекті проблемалық аймақтарды анықтады. Бұл проблема заңнамалық негізбен, нормативті-құқықтық базамен, геологиялық ақпараттың сапасымен және қолжетімділігімен, сондай-ақ басқа да өзекті мәселелермен байланысты. Аталған ұйым ұсыныстарын орындау мен «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексті қабылдау Қазақстаннның инвестициялық тартымдылығын жақсартады»,-деді Ж. Қасымбек.
Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселелерді шешу үшін қолданыстағы заңнаманы реформалай отырып, жеке инвесторлар үшін тартымды жағдайды жасау қадамы ескеріліп отыр. Екіншіден, геологиялық барлау жұмыстарының ең бастапқы кезеңдерінде мемлекеттік қаржыландыруды арттыру, үшіншіден, соңғы буынды технологияларды пайдалану арқылы барлау жұмыстарының сапасын көтеру секілді шаралар қамтылып отыр.
Министрдің айтуынша, аталған Кодексті қабылдау Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы рейтингін арттыруға, өндіру көлемін 10-13 пайызға және ІЖӨ-нің 2-2,5 пайызға өсуін қамтамасыз етпек.
«Кодекс жобасын Мәжіліске 2017 жылдың маусымында енгізу жоспарланып отыр»,-деді Ж. Қасымбек. Белгілі болғандай, заң жобасы 2018 жылдан күшіне енеді деп жоспарлануда.
Министрдің айтуынша, соңғы он жылда елімізге тартылған инвестицияның жартысынан астамы тау-кен және мұнай-газ секторына бағытталды.
«Соңғы 10 жылда елімізге 230 млрд. АҚШ долларынан астам инвестиция тартылды. Оның 60 пайыздан астамы, яғни 132,6 млрд. доллары тау-кен және мұнай-газ секторына бағытталды»,-деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, еліміздің қазіргі геологиялық әлеуеті негізінен кеңестік кезеңде перспективалы аумақтардағы жүйелі түрде геологиялық зерттеулердің арқасында қалыптасты. Қазіргі уақытта 90 пайыздан астам ашық кен орындарын жеке инвесторлар игеруде. Қазақстанда жер қойнауын пайдалану бойынша 866 келісімшарт қолданыста (кеңінен таралған пайдалы қазбаларсыз), соның ішінде қатты пайдалы қазбалар бойынша - 484, көмірсутекті шикізат -214, жерасты сулары бойынша -168.
«Осы кен орындарының барлығы мемлекетке кіріс әкеліп, халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Келешектегі мақсатымыз жаңа перспективалы кен орындарын ашуға негізделген. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылында жаңа кен орындарын ашу бағытында көптеген жұмыстар атқарды.Тәуелсіздік жылдары бұрын зерттелген алаңдарда инвесторлармен жүйелі жұмыстың нәтижесінде мынадай кен орындарына барлау жүргізіліп, алғаш рет мемлекеттік балансқа қойылды: 119 көмірсутекті шикізат, 94 алтын, 14 мыс, 19 марганец кені, 16 темір кені және 4 полиметал кен орны»,-деді Ж. Қасымбек.
Оның айтуынша, бұрын зерттелген кен орындарының шикізат қоры көбейді. Ақмола облысындағы Васильковск және тағы бірқатар кен орындарының қорлары еселеп арта түсті.
Осы сұрақтан соң, ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев Үкіметтің жұмыс жоспарын жария етті.
Оның хабарлауынша, Үкімет 2017 жылы 33 заң жобасын әзірлеп, Парламент қарауына енгізбек.
«Әділет министрлігі «Құқықтық актілер туралы» заңға және Үкімет регламентінің талаптарына сәйкес, Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2017 жылға арналған жоспарын әзірледі. Жоспар жобасында 2017 жылы 33 заң жобасын әзірлеу және Парламентке енгізу көзделеді. Бірінші тоқсанда Үкіметке - 10, екінші тоқсанда - 9, үшінші тоқсанда - 20, ал төртінші тоқсанда 4 заң жобасын енгізу қарастырылуда», - деді министр.
Оның айтуынша, заң жобаларын Парламент Мәжілісінің қарауына 2017 жылдың екінші тоқсанына бастап енгізу жоспарланған. Атап айтқанда, келесі жылдың 1 жартыжылдығында Мәжіліске 15 заң жобасы енгізілетін болады. Қалған 18 заң жобасы тиісінше үшінші және төртінші тоқсанда енгізіледі.
«Жоспар жобасын дайындау кезінде Мемлекет басшысы мен Үкімет басшысының тапсырмалары және заң шығару жұмысының 2016-2021 жылдарға арналған тұжырымдамалық жоспарының ережелері ескерілді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында 12 заң жобасы, ал Үкімет басшысының тапсырмалары негізінде 4 заң жобасы әзірленетін болады. Мәселен, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру мақсатында жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейтуді, жан басына қаржыландыруды енгізуді, мемлекетке тән емес қызметтерді бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттеуші ұйымдарға беруді қарастыратын заң жобалары бар»,- деді Бекетаев.
Осы аптада ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Бішкекке ШЫҰ мүше мемлекеттерінің үкімет басшылары кеңесінің 15-ші мерейтойлық отырысына қатысты.
Онда Үкімет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымының еркін сауда аймағы - келешегі бар өзара тиімді жоба екендігін атап өтті.
«15 жылда ШЫҰ жұмысында елеулі нәтижелерге қол жеткіздік. ШЫҰ еркін сауда аймағы - келешегі бар өзара тиімді жоба болар еді. Ішкі экономикалық байланыстарды кеңейту мен аймақтық экономикалық өзара қарым-қатынасты нығайтуды есепке алып, ұйымға мүше мемлекеттердің, бақылаушы мемлекеттердің және диалог бойынша серіктестердің өзара мүдделерін үйлестіре отырып, бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керек», - деп атап өтті Б.Сағынтаев.
Жиыннан кейін, Бақытжан Сағынтаев Бішкекте «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында Қырғыз Республикасы Премьер-Министрінің міндетін атқарушы Сооронбай Жээнбековпен екіжақты кездесу өткізді.
Тараптар ынтымақтастық перспективаларын талқылады, атап айтқанда, сауда-экономикалық әріптестік, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелері, көлік, өнеркәсіп, энергетика саласындағы бірлескен жобалар сөз болды. Екіжақты келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, техникалық қауіпсіздік, темір жол тасымалдарына тарифтерді бірдейлендіру, Қазақстан тарапынан «ЕАЭО-ға Қырғызстанның қосылуы бойынша жол картасы» аясында 100 млн доллар көлемінде қаржылай көмек бөлу бойынша үкіметаралық келісімдер.
Бұдан соң, Сағынтаев Ауғанстан Ислам Республикасының Атқарушы билігінің басшысы Абдулла Абдулламен кездесті.
Тараптар сауда-экономикалық, гуманитарлық салалардағы және өңірлік қауіпсіздіктегі екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Мәлім болғандай, Қазақстан Ауғанстанға практикалық қолдау көрсетуді жалғастырып келеді. Атап айтқанда, Қазақстан трансшекаралық темір жол желілерін кеңейту, CASA-1000 электр энергиясын өткізудің жоғарғы вольтті желілері және Орталық Азия елдерінен оңтүстік бағыттағы құбыр желісі жобаларын қоса алғанда Ауғанстанның қатысуымен өңірлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бастамаларды ілгерілетуге жәрдемдесуде.
Бұдан өзге, Қазақстан Ауғанстанға екіжақты және көпжақты деңгейде техникалық және гуманитарлық көмек көрсетуде.
Қазіргі уақытта қазақстандық оқу орындарында бейбіт мамандықтар бойынша жоғары және орта кәсіптік-техникалық білім алу мүмкіндігі 994 ауған студентіне берілді.
ҚР Үкіметі Ауғанстанда мектептер, ауруханалар және жолдар салуға 2,3 млн доллар бөлді. Жалпы 17 млн доллардан астам сомаға 20 мың тоннаға жуық азық-түлік көлемінде гуманитарлық жеткізілімдер жүзеге асырылды.
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретінде өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мүдделердің ортақтығын ескере отырып, Ауғанстан Ислам Республикасының қатысуымен жанжалдарды реттеу және алдын алу мәселелеріне белсенді қатысады.
Бүгінде Қазақстан ШЫҰ төрағасы болып табылады, ал 2017 жылдың 8-9 маусымында Астанада ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының Саммиті өтеді. Қазақстан Республикасының төрағалық етуші мемлекет ретіндегі саяси іс-қимылдары экономикалық және мәдени ынтымақтастық пен қауіпсіздік мәселелерінен тұратын, Ұйым аясындағы көпжақты өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын теңдестірілген түрде дамытуға бағытталған.
Естеріңізге салайық, 2001 жылы негізі қаланған Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қазақстан, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан кіреді.