Қазақстан U17 құрамасы Еуропа чемпионаты элиталық кезеңіне жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Қазақстанның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы 2027 жылғы Еуропа чемпионатының элиталық іріктеу кезеңіне жолдама алды.

Қазақстан U17 құрамасы Еуропа чемпионаты элиталық кезеңіне жолдама алды
Фото: ҚФФ

Отандастарымыз 14-17 қараша аралығында Грузияда өткен құрлықтық бәсекенің іріктеу кезеңінде 14-ші тобында 4 ұпай жинап, турнир кестесінде көш бастады.

Олар алдымен Аустрияны 7:0 есебімен ойсырата жеңсе, одан кейін Грузиямен 1:1 есебімен тең түсті. Нәтижесінде элиталық кезеңге жолдама алды.

Қазақстандық футболшылар бұл кезеңдегі қарсыластарын желтоқсан айында анықтайтын болады. 

Қазақстан U-17 құрамасының тізімі:

Қақпашылар: Абай Заманбек, Евгений Кравцов (екеуі де — ҚФФ Академиясы), Матвей Ковальчук («Қайрат»), Байжан Асхат («Шахтер»);

Қорғаушылар: Әлихан Әбди, Кирилл Плачинда, Георгий Гречка, Ислам Рашидов, Ильдар Датхабаев (барлығы — «Қайрат»), Абылай Тоқтасын («Шахтер»), Данияр Қаси, Михаил Турищев (екеуі де — ҚФФ Академиясы), Никита Лисохмар («Тобыл»), Бекнұр Талғатов («Тараз»);

Жартылай қорғаушылар: Дарын Ибаділдә, Нұрали Салимов, Әлижан Зару, Әлихан Ахилбаев, Тамерлан Сарсымбаев (барлығы — «Қайрат»), Әли Садырбаев, Тимур Казанцев (екеуі де — «Шахтер»), Давид Заречный, Артем Шалыгин (екеуі де — ҚФФ Академиясы), Салим Хасанов («Вильярреал», Испания), Малик Саитов («Рамзан» академиясы, Ресей);

Шабуылшылар: Ибрахим Асан, Нұрхад Нұрымов, Роман Черноморец (барлығы — «Қайрат»), Әнуар Төленді («Астана»).

UEFA-ның жаңартылған іріктеу форматына сәйкес, бастапқы раундта өз тобында үздік шыққан екі ұжым екінші кезеңнің А лигасына өтеді. Олар 2027 жылдың көктемінде Латвияда өтетін Еуропа чемпионатының финалдық бәсекесіне берілетін жолдамаларды сарапқа салады. Ал топта 3-ші орын алған командалар жарысты B лигасының екінші раундында жалғастырады.

Айта кетсек, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Скип қызметінен кетеді.