Қазақстан цифрлық инфрақұрылымды дамытудың жаңа кезеңіне қадам басты – вице-министр

ЕРЕВАН. KAZINFORM – Қазақстан цифрлық инфрақұрылымды дамытудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл туралы Ереванда өткен Digitec-2026 конференциясына қатысқан ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.

п
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Сөз басында вице-министр елімізде барлық салаға технологиялық шешімдерді енгізу арқылы өнімділік пен тиімділікті арттыруға басымдық беріліп жатқанын атап өтті.

- Қазақстан аумағы жағынан әлемдегі ірі мемлекеттердің бірі әрі табиғи ресурстарға бай ел. Энергетикалық әлеуетіміз де жоғары. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану – алдымызда тұрған маңызды міндеттердің бірі. Бүгінде біз цифрлық инфрақұрылымды дамытудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Атап айтқанда, 2025 жылы Орталық Азиядағы ең ірі екі суперкомпьютерді іске қостық. Оның бірі біздің министрліктің басқаруында. Ол әлемдегі ең қуатты 500 суперкомпьютердің рейтингісінде 86-орында. Екінші суперкомпьютер ұлттық операторымыз – «Қазақтелеком» компаниясының басқаруында, - деді ведомство өкілі.

а
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Бұл ретте осы жылдың соңына дейін үшінші суперкомпьютерді іске қосу жоспарланып отыр.

- Бұл суперкомпьютер еліміздің ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған. Себебі бізде мемлекеттік цифрлық платформа жұмыс істейді. Бүгінде бұл платформа әлемдік рейтингте алғашқы тоғыздықтың қатарында және 1300-ден астам мемлекеттік қызметті онлайн форматта ұсынады. Сонымен қатар біз осы қызметтерді трансформациялауымыз қажет. Мәселен, бұрын азаматтар қажетті қызметтерді алу үшін веб-порталдарға немесе мобильді қосымшаларға өздері тіркеліп, қажетті ақпаратты енгізуге мәжбүр болатын. Ал бүгінде біз мемлекеттік қызметтерді проактивті форматқа көшіріп жатырмыз. Яғни, тұрғындар өздері өтініш бермей-ақ, қажетті мемлекеттік қызметтерді алдын ала алуына мүмкіндік беретін жүйені қалыптастырып жатырмыз, - деді Бахтияр Мұхаметқалиев.

Конференция барысында вице-министр аталған салада армян тарапымен ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін мәлімдеді. Оның пікірінше, бұл бағытта табысты ықпалдастық орнату үшін алдымен берік негіз қалыптастыру маңызды.

ч
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Айта кетейік, 20-22 қараша аралығында Ереванда Digitec-2026 конференциясы мен көрмесі өтті. Ауқымды іс-шараға шет мемлекеттерден 30 мыңнан астам адам, 220-ға жуық компания қатысты. Сала сарапшылары жасанды интеллектіні дамыту мен оны түрлі секторларға тиімді енгізу тақырыптарында пікір алмасып, бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылауда.