Қазақстан туының биікте желбірегенін армандаймын — гимнаст Ақмарал Ерекешева

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық жас гимнаст Ақмарал Ерекешева көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында елімізге екі алтын медаль сыйлап, тарихта алғаш рет чемпион атанды. Ол жеңістен кейінгі әсерімен, армандарымен және алдағы спорттық мақсаттарымен Kazinform агенттігінің тілшісімен бөлісті.

п
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

— Ақмарал, сіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы атандыңыз. Сол сәттегі сезіміңіз есіңізде ме?

— Оны сөзбен жеткізу қиын, керемет сезімдер болды. Алғашында бәрі түс сияқты көрінді. Чемпион екенімді естігенде ойыма ең бірінші келгені: «Біз мұны жасадық!» деген ой болды. Қуаныш, мақтаныш, толқу — бәрі бір сәтте келді. Ең бастысы — мен тек медаль ұтып қана қоймай, елім үшін маңызды қадам жасағанымды сезіндім. Бұл сәт менің жүрегімде мәңгі қалады.

— Гимнастикаға қалай келдіңіз?

— Мені төрт жасымда анам Астанадағы гимнастика залына алып келді. Сол кезден бері менімен бірге келе жатқан алғашқы және қазіргі жаттықтырушым — Балғынбаева Меруерт Төлегенқызы. Ол маған алғашқы күннен сенім артты, сол сенім ешқашан сөнген жоқ. Оның арқасында мен гимнастиканы жан-тәніммен жақсы көріп, бар күшімді салып еңбек етуді үйрендім. Ол — менің ұстазым, тәлімгерім, барлық жетістігім үшін оған шексіз ризамын.

— Софиядағы әлем чемпионатына дайындық қалай өтті?

— Бұл өте қиын кезең болды. Күн сайын тынымсыз дайындық жасап, әр қимылды қайталап жаттықтық. Элементтер, бұрылыстар, әр қимылдың сұлулығына мән бердік. Кейде қатты шаршап, кей нәрсе шықпай қалып жүрді. Бірақ не үшін тырысып жүргенімді жақсы білдім. Ең маңыздысы — қолдау. Жаттықтырушым әрдайым жанымда болып, сенімімді күшейтіп, дұрыс көңіл-күй сыйлай алды. Сол себепті жарысқа сенімділікпен шықтым.

— Айтылмай келген арманыңыз бар ма?

— Енді айтуға болады деп ойлаймын. Мен әрбір өнер көрсетуімде Қазақстан туы биікте желбірей берсе екен деп армандаймын. Елімді әдемі, таза, лайықты өнеріммен қуантқым келеді. Әрине, бұл менің соңғы алтындарым болмаса екен деп те армандаймын.

— Сізді гимнастикада кімдер шабыттандырады? Сүйікті спортшыңыз бар ма?

— Маған көптеген гимнаст қыздар шабыт сыйлайды, әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Бірақ Германиядан Дарья Варфоломеев маған ерекше жақын. Оның техникасы, қимылдарының тазалығы және кілемде өз-өзіне сенімділігіне тәнтімін. Оның өнерінен күш, тыныштық пен сұлулық сезіледі. Мен де сол сияқты тұрақты, мықты, таза өнер көрсетуге ұмтыламын.

— Залда ең қиын күнді еске түсіріңізші. Қалай еңсердіңіз?

— Мұндай сәттер әр гимнастың басынан өтеді. Кейде бәрі қолыңнан келмей, күшің сарқылғандай болады. Ондайда қасыңдағы адамдардың қолдауы аса маңызды. Жаттықтырушым әрдайым дұрыс сөз таба білді. Ол мені жігерлендіріп, сенімін көрсетті. Сол арқылы өзімді жинап, ары қарай еңбек етуге күш салдым. Осындай қиын сәттерде команданың, сенімнің маңызы ерекше екенін түсінесің.

— Спорттан тыс немен әуестенесіз? Қайдан күш-қуат жинайсыз?

— Сурет салғанды қатты ұнатамын. Қалам немесе қарындашты қолға алған сәтте тынышталып, ойым бөлініп, өзімді табамын. Кейде кілемде сезінгенімді қағазға түсіремін немесе өнеріме арналған образдар ойлап табамын.

— Оқу мен спортты қатар алып жүру қиын емес пе?

— Иә, екеуін бірге алып жүру оңай емес. Жаттығудан кейін демалғың келеді, бірақ барлығын алдын ала жоспарлап, кейінге қалдырмай жасауға тырысамын. Мұғалімдерім де түсіністікпен қарап, менің маңызды жаттығуларым мен жарыстарымды ескеріп отырады. Ең бастысы — өзіңе сеніп, күн сайын кішкене болсын алға қадам жасауға ұмтылу.

— Гимнастикадағы ең сүйікті элементіңіз қайсы?

— Ең жақсы көретінім — бұрылыстар. Олар жеңіл және дәл орындалған кезде ерекше рахатқа бөлейді. Бұрылыста еркіндік пен күшті сезінемін. Жаңа түрлерін байқап, күрделендіріп, содан сұлулық табуға тырысамын.

Айта кетейік, Ақмарал Ерекешева жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алды. Ол алдымен доппен жаттығуда топ жарып, кейін лентамен финалда да үздік атанды.

Соңғы жаңалықтар