Қазақстан ТЖ кезінде ТМД елдеріне көмектесудің тәртібін айқындады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Қазақстан ТЖ кезінде ТМД елдеріне көмектесудің тәртібін айқындады

«Келісімге Мемлекет басшылары кеңесінің отырысын өткізу барысында 2015 жылдың 16 қазанында Бурабайда қол қойылды. Аталған келісімді жүзеге асыру осы құжатта қамтылған елдердің бірінің аумағында ТЖ орын алған жағдайда бірлескен үйлестірілген іс-қимылдарды ұйымдастыруға ықпал етеді», - деді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов заң жобасын таныстыру барысында.

Министрдің айтуынша, келісімді ратификациялау - төтенше жағдайларды мониторингілеу мен болжау саласында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Осы ретте қатер кезіндегі іс-қимылдарға халықты даярлау, мамандарды оқыту, бірлескен тақырыптық конференцияларды, семинарларды, жаттығуларды өткізу шаралары қамтылып отыр.

Атап айтқанда, келісімде тараптардың ынтымақтастықты іске асыру нысандары көзделген, сондай-ақ төтенше жағдайларды жою кезінде көмек көрсету тәртібі айқындалған. Құжаттың 5-бабына сәйкес, тараптар жазбаша сұрау салу негізінде көмек көрсетеді. Онда төтенше жағдайлардың орны, уақыты, сипаты, ауқымы және ағымдағы кездегі мән-жайы, сонымен қатар сұралатын көмектің басымдықтары көрсетіледі.