Қазақстан Үкіметі бірқатар шикізаттық тауарлар үшін экспорттық кедендік баж салығын қалпына келтіруді жоспарлап отыр - К. Мәсімов

Бұл туралы бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті.
«2009 жыл күрделі жыл болды. Шикізаттық секторда жұмыс істейтін компаниялар үшін салық салу көзқарасы тұрғысынан алғанда белгілі бір жеңілдіктер жасалды. Қазіргі уақытта шикізаттық ресурстардың бағасы тұрақтанып келеді. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, мен Қаржы министрлігіне есеп-қисап жүргізіп, Үкіметтің таяудағы отырыстарының біріне бірқатар шикізаттық тауарлар үшін экспорттық кеден баж салығын қалпына келтіру туралы қаулыны шығару жөнінде тапсырма бердім», деді отырыста Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, осыған байланысты Үкіметтің бюджеті қосымша кірістер алатын болады және Үкімет қыркүйек айында 2010 жылдың нақтыланған бюджетін Парламентке енгізеді. Нақтыланған бюджеттің кіріс бөлігі айтарлықтай жоғары болады. Бұл өз кезегінде 2011 жылды күтпей-ақ, 2010 жылы бірқатар міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.
«Бұл негізінен өңірлік бағдарламаларға, құрылыс бағдарламасына және ауыл шаруашылығы мәселесіне қатысты. Біз бұл мәселе жөнінде әлі әңгімелесеміз. Егер бұл шешім қабылданатын болса, 2010 жылдың нақтыланған бюджеті және 2011 жылдың жоспарланған бюджеті экспорттық кедендік баж салығының енгізілетінін ескере отырып жасалады», деді Премьер-Министр.