Ұлттық олимпиада комитетінің алғашқы президентіне арналған мемориалды тақта ашылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы «Динамо» стадионында қазақстандық спорттың көрнекті өкілдерін еске алу мақсатында мемориалды тақталардың салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Тимур Досымбетов
Фото: ҚР ҰОК

Естелік шараға Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Бас хатшысы Әлімжан Ақаев, қала әкімдігінің өкілдері, спорт ұйымдары, спорт ардагерлері, балалар секцияларының мүшелері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Мемориалдық тақталардың бірі Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің тұңғыш президенті, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, қазіргі бессайыстан әлем чемпионы Тимур Досымбетовтің құрметіне ашылды. 

Тимур Досымбетов
Фото: ҚР ҰОК

Сонымен қатар Эдуард Айрих пен Қазбек Байбуловқа арналған естелік тақталар да орнатылды.

– Біз үшін қазақстандық спорттың іргетасын қалаған тұлғаларды еске алу шарасына қатысу - үлкен құрмет. Олардың есімдері мен еңбегі - жаңа буын спортшыларының болашағының негізі. Бұл құрметтің белгісі жас динамошылар мен бүкіл спорт қоғамдастығы үшін шабыт көзіне айналатынына сенімдіміз, - деді Әлімжан Ақаев.

Тимур Досымбетов
Фото: ҚР ҰОК

Анықтама үшін:

Тимур Камалұлы Досымбетов - КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, қазіргі бессайыстан әлем чемпионы. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің алғашқы президенті, «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының төраға бірінші орынбасары.

Эдуард Фердинандұлы Айрих - КСРО мен Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстандағы шайбалы және шөптегі хоккейінің негізін қалаушы. «Динамо» командасының бас бапкері, бұл ұжым КСРО-ның 19 дүркін чемпионы және Еуропа чемпиондары кубогының иегері атанған.

Қазбек Дәулетбекұлы Байбулов - КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО-ның спорт шебері, шөптегі хоккей бойынша «Динамо» командасының бас бапкері.

Айта кетейік, «Қазақ солдатының» кейіпкері Қайырғали Смағұлов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

Соңғы жаңалықтар