15:09, 18 Маусым 2010 | GMT +5
Қазақстан үкіметі бекіре тұқымдас балықтарды аулауға мораторий енгізу мәселесін қарастыруда - Ақылбек Күрішбаев
АТЫРАУ. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Құлшыманов/ - Қазақстан үкіметі бекіре тұқымдас балықтарды аулауға мораторий енгізу мәселесін қарастыруда. Бұл туралы Атырауда журналистерге ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мәлім етті.

«Біз бекіре тұқымдас балықтарды аулауға мораторий енгізуді ұсындық», - деді А.Күрішбаев. Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі бір жарым ай бұрын ҚР Үкіметіне осы ұсынысты жіберген.
«Бекіре тұқымдас балықтар санын арттыру үшін ғалымдардың есебі бойынша кем дегенде 15 жыл керек», - деп атап өтті А.Күрішбаев.
Оның сөзіне қарағанда, қазір Қазақстан осындай мораторийлер енгізу туралы Каспий маңындағы Әзірбайжан, Түрікменстан, Иран мемлекеттерімен де келіссөз жүргізеді.
«Мұндай бастаманы Мемлекет басшысы көтерген, біз де осы ұсынысты басқа елдермен талқылаймыз», - деп қорытындылады министр.