Қазақстан үкіметінің дағдарыспен күресіне халықтың көңілі толады - шетелдік сарапшылар пікірі

АСТАНА. Шілденің 13-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Дағдарыспен кім қалай күресіп жатыр? Қайсы мемлекеттің дағдарысқа қарсы қабылдаған бағдарламасы тиімді? Қайсы ел дағдарыстан қиналмай шығады? Мұндай мазмұндағы сұрақтар қазіргі уақытта әлемдегі рейтингтік агенттіктердің және аузы дуалы сарапшылардың жұмысының көрігін қыздырып тұр. Бірден айта кетейік, қандай рейтингтік агенттіктің бағасын немесе қайсы сарапшының пікірін алып қарамайық, шүкір Қазақстанның қазіргі қиыншылықтарды еңсерудегі еңбегі елеусіз қалмай, керісінше ерекше оқшауланып тұр.
None
None

 Ақиқатында бұлай болатын жөні бар. Дүние жүзіндегі мемлекеттердің ішінде ауқымы жағынан теңдессіз қазіргі қаржы дағдарысына қарсы бағдарламаны алғашқылардың бірі болып қабылдаған Қазақстан, құжат аясындағы іс-шараларды ширықтыруда да шапшаң қимылдап, қиыннан қиыстырып жол тауып келеді. Нәтижесінде, ең бастысы экономиканың есеңгіреуіне жол берілген жоқ, әлеуметтік саланың әлеуеті әлсіремеді.

 Содан да болса керек, Қазақстан Үкіметінің дағдарысқа қарсы қарымды күресі рейтингтік агенттіктер мен білікті сарапшылар тарапынан оң бағалануда. Мәселен, Еуразиялық біріктірілген сарапшылар желісі жуырда мемлекеттердің экономикалық, саяси және әлеуметтік-мәдени салалардағы дағдарыс құбылыстарына төтеп берудегі алғашқы рейтингін жариялады. Оған Ресейден бөлек посткеңестік кеңістіктегі елдердің барлығы енген. Рейтингте Қазақстан өзге елдерден қара үзіп, көш басында тұр. «Егер рейтингке біз Ресейді қосқан күннің өзінде Қазақстан бәрібір бірінші орынға таласа алар еді. Өйткені барлық сарапшылар ең алдымен Қазақстан тап болған проблеманың тереңдігін, екінші жағынан биліктің белсенділігін және дағдарысқа қарсы бағдарламаның көзге көрініп тұрған нақты нәтижелерін бағалады», делінген Еуразиялық біріктірілген сарапшылар желісінің хабарламасында. Бұл сарапшылар желісінің бағалауынша, Қазақстан Үкіметінде біртұтас экономикалық блок бар және біздің елдің дағдарысқа қарсы бағдарламасы егжей-тегжейлі дайыналған әрі экономиканың басым салаларын қолдай отырып тиімді жүзеге асырылуда.  Сонымен қатар, сарапшылар біздің елімізде бұқараның биілікке сенімінің деңгейі жақсы екенін атай отырып, Қазақстандағы әлеуметтік тұрақтылықты әжептеуір деп бағалаған.

 Ал өткен аптада Ресейдің «Жаңалықтар» ақпарат агенттігінде өткен «ТМД: Экономикалық дағдарыстың сынағы» атты дөңгелек үстелге қатысқан сарапшылар ТМД елдерінде жүзеге асырылып жатқан дағдарысқа қарсы бағдарламалардың ішінде Қазақстанның бағдарламасы өте-мөте пысықталғанымен ерекшеленетінін айтып отыр.

ФБК-ның Стратегиялық талдау департаментінің директоры Игорь Николаевтың пікірінше, Қазақстанның дағдарасқа қарсы бағдарламасы егжей-тегжейлі пысықтау көзқарасы тұрғысынан алып қарағанда дараланып тұрады. «Қазақстанның бағдарламасы қаңтарда (2008 жылдың-ред.) біздегіден әлдеқайда ерте қабылданғанын ескерген жөн. Дағдарыс жағдайында Қазақстан инфрақұрылымдық жобаларды инвестициялауға ден қоюда. Мемлекеттік инвестициялар сұраныстың тізбегін тудыра алады. Егер бұл қаржы көлік және коммуналдық инфрақұрылым салаларына жіберілетін болса, бұл барынша мультипликативті әсер береді. Ақша экономиканың тұла бойына тарайды, бұл өте маңызды. Сұраныс барлық тізбелер бойынша, атап айтқанда металлургияда, құрылыс материалдары өндірісінде  және тағы басқа да салаларда ұлғаяды. Қазақстанның бұл тәжірибесін пайдалану қажет», дейді ресейлік сарапшы.

Жоғары экономика мектебі - Мемлекеттік университетінің Әлемдік экономика және әлемдік саясат факультетінің Әлемдік саясат факультетінің доценті Андрей Суздальцевтің пайымдауынша, Қазақстанда экономистердің жақсы тобы жұмыс істеуде. Бұл пікірді «Қоғамдық келісімшарт» ұлттық жобасы институтының президенті Александр Аузан да қоштап отыр. «Ресейлік сарапшылар 2008 жыл бойы Қазақстанның даму институты және мемлекеттік капиталдың ірі инвесторы болып табылатын «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорымен жұмыс істеді. Нәтижесінде ағымдағы жылдың маусым айында Қазақстанда шағын және орта бизнесті ынталандыруға қатысты жаңа тәсілдерді іс жүзінде енгізу басталды. Бұл өз кезегінде экономикадағы дағдарысты құбылыстың барынша тиімді жұмсартқышы болуы тиіс. Жылдың соңына қарай, менің ойымша, келешекте ТМД-ның басқа елдерінде таратуға болатын нәтижелер пайда болады», дейді А. Аузан.

Мәскеу мемлекеттік университетінің жанындағы Посткеңестік кеңістіктегі қоғамдық-саяси үдерістерді зерттеу жөніндегі ақпараттық-сараптамалық орталықтың Бас директоры Алексей Власовтың көзқарасынша, Ресей қазақстандық «Самұрық-Қазына» қорының тәжірибесіне сүйене отырып,  мемлекеттік шикізаттық активтерді және даму институттарды бір ірі қордың аясында шоғырландырудағы дағдарысқа қарсы тәжірибені пайдалануына болады. «Шикізаттық активтерді «Самұрыққа», ал даму институттарын «Қазынаға» біріктіру жүйесінің өзі бұл уақытша әрі дағдарысқа маңызды қарсы шара. Себебі ауқымды мемлекеттік ресурстар мен ауқымды активтер қуатты жұдырыққа жұмылдырылып отыр. Әрине мұндай шараны экономикасының шикізаттық секторы бір мезгілде жаңғырту, инновациялық даму сынды өтініштермен біріктіріліп отырған елдерде, мәселен Ресей мен Әзербайжанда қолдануға болады. Соншалықты шикізаттық ресурстары жоқ  елдерде, айталық Қырғызстан мен Тәжікстанда, бұл тәжірибені пайдалану біршама қиындау соғады.  Экономикаларында нарықтық механизмдердің қалыптастырылуы салыстырмалы түрде алғанда жақында болған елдерде қазіргідей жағдайда дағдарыстық құбылыстарды еңсеруде мемлекеттің және мемлекеттік инвестициялардың рөлі жоғары. Қазақстан дағдарысты еңсеруге мемлекет пен әлеуметтік құрылымдарды қатыстыруда айқын үлгі болып табылады. «Самұрық-Қазына» қоры   дағдарыстың құбылыстарымен табысты күресіп отыр», дейді ресейлік сарапшы. 

Ал, «Халықаралық республикалық институттың» әлеуметтік зерттеулерінің деректері бойынша, еліміздегі респонденттердің 74 пайызы Қазақстан Үкіметінің әлемдік қаржы дағдарысы тудырған проблемаларды шешудегі жұмысын оң бағалаған. Үкіметтің электр энергиясын және ұлттық қауіпсіздікті  қамтамасыз етудегі күш-жігерін сұралғандардың тиісінше 64 және 57 пайызы оң бағалаған.

Қазақстан Үкіметінің дағдарысқа қарсы бағдарламасының тиімді жүзеге асырылып әрі оң нәтиже беріп жатқанына жоғарыдағы пікірлер айқын дәлел бола алады. Бұған тұздық ретінде мынаны қосуға болады.  New Economics Foundation қоры «Бақытты планета» атты кезекті рейтингін жариялады. Әлемдегі ең бақыттты ел рейтингінде біздің ел 2006 жылғы 127-інші орыннан 36 сатыға жоғарылап, биыл 91-інші орында тұр.  Мұнда мамандар әрбір елдегі өмір сүру жасының ұзақтығын, азаматтардың жеке өмірлеріне қанағаттанатындарын және экологияның жағдайын сараптаған.

Өмір бір орында тұрмайды. Күні кеше ғана болғанымен, 2006 жылдан бері көп дүние өзгерді. Былайша айтқанда қазір заман басқа, заң басқа.  Дейтұрғанмен 2006 жыл Қазақстан экономикасы үшін қарыштап дамыған сәттерімен есте қалды. Ал қазір әлем арпалысып жатқан дағдарыспен біздің ел де қал-қадірінше күресіп жатыр. Қисынға салып қарайтын болсақ, қандай да бір елдің экономикасы  қарыштап дамыған кезде ондағы халықтың әл-ауқаты да жақсаруы тиіс, ал дағдарыс кезінде керісінше әлеуметтің көңіл-күйі пәс болуы керек сияқты еді.   New Economics Foundation қорының «Бақытты планета»  рейтингі бойынша Қазақстанда қазіргі өміріне көңілі толатын адамдардың қарасы үш жыл бұрынғыдан едәуір артып отыр.  Демек, мұның өзі біздің мемлекеттің дағдарыстан дұрыс сабақ алып, онымен тиімді күресіп жатқанының анық көрсеткіші болса керек.

             

Соңғы жаңалықтар