Қазақстан Түркияға не экспорттайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы екі есе артқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түркияға металл экспорттап жатырмыз. Бұл Түркияға экспортталатын негізгі тауар түрлері. Ал ол елден тоқыма заттарын, машиналарды, жабдықтарды және басқа да халық тұтынатын тауарларды аламыз», - деді Ержан Біржанов Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Сонымен қатар министрлік өкілі Түркиямен арадағы кеден деректері бойынша айырмашылықтар жайында айтты.

«Қазір Түркиямен деректер бойынша айырмашылыққа тоқталсақ, тауар айналымында 0,8 пайызды құрады. Ақшалай есептегенде, жылына 12 миллион долларға жетеді», - деді вице-министр.

Түркия Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесінің бірі саналады. Қазақстан Республикасымен саудада Түркия 3-орында (ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерді қоспағанда) тұр.

«2020 жылы екі елдің арасындағы сауда айналымы 3,1 млрд АҚШ долларын құрады. Ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымының көлемі 6,3 млрд долларға жетті. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 3,2 млрд доллар болды. Екінші жартыжылдықта тауар айналымы айтарлықтай өсуі мүмкін», - деді Ержан Біржанов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Түркия Үкіметі арасындағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.

Құжат аясында Қазақстан мен Түркия арасында кедендік бақылау рәсімдері жеңілдейді.


Соңғы жаңалықтар
telegram