Қазақстан түрмелерінде 42 700 сотталушы қамауда отыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан түрмелерінде 42 700 сотталушы ұсталуда. Бүгін Мәжілісте қылмыстық-атқару жүйесіндегі мәселелерге арналған Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов осылай мәлім етті.
Ведомство басшысының айтуынша, қылмыстық-атқару құрамында 75 түзеу колониялары бар, соның ішінде 18 қоныс колонияларында 2 952 сотталушы ұсталуда.
«Жалпы бүгінгі таңда еліміздегі түрмелерде 42 700 адам ұсталуда. Олардың 3 мың 400-і - әйелдер. Бұдан бөлек, 18 арнайы тергеу оқшаулағыштарында 6 мыңнан астам адамдар қамауда. Сонымен қатар 240 қылмыстық-атқару инспекциялардың есебінде 21 мыңнан астам адам бостандығын шектемейтін жазаларды өтеу бойынша есепте тұр», - деді Қ.Қасымов.
Бұдан бөлек, министр қылмыстық-атқару жүйесіндегі қайта құруларға да тоқталып өтті. Оның айтуынша, жаңа қылмыстық заңнамаға сәйкес бас бостандығынан айырылғандарды ұстау жағдайларын жақсартуға орай түзеу мекемелерінің заманауи түрлері қарастырылады.
«Отрядтық-барақтық ұстау түрі әбден ескірді. Сондықтан да халықаралық тәжірибелерді зерделей келе, біз сотталғандарды камералық ұстау жүйесіне көшуді қарастырып жатырмыз. Біз қазіргі уақытқа дейін сегіз мекемені осы жүйеге сәйкес қайта құрдық, онда қазіргі таңда камералық жағдайда бес мыңнан астам сотталушы ұсталуда», - дейді министр.