Қазақстан Түркияның Дін істері басқармасымен қарым-қатынасын нығайтуда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғ.Шойкиннің басшылығымен ҚР делегациясы Түркия Республикасына жұмыс сапармен барды, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Сапар барысында Ғ.Шойкин Түркия Республикасының Дін істер басқармасының төрағасы Мехмет Гөрмезбен, «Хасеки» дін орталығының басшылығымен және Анкара, Ыстамбұл, Кония қалаларында орналасқан ТР Дін істер басқармасының өкілдерімен кездесті.

Кездесу кезінде Қазақстан және Түркия дін басқармасының өкілдері екі мемлекет арасындағы теологиялық білім беру бағытындағы қарым-қатынас деңгейін талқылады.

М.Гормез бауырлас Қазақстанмен қарым-қатынасты кеңейтуге және нығайтуға дайын екендігін баяндады. Сонымен қатар, ол қазіргі таңда Түркия Республикасының территориясында 85 мың мешіт, 700-ге жуық теологиялық лицейлер мен құран оқып үйрену курстары және ТР жоғары оқу орындарында 100-ге жуық теологиялық факультеттердің бар екендігін хабарлады.

Жоғарыда аталған барлық мешіттердің және оқу орындарының қызметін ТР Дін істер басқармасында жұмыс істейтін 1000-ға жуық қызметкер мен сарапшы қадағалайтынын хабарлады.

Өңірдегі мұсылман елдері арасында Түркияда дін мемлекеттен бөлінген. Зайырлы мемлекет құру бағытындағы Түркияның үлгісі өз икемділігімен ерекшеленіп, елдің дамуына және экономикасына өз үлесін қосуда. Мемлекет пен діни бірлестіктер арасында қарым-қатынастардың үлгісі ұлттық келісімнің сақталуына, елде діни экстремистік және радикалдық діни ағымдардың таралуына тосқауыл қоюда.

Сонымен қатар, М.Гормез Түркияда имамдардың мемлекеттік қызметкер мәртебесіне ие екендігін және олар қажетті әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілетіндігін баяндай отырып, қазіргі таңда елде мемлекет тарапынан қаржыландыратын лицей және колледж деңгейіндегі дін оқу орындары, жоғары оқу орындарында теологиялық факультеттердің бар екендігін хабарлады.

Дін саласындағы жасалған қажетті жағдайлардың нәтижесінде, халықтың діни сауаттылығы жоғары деңгейде және экстремистік ағымдардың Түркия халқының сана-сезіміне әсер ету деңгейі өте төмен екендігін атап өтті.

Кездесу нәтижесі бойынша қазақстандық діни қызметкерлерге теологиялық білім беру және басқа да діни бағыттар бойынша екі елдің ведомствоаралық қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған Протоколды дайындау бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.

Соңғы жаңалықтар
telegram