13:10, 08 Мамыр 2012 | GMT +5
Қазақстан Түркіменстаннан 300 млн. текше метр газ алады - C Мыңбаев
АСТАНА. 8 мамыр. ҚазАқпарат - Осы жылдың IV тоқсанында Қазақстан Түркіменстаннан 300 млн. текше метр газ алады.

Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев айтты.
«Өзбек газына барған сайын шектеу көбейіп барады. Осыған орай 9 қарашада үшжақты келісімге қол қойылды. Аталған құжатқа сәйкес түрікмен газын алуға келістік», - деді ол.
Министрдің атап өтуінше, жаңадан салынған қоспа құбырдың арқасында Түркіменстаннан жеткізілген газдың көлемі арта түскен. Мәселен, 1 сәуірдегі жағдай бойынша, 738 млн. текше метр көгілдір отын алынған.
«Мұндай көлемді еш уақытта алған емеспіз және де жоғарыда аталған хаттамамен біз осы жылдың 4-ші тоқсанында тағы да 300 млн. текше метр газ аламыз деп уағдаластық. Бұл мәселе шешілді», - деді С.Мыңбаев.