Қазақстан туризмді дамыту индексінде төрт сатыға төмендеді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат және туризмді дамыту индексінде 110 елдің арасында 56-орынға ие болды. Бұл туралы ҚР Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, рейтинг биыл қыркүйек айында жарияланған. Зерттеу туризм саласының даму деңгейін бағалайтын бес негізгі бағытты, 17 индексті және 102 көрсеткішті қамтиды.
Қазақстан алдыңғы рейтингпен салыстырғанда төрт сатыға төмендеген. Алайда министр бұл көрсеткішке қарамастан, еліміздің индекс бойынша жинаған балы зерттеу жүргізілген барлық кезеңдегі ең жоғары нәтиже екенін атап өтті.
– Алдыңғы рейтингпен салыстырғанда позицияның төмендеуіне қарамастан, яғни 52-орыннан 56-орынға ауысқанымызбен, еліміз зерттеу жүргізілген барлық кезеңдегі ең жоғары индекске – 7 мүмкін балдың 4,09 балына қол жеткізді, – деді Ербол Мырзабосынов.
Оның сөзінше, Қазақстан рейтингте Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстанды қоса алғанда, бірқатар мемлекеттен алда тұр.
Сонымен қатар министр зерттеу нәтижелері туризм саласында әлі де назар аударуды қажет ететін бағыттарды айқындағанын жеткізді. Атап айтқанда, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, құрлықтағы инфрақұрылымды дамыту, туристік сұраныстың тұрақтылығын арттыру және мемлекеттік саясаттағы туризмнің басымдығын күшейту мәселелері өзекті болып отыр.
– Рейтинг нәтижелері бізге әлі де қандай мәселелер бойынша жұмыс істеу қажеттігін көрсетіп отыр. Бірінші кезекте бұл экологиялық тұрақтылық, құрлықтағы инфрақұрылым, туристік сұраныстың тұрақтылығы және мемлекеттік саясаттағы туризмнің басымдығын арттыру. Бұл бағыттар алдағы жұмыста ескерілетін болады, – деп толықтырды министр.
Бұған дейін Астанада туризмді дамыту үшін инфрақұрылымды кеңейту қажет екенін жазғанбыз.