19:50, 06 Мамыр 2009 | GMT +5
Қазақстан ұлтаралық қатынастарды реттеуде жинақтаған тәжірибелерімен орынды мақтана алады ? РФ Бас консулы
АЛМАТЫ. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Серік Қойбағаров/ - Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты қатынастардың қазіргі кезеңдегі бірқатар өзекті мәселелері туралы ҚазАқпаратқа РФ-нің ҚР-дағы Бас консулы Борислав Мещанинов әңгімелеп берді.

- Бас консул мырза, соңғы жылдары батыс елдерінде білім алып жатқан қазақстандық жастардың қатары арта түсуде. Сіздің пікіріңізше, олардың таңдауын ресейлік ЖОО пайдасына қалай шешуге болады? Ресейдің жоғары білім беру орындарында ҚР азаматтарының оқуы үшін РФ Білім министрлігінің қазіргі кездегі квотасы қандай?- Ресейдегі секілді қазақстандық жастардың да әлемдегі кез келген озық ЖОО-да кез-келген мамандықтар бойынша білім алуға мүмкіндіктерінің ашылғандығы, бұл өте тамаша. Білім ? бұл ең жақсы капитал. Әсіресе, дәл қазіргідей дағдарыс кезінде мұны әркім де түсіне бастағандай. Білімді адамның абыройлы қызметтер атқаруға мүмкіндігі басым.Ресейлік ЖОО-да білім алу мәселесіне тоқталар болсақ, мыналарды атап өту керек. Біріншіден, Ресей мен Қазақстан бір мемлекеттің шекпенінен шыққандар. Екіншіден, біздің экономикамыз бірін-бірі толықтыра алады. Үшіншіден, біздің тіл, жалпы тарих секілді ортақ мәдени мұралармен тамырымыз бірге. Сондықтан да, біздің елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы көптеген мәселелердің шешілуі Ресейдегі секілді Қазақстанда да бірқатар мамандықтар алуды қажет етеді. Жалпы алғанда, ресейлік ЖОО-да көптеген қазақстандық жастар білім алып жатыр. Сонымен қатар, Қазақстанда бірқатар ресейлік ЖОО-ның филиалдары бар екендігін де ұмытпауымыз керек. Бұдан басқа бірлескен оқу орындары тағы бар. Мұндай оқу орындарында білім алу ыңғайлы ғана емес, сонымен қатар арзанырақ. Мәселен, мұнда М.Ломоносов атындағы ММУ-дің, Санкт-Петербор гуманитарлық университетінің, Түмен мемлекеттік мұнай-газ институтының және басқа да оқу орындарының филиалдары жұмыс істеп тұр. Таяуда, мен Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ базасында МВІ (менеджердің жоғары деңгейі) бағдарламасы бойынша білім алған, тыңдаушы топқа ММУ-дың дипломдарын табыс еттім. Мұнда негізінен кәсіпкерлер білім жетілдірген, түлектердің берген жоғары бағаларын мен өз құлағыммен естідім. Ресейден алған мұндай деңгейдегі білім бәсекеге қабілетті саналады және ең жоғарғы халықаралық талаптарға сәйкес келеді. Алматыдағы халықаралық бизнес академиясында, МВІ бағдарламасынан басқа, РФ Президенті жанындағы басқару Академиясының оқытушылары DBI (докторантура) бағдарламасы бойынша да оқытады. Білім беру саласындағы бірлескен бағдарламаларға қарағанда, менің ойымша, оның келешегі өте жақсы. Қазір Ресейде тегін квотамен Қазақстаннан 200-ге жуық студент оқып жүр, квотаны ұлғайту мәселесі қарастырылып жатыр. - Шет елдерде тұрып жатқан (мәселен Қазақстанда) отандастарына ерікті түрде Ресейге қоныс аударуға қолдау көрсету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асу серпіні қандай?- Өкінішке орай, бұл бағдарламаның мәнісі баспасөздерде бұрмаланып жүр. Бұған мәселенің байыбын түсіне алмаған адамдардың «Қоныс аудару бағдарламасының сәтсіздігі» секілді және басқа да мақалаларды жатқызуға болады. Бірқатар БАҚ-тар істің жайын былайша, экономикадағы кемшіліктерді түзеу үшін, Ресей жұмыс күшін өзіне тарта бастады, деп түсіндіргілері келеді. Бұл дұрыс емес.Алдымен, РФ қабылдаған заңға сәйкес, кез-келген отандасымыз, ол әлемнің қай түкпірінде болмасын, егер тарихи отанына оралғысы келсе, ол заңды түрде бұған мүмкіндік алады. Осындай заңды бізден көп бұрын қабылдаған Қазақстан, бұл іспен бұрыннан айналысып келе жатқанын атап өткім келеді. Оралман деп аталатын шетелдік қазақтар бұл бағдарлама туралы жақсы біледі және тарихи отанына деген сүйспеншілігі зор қандастарыңыз түрлі елдерден туған жеріне келіп жатыр.Ресейлік бағдарлама да жұмыс орындарын белгілеу мәселелерін шешуге арналып отыр. Егер, біз адамға отанына келуіне мүмкіндік жасасақ, онда алдымен оған жұмыс беру мәселесін шешуіміз керек. Өйтпесек, оған қиын болады. Баспана мәселесіне қолдау көрсетіледі, дегенмен бұл мәселе толық шешімін тапқан жоқ. Өзіне баспана саламын деушілерге жер учаскелері беріледі және жеңілдетілген несие бөлу де қарастырылған. Бұдан басқа, қоныс аударушыларға көші-қон шығыны қайтарылады. Егер, біздің консулдық округке кіретін Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары бойынша айтар болсақ, онда олардың көбісін осы бағдарлама қатты қызықтырады.Соңғы бір жарым жыл ішінде біздің Бас консульдікке жеті мыңдай адам келді. Бұлар ? көші-қон бағдарламасы жөнінде көбірек білгілері келетін адамдар. Осы адамдардың арасынан нақты түрде қоныс аударғысы келетіндер мөлшері 10 пайызды құрайды, немесе 700 адамдай болады. Біз жүргізген зерттеуге сәйкес, тарихи отанына оралғандар Қазақстанға деген адалдықтарын сақтап қалады. Ресейге көшіп кеткенімен олар туыстық байланысын, достық қатынасын сақтап қалады және демалыстарында келіп-кетіп жатады. Мұндай адамдар Ресей мен Қазақстан арасындағы достықты нығайта түседі. Бұл өте маңызды, өйткені бірқатар елдердің тәжірибесін біз жақсы білеміз, онда орыс тілділерге қысым жасалады, оған шыдамағандар ол елді қара қазандай өкпемен тастап кетуге мәжбүр болады. Қазақстан ұлтаралық қатынастарда жолға қойылған тәжірибесімен мақтана алады. Президент Н.Назарбаев басқарып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы жүргізіп отырған жұмыс та бірегей құбылыс. Көпұлыстық келісім жағдайында өсіп-өнген адамдар елден кетсе де Қазақстанның патриоттары болып қалады. Мұндай мысалдардың біразын білемін. Ресейдегі бұрынғы қазақстандықтар бір-бірімен тығыз араласып, жерлестік қауымдастықтар құрып жатады.- Ресейлік БАҚ-тардың хабарлауы бойынша 2009 жылғы бюджетті қысқарту ауқымында аталған бағдарлама төрт есеге дейін (6,5 млрд. рубль) қысқартылмақ. Көші-қон үрдісіне мұның әсері қандай болмақ?- Отандастарының Ресей Федерациясына ерікті түрде қоныс аударуына қолдау көрсету жөніндегі мемлекеттік бағдарлама ұзақ мерзімдік болып саналады. Ал, қаржыны қысқарту мәселесіне келсек, мұндай деректер бар екені рас. Дегенмен, қысқарту қоныс аударуы мүмкін деп есептелген белгілі санның қысқаруымен байланысты болып отыр. Отандастарымыздың елге оралуы белсенді түрде болады деп жоспарланған еді, сондықтан кезінде осы салаға көп қаржы салынған болатын.
Қазір бағдарламаның төрешілдік аппараты қайта қаралу үстінде. Уақыт көрсеткендей, оны оңтайландыруға да болады екен. Ал нақты қоныс аударушы адамға келер болсақ, онда оған қатысты шығын қысқартылмайды. Үнемдеу басқа баптар бойынша жасалады.- Ресейлік азаматтығы бар қанша қазақстандық Қазақстанда тұрып жатыр?- Әзірге бұл сауалға жауап беру маған қиын тиіп отыр. Біздер санақ қорытындысын асыға күтіп отырмыз. Қорытынды жарияланған соң, Сіздің сауалыңызға толық жауап алатын боламыз. КСРО тараған соң 2007 жылдарға дейін шет елде жүрген ресейліктерді тіркеу болмады. Біз шет елдерге уақытша немесе тұрақты тұруға шыққан ресейлік азаматтарды тіркеуге алған жоқпыз. Біз мұны демократия үрдісі деп санадық. Дегенмен, мұның қате пікір екендігін өмір дәлелдеп берді. Бұл әсіресе, Азияның оңтүстік-шығыс елдерінде орын алған цунами, жер сілкіністері секілді табиғи апаттардан кейін қатты байқалды. Шет мемлекеттер аумағында тұратын отандастарымызға көмек көрсетейік десек, олардың қай жерде, қандай хәлде тұрып жатқандығы жөнінде бізде ешқандай мәлімет жоқ болып шықты. Содан барып, біз 2007 жылдан бастап консулдық есепке тіркеудің міндетті институтын құрдық. Дегенмен, РФ азаматтығын бұрынырақ алғандардың барлығы бірдей Бас консулдыққа келіп тіркеуден өтіп жатқан жоқ. - Сыртқы сауда айналымы ? мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас деңгейінің басты және дипөкілдік қызметінің жанама көрсеткіші. Сіздің пікіріңізше, әлемдік қаржы дағдарысы біздің елдер арасындағы тауар айналымының жыл сайынғы өсіміне ықпал ете ала ма?- Соңғы жылдары біздің елдеріміз арасындағы екіжақты экономикалық қатынастар жақсы дамып келеді. 2008 жылдың екінші жартысында басталған дағдарысқа қарамастан, сауда айналымы 20 млрд. АҚШ долларына жетті, тіпті одан да аса бастады. Салыстыру үшін айталық, 2007 жылы бұл көрсеткіш 16,5 млрд. доллар болған еді. Өсім өте серпінді. Әрине, дағдарыс өз дегенін жасайды, дегенмен тауар айналымының түсіп кету қаупі әзірге байқалмайды. - Қазақстан мен Ресейдің өзара қарым-қатынасының келешектегі дамуын Сіз қай тұрғыдан көре аласыз?- Жоғарыда аталған бағдарламада энергетикаға, оның ішінде ядролық энергетикаға, көлік құрылымын дамытуға, құбыр тартуға, Қазақстан бастамашылық еткен «Батыс Қытай ? Батыс Еуропа» жолына ерекше мән берілген. Шекара аймағындағы ынтымақтастықтың мүмкіндігі де қарастырылып отыр. Ауыл шаруашылығының да әлеуеті зор. Әрине, нанотехнологияда, ғарыш саласында және басқа да жоғары технология салаларындағы жаңа ғылыми зерттеулер ? бүгінгі күн тәртібіндегі мәселелер. - Бас консулдың жұмыс күні қалай түзіледі? Қанша адамды қабылдай аласыз, алдыңызға келген адамдардың барлығы қабылдана ма?- Біздегі мәселе ? кезектің көптігі. Бұл азаматтық мәселелеріне, төлқұжаттар беруге, консулдық қолдаулар көрсету және басқа да өзекті мәселелерге байланысты. Адамдарды көбірек қабылдауға күш салудамыз. Біздер жылына 20 мыңнан астам кісі қабылдаймыз.Мен де келушілерді қабылдаймын. Бірақ та техникалық мәселелер бойынша барлығын қабылдай алмаймын ? онымен арнайы айналысатын маманданған адамдар бар. Мен күрделі мәселелерді шешуге қатысып отырамын. Бұдан басқа соғыс ардагерлерімен және мүгедектерімен, отандастар ұйымдарының өкілдерімен кездесіп отырамын. Мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздің агенттіктің оқырмандарына бізде www.almaata.mid.ru сайты ашылғанын, кез келген адам одан консулдық қызметтер туралы қажетті ақпараттар ала алатынын еске салғым келеді. Отандастарыма айтарым мынау: бізбен кездесудің ең тиімді жолы, бізге кәдімгі пошта арқылы хат жолдаңыздар немесе Бас консулдық ғимаратындағы пошта жәшігіне хаттарыңызды салып кетіңіздер. Хатқа мәселенің негізгі мәнін және өздеріңіздің мекен-жайыңызды немесе байланыс телефондарыңызды жазыңыздар. Хат иесіне қабылдау уақыты белгіленеді. Бірқатар мәселелер бойынша қабылдау кезеңі алдағы екі айдың үстіне шығып кетті. Анықтамалар бойынша ? басқа кезек жұмыс жасайды. Хатта қандай анықтама қажет екендігі жазылуы тиіс. Келісілген уақытта келген азамат өзіне қажетті анықтаманы ала алады. Менің мәселем қаралмады деп, бір де бір адам шағымданған жоқ.
- Әңгімеңізге рахмет.