Қазақстан цифрлық хабқа қалай айналып жатыр?
АСТАНА. KAZINFORM – Ғылымда жаңа технология пайда болғанда оны ойлап тапқандар мен тез арада өндіріске қоса алғандар озатыны бүгінде жаңалық емес. Цифрландыру және жасанды интеллектіні жаппай қолданысқа енгізу дәуірінде де бұл заңдылық өз күшін жоймайды. Ал бұл жарыста Қазақстан қай межеде келе жатыр? Елімізде заманауи технологиялар қалай енгізіліп жатыр? Қандай цифрлық стартап-жобалар бар? Jibek Joly телеарнасының арнайы репортажында тілшілер осы сауалдарға жауап іздеп көрді.

Каспий түбімен кабель тарту: тұтынушыдан тасымалдаушыға айналу бастамасы
Қазақстан ғаламдық интернет желісіне негізінен ресейлік компаниялардың инфрақұрылымы арқылы қол жеткізіп отырғаны басы ашық мәлімет. Нақты айтқанда елімізде тұтынылатын интернет трафигінің 95 пайызына жуығы осы ел арқылы келеді. Бұл өз кезегінде ақпараттық тәуелділік қаупін арттырады және ақпараттық кеңістік саласында дербес саясат қалыптастыруға кедергі келтіреді.
Қазіргі таңда Қазақстан спутник арқылы интернет тарату қызметін кеңінен енгізе бастады. Мәселен 13 тамыздан бастап елімізде Starlink ресми түрде іске қосылды. Одан бөлек дәстүрлі интернет жеткізу желілеріне балама нұсқалар жасау арқылы бұл саладағы ахуал реттелмек. Соның нақты мысалы – Каспий теңізінің түбімен ұзындығы 380 километрге жуық талшықты-оптикалық интернет кабелін тарту жобасы.
Секундына 400 терабитке дейін дерек тасымалдауға қауқарлы бұл магистраль Қазақстанды келешекте интернет трафигін тасымалдаушы транзиттік хабқа айналдырмақ. Осылайша еліміз Шығыс пен Батысты цифрлық көпір арқылы байланыстыратын маңызды ойыншыға айналады.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Әзербайжан қазір теңіз түбін зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жоба 2026 жылы толық аяқталады деп жоспарланған.

- Биыл наурыз айында біз AzerTelecom және жобаға тартылған мердігерлермен бірге алдын ала зерттеу және жағалау маңындағы жерүсті жұмыстарын жүргіздік. Бұл зерттеулер Ақтау мен Сумгаит аймақтарында жағалаулық құдықтар мен кабель түсетін станцияларды орналастыратын тиімді орындарды анықтауға мүмкіндік берді. Енді арнайы жабдықталған кемелердің көмегімен теңіз түбін зерттеу кезеңін бастадық. Бұл кезеңнен кейін біз кабельді дайындау, оны тасымалдау және Каспий теңізінің түбіне төсеу жұмыстарына көшеміз, – дейді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин.
Талшықты-оптикалық интернет кабелін тартудың Қазақстанға тигізер пайдасы орасан зор. Біріншіден, интернет сапасы мен жылдамдығы артады. Салынатын кабельдің өткізу қабілеті секундына 400 терабит екенін жоғарыда айттық, бұл 4K (немесе Ultra HD (UHD)) сападағы шамамен 100 гигабайттық фильмді небәрі 2 миллисекундта тартады. Тіпті YouTube-тағы бүкіл видеоны бірнеше сағатта жүктеуге болады деген сөз.
Екіншіден, еліміз цифрлық хабқа айналады. Бұл жоба Қазақстанды тек тұтынушы емес, транзиттік мемлекетке айналдырады. Азиядан Еуропаға ағылатын мәлімет ағыны біздің ел арқылы өтеді.
Үшіншіден, экономикалық пайда әкеледі. Ақпарат тасымалынан табыс түседі, шетелдік инвестиция келеді, жаңа IT жобалар мен жұмыс орындары ашылады.
Төртіншіден, ұлттық қауіпсіздік пен цифрлық дербестік күшейеді. Бұл кабель арқылы Қазақстан өзінің тәуелсіз интернет маршрутына ие болады.
- Интернет бізге қазір көбіне Ресей Федерациясы арқылы келеді. Жалпы Еуропа мен Азияның арасында ақпараттық деректерді алмасуда, жөнелтуде біздің үлес 1,5%-ды ғана құрап тұр. Біз осы жобаны жүзеге асырғаннан кейін бұл көрсеткішті 5%-ке көтермекшіміз. Жалпы жоба 2026 жылдың соңында жүзеге асырылып, біздің еліміз арқылы алғашқы деректер өтетін болады, – дейді Телекоммуникациялар комитетінің басқарма басшысы Азамат Серіктаев.

Теміржол желісін цифрландыру: барлық ақпарат жазылып отырады
Бүгінде теміржол тасымалы саласында жылдамдық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар Smart жүйелер енгізіліп жатыр. Олардың ішінде жол жағдайына мониторинг жүргізетін, көлік инфрақұрылымын басқаруға арналған бірқатар цифрлық платформалар бар.
- Бұл — Автоматтандырылған теміржол көлігінің басқару жүйесі. Бұнда осы локомотивті қабылдау, вагондарды тіркеу, вагондарды қайтадан ағыту, жүру уақыты, тоқтаған уақыт — барлығы жазылады. Барлық ақпарат басқару орталығына жіберіліп отырады, – дейді машинист-нұсқаушы Абай Әбілжанов.
Теміржол желісін цифрландыру үшін ескі локомотивтер мен вагондардың барлығын ауыстырудың қажеті жоқ. Тек оларға арнайы датчиктер мен сенсорлар орнатылады. Сәйкесінше, осы құрылғылар қозғалыс, температура, тозу деңгейі сияқты мәліметтерді жинап, орталыққа жібереді.
– Теміржол көлігі рельстер мен шпалдан басталды, сондықтан цифрландыру да дәл осы негіз бойынша жүруі тиіс. Себебі рельстерден жоғарыда жатқан барлық нәрсені цифрландыру аса қиын емес. Қазіргі заманғы локомотив модельдері өздері цифрлық ақпаратпен жабдықталған. Дегенмен, инфрақұрылымды цифрландыру — осы процесті әріқарай дамытудың басты шарты. Бүгінгі таңда біз өз жүйеміз негізінде бұл мәселені көріп отырмыз. Қай бағытта дамытсақ та, біз теміржол магистралды желісін цифрландыруға келіп тірелеміз. Сондықтан ең алдымен осыны қолға алу қажет, – дейді теміржол сарапшысы Мұрат Бекмағанбетов.
Әскерге шақырылатын жастарды жасанды интеллект іріктейді
Еліміздегі ірі цифрлық шешімдерді таныстыру алаңы ретінде танылған Digital Almaty форумында жасанды интеллект енгізілген жобалар таныстырылды. Соның бірі — Defence tech.

– Қазір біз өзіміздің ақпараттық жүйемізді құрып, оны басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялап, кімнің әскерден босатылу мүмкіндігі бар екенін анықтап отырмыз. Бұлар негізінен студенттер, жылына шамамен 700 мың студент әскерден босатылады. Одан бөлек науқастар, одан бөлек үйленген бала-шағасы бар азаматтар, оларды біз бөлек категорияға ақпараттық жүйеде іріктеп, студенттерге смс жолдаған болатынбыз.
Біздің мемлекеттік қызмет көрсетуімізді проактивті жүйеге ауыстырып жатырмыз. Атап айтқанда азаматтың арызынсыз оны әскерден босату мүмкін болды. Мекенжайын ауыстырған кезде оны әскери комиссариаттардың автоматты түрде тіркеуі, жұмысқа орналасқанда бізге келмей-ақ, кадр басқармалары ақпараттық жүйені базадан алу мүмкіндігін жасадық. Осылайша, тек қана осы бір процесті проактивті түрге ауыстырғанның арқасында қазір мемлекет 1 млрд теңгеден астам қаржыны үнемдеп отыр, – дейді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев.
Спикердің айтуынша, қазіргі таңда осындай бастамалардың арқасында 17 жастағы бозбалалар әскери тіркеуге тұру үшін ешқайда барудың керегі жоқ, бәрі онлайн форматта автоматты түрде жасалады.
Одан бөлек, елімізде енді әскерге шақырылатын жастарды жасанды интеллект іріктейді. Электрондық базаға енгізілген азаматтардың білімі, бойы, салмағы, отбасылық жағдайы сынды мәліметтер сарбаздың қандай әскер түріне жарайтынын анықтауға мүмкіндік бермек.
– Барлық мемлекеттік жүйелерден келіп жатқан деректерден жасанды интеллект олардың қай салада, қай әскер түріне жарайтынын анықтап отырады. Денсаулығы, бойы, көзінің көруі, құлағының естуі, қай жаққа қабілеті бары секілді мәліметтерді есептей отырып, жасанды интеллект қазіргі комиссияға ұсыныс береді. Ары қарай комиссия өздері шешім қабылдайды.
Мысалы десант-шабуылдаушы әскер сапына қабылдануы үшін бойы ұзын болуы керек, денсаулығы жақсы болуы керек деген сияқты. Ал байланыс саласы мамандықтарына, бөлімдерге жіберетін болсақ, ол жақта есту қабілеті жақсы болуы керек. Бұл қазір тестілеуден өткізіліп жатыр, жақын арада іске қосамыз деп үміттеніп отырмыз, - дейді ҚР ҚМ Ақпараттық технологиялар департаментінің бастығы Бекжан Мырзағалиев.
Агродрон – зиянкестермен күресте таптырмас құрал
Цифрлық технологияның көмегімен егістік алқабын аспаннан бақылауға да, басқаруға да болады. Мәселен агродрон тыңайтқыш пен пестицидті жылдам себуге мүмкіндік береді. Ал Қазақстанда мұндай ақылды агрошешімдерге сұраныс жыл санап артып келеді.

- 2024 жылдың желтоқсан айында республика бойынша 46 дрон алынды. Биыл шегірткеге қарсы бірінші рет қолданылды. Әрине тиімділігі өте жақсы. 90 пайыз үнемді және ой-қыратты жерлерде, трактор, техника жүрмейтін жерге өте тиімді. Өңірлер бойынша, бізде ең көбі Қостанай облысында — 16 дрон. Қалған облыстарға 3-4 дроннан бөлінді, – дейді “Фитосанитария” РМК Агротехникалық бөлімінің бас маманы Нұрбек Муштарбеков.
Ал дрон операторы Еркебұлан Созақбайдың айтуынша, заманауи құрылғының бірқатар артықшылығы бар.

- Бұл дрон екі аккумулятормен жабдықталған. Бір аккумулятор жұмыс істеп жатқан кезде, екіншісі қуатталып тұрады. Дронның багы 45 литр, оны 7-8 минутта егістікке сеуіп келеді. Ал екінші аккумулятор жұмысқа дайын тұрады. Соның арқасында үздіксіз жұмыс істей беруге болады. Дронның алдыңғы жағында екі өте қуатты шамы бар, соның арқасында түн уақытында да жұмыс істеуге болады. Сонымен қатар, дронның өзінің Лидар (LiDAR) жүйесі бар. Ол қараңғы кезде де алдындағы кедергіні анықтап, оған соғылмайды. Қазірге дейін бүкіл Қазақстан бойынша 52 500-ге жуық гектар аумаққа шегірткеге қарсы дәрі себілді, – деді ол.
Төтенше жағдайдағы бірлескен әрекет: Бірыңғай радиожелі құрылады

2023 жылғы Абай облысындағы алапат өрт кезінде де, берідегі су тасқыны кезінде де азаматтық қорғаныс салаларының үні бір арнадан шықпады. Бұл өз кезегінде құтқару жұмыстарының тиімді атқарылуын тежеді. Сондықтан бүгінде Төтенше жағдайлар мен Ішкі істер министрлігі бірыңғай радиожеліге өтіп жатыр. Бұл қадам өрт, су тасқыны және өзге де апатты жағдайлар кезінде жедел құтқару қызметтерінің шапшаң әрекет етуіне ықпал етпек.
– Бұл радиожеліге болашақта біз 10 шақты қызметті енгізетін боламыз. Оның ішінде жедел жәрдем, автожол қызметтері, орманмен жұмыс істейтін қызметтер және полиция қызметі болады. Бұл қызметтердің барлығы жедел ақпаратты бізге жеткізеді. Қазіргі кезде Қазақстан бойынша 20 аумақтың 13 аумағы бұл жүйеге енгізілді, – дейді ҚР ТЖМ Байланыс торабы Жылжымалы басқару басқармасының бастығы Әділхан Наурызбай.
ҚР ТЖМ Ақпараттандыру, цифрландыру және байланыс департаментінің бас маманы Руслан Сеитовтің айтуынша, бұл бірыңғай радиожелі тек төтенше жағдай кезінде ғана емес, бейбіт күндегі шұғыл жағдайларда да пайдасын тигізе алады.

- Бұл жүйені басқа да мемлекеттік органдар күнделікті жұмыс барысында пайдалана алады. Мысалы, ауыр науқасы бар жедел жәрдем тобы жолға шыққанда осы радиожелінің көмегімен жол-патрульдік қызметтермен жылдам байланыс орнап, кептеліс кезінде «жасыл дәліз» жасауға мүмкіндік туады. Бұл науқасты ауруханаға дер кезінде жеткізіп, адам өмірін сақтап қалуға ықпал етеді, – дейді ол.
ЖИ медицинада: Аутист баланың алғашқы айтқан сөзі “мама” емес, “робот” болды

Жасанды интеллект бүгінде білім беру саласына тың серпін беріп отыр. Әсіресе студенттер мен ғалымдар оны медицина бағытындағы ғылыми жобаларға тиімді пайдалана бастаған. Мәселен ауруды ерте диагностикалау, емдеу әдістерін модельдеу секілді күрделі процестер енді ЖИ-дің арқасында жеңілдей түспек.
– Біздің жүйе онкоагент сияқты жұмыс істейді, яғни дәрігер, онколог КТ, МРТ суреттерді алады және осы суреттер бойынша адамның 3Д кейпіндегі анатомиясы пайда болады. Осы арқылы хирургиялық араласусыз алдын ала, өкпе обыры болсын, басқасы болсын, оның қай жерде екенін табамыз. Бұл биопсияны тезірек жасауға көмектеседі.
Қазіргі таңда бізде тек қана 2 шынайы науқас бар, оларды қазіргі таңда тексеріп жатырмыз. Одан бөлек 40-тан астам симуляциялық кейстер бар, яғни біз дайын деректерді алып, оларды біздің жобамен салыстырдық. Орта есеппен алған кезде біздің жобаның растау деңгейі, яғни ерте кезде анықтауы 82 пайызға жетіп тұр, – дейді стартапер Асылжан Абдуллаев.

Одан бөлек, аутизм диагнозы қойылған балаларды жасанды интеллектіге негізделген робот терапиясы арқылы емдеу тәсілі енгізілді. Жаңа оңалту әдістемесін отандық ғалым Анар Сандығұлова ойлап тапқан. Маманның айтуынша, робот адамның көзіне тіке қарай алмайтын балалардың назарын өзіне аударады. Осылайша, баланы адамдармен бетпе-бет сөйлесуге машықтайды. Әрі робот 3 тілде еркін сайрап тұр.
- Аутизм диагнозы қойылған балалардың көзбен түсінісу қабілеті нашар дамыған. Сол тұрғыдан алғанда робот өте тиімді тәлімгер. Бізде бір қыз болды, жеті жасқа келгенше туған анасының көзіне қарап көрмеген. Роботпен 2-3 рет сабақ өткеннен кейін анасының көзіне қарайтын болған. Сондағы ананың қуанышын көрсеңіз ғой. «Балама не істеп едіңдер? Жеті жылда бірінші рет көзіме тура қарады ғой» деп қуанғанда бойымыздан ток жүріп өткендей күй кештік.
Тілі шықпай жүрген балалардың роботпен сабақ өткеннен кейін сөйлей бастаған сәттері көп. Тіпті 6 жасында өмірінде алғаш айтқан сөзі «робот» болған бала болды. «Мама», «папа», «ата» емес, «робот» деп бастаған, – дейді Инженер, NU қауымдастырылған профессоры Анар Сандығұлова.

Ғалым бүгінде еңбегіне авторлық құқық рәсімдеп үлгерген. Оның жобасы 2023 жылы Швецияда өткен халықаралық конференцияда жоғары бағаланып, енді АҚШ пен Еуроодақтан патент алмақшы.
- Бір робот Ақтауға жөнелтіледі. Жалпы ел бойынша қазір 7 орталықта осындай роботтар бар. Әр роботтың жүзіне камера орнатылған. Ол арқылы баланың роботпен өткен сабақта нені игеріп, неге машықтанғанын күнбе-күн біліп отыруға болады. Ол үшін арнайы интернет порталымыз бар. Сол жерден баланың сабақ кезінде неше рет көзбен түсініскенін, неше рет көзін басқа жаққа аударып әкеткенін, неше рет жымиғанын, бәрін сараптап, талдап береді.
Соның негізінде «сабақтың 70 пайызында баланың жүзінде жымию белгісі болды» немесе «бала сабаққа 80 пайыз ден қойды» деген сияқты нақты статистика шығады. Маман осы статистикалық кесте арқылы баланың даму қарқынын, сабақты меңгеру көрсеткішін нақты түсіне алады, - дейді Анар Сандығұлова.

Қазақ жанын түсінетін ЖИ - “Бейнеле” модулі
Қазақша сайраған робот сияқты, жасанды интеллектіге негізделген модульдерді де ұлттық құндылықтарымызға сай жаңғыртуға болады. Бұл маңызды миссияны Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының мамандары мықтап қолға алған. Мәселен, қазақы дүниетанымға сай, барынша шынайы суреттерді құрастыратын «Бейнеле» модулін жасаған.
- Дүниежүзінде көптеген image generator-лар бар. GPT, MidJourney деген бар, GeminAI деген бар. Олардың бәрі жақсы имейдждар шығарады. Бірақ біз Қазақстанға қатысты контенттерді шығарайық десек, бірдеме жетпей тұрғанын байқаймыз. Мысалы біздің дәстүрлі асымыз - етті шығарайық десек, олар істей алмайды. Қанша нақты жазсаңыз да олар “бешбармақ” деген нақты қандай зат екенін түсінбейді.
Сондықтан біз өзіміздің Қазақстанға сай келетін, қазақи, қазақтың салт-дәстүрін, тарихын түсінетін модуль істесек деп ойладық. Біздің модульдің ең басты артықшылығы осында. Қазақи жазуларды да шығара алады. Суреттің ішінде, бір торттың үстінде туған күніңізбен деген жазу болса, қазақ тілінде жаза алады. Оны басқа модульдер ағылшын тілінде жаза алатын шығар, бірақ қазақша жаза алмайды, – дейді Data scientist Нартай.

Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының бас директоры Хусейн Атакан Варол бұны маңызы терең жетістік деп санайды.
- Бұл тек технологиялық жетістік қана емес, сонымен бірге мәдени маңызы бар жетістік. Қазақстан өз халқы үшін, өз тілінде және өз ережелерімен озық интеллектуалды жүйелерді жасай алатынын дәлелдеп отыр. Бұл қазақстандық зерттеушілердің, инженерлер мен деректер саласындағы мамандардың талантының арқасында жүзеге асып отыр, – дейді ол.
ЭКСПО ғимараты “болашақ технологиясының” алтын ұясына айналады

Ал «ЭКСПО-2017» символына айналған сфера пішіндес ғимарат енді жасанды интеллектінің жаңа дәуіріне қызмет етпек. Мұнда Alem AI халықаралық орталығы құрылып жатыр. Жоба аясында мемлекеттік басқаруда ЖИ қолданылатын AI Government, ғылыми-зерттеу зертханалары, стартаптарға арналған AI кампус ашылады. Сонымен қатар, Tomorrow School сияқты жаңа буын мектептері жұмыс істейді.
– Бұл орталықта осы ЖИ бойынша инвестициялар тарту және стартаптарды қолдау үшін арналған орталық десе болады. Жыл сайын осы ЖИ саласында мыңдаған маман даярлайды және жүздеген стартапқа, ондаған ғылыми жобаға қолдау білдіреді, – дейді ҚР ЦДИАӨМ Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитетінің сарапшысы Бақберген Шәріпбек.