Қазақстан ТүркПА-ға төрағалықты қабылдап алды
Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин халықаралық ұйымға төрағалық етуді ерекше құрметпен қабылдап алып, бұл біздің ел үшін үлкен мәртебе және зор жауапкершілік екенін алға тартты. Осы орайда Палата Спикері бауырлас әзірбайжан халқына шын жүректен алғысын білдірді.
- Түркі Кеңесінің отырысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы, ТүркПА-ның негізін қалаушы, түркі Кеңесінің Құрметті Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев осы Кеңесті толықтай халықаралық ұйымға өзгерту туралы бастама көтерген болатын, - деді Мәжіліс Төрағасы.
Палата Спикерінің айтуынша алдымызда қараша айында Ыстамбулда өтетін Түркі Кеңесінің кезекті отырысында Мемлекет басшылары тиісті шешім қабылдайды деп күтілуде. Сонымен қатар, егер сондай шешім қабылданса, Ассамблеяның атауын Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы деп өзгертуді ұсынатынына тоқталды.
- Алдағы бір жыл ішінде біз қалыптасқан мұрагерлікті сақтай отырып, елдеріміздің арасындағы байланысты одан әрі тереңдету, парламентаралық ынтымақтастықты нығайту, Ассамблея аясын кеңейту және халықаралық беделін арттыру жолында бірлесе еңбек ететін боламыз, - деді Нұрлан Нығматулин.
Айта кету керек, ұйым құрылған күннен бастап, өзара іс-қимылды күшейтуге, мемлекетаралық байланысты нығайтуға, елдеріміздің халықаралық беделін арттыруға, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлкен үлес қосып келеді.