Қазақстан ұлттық театрларының III республикалық фестивалi Шымкентте өтедi

Фестиваль аясында Шымкент тұрғындары мен қонақтары Оңтүстiк Қазақстан облыстық орыс драма театры, Ж. Шанин атындағы Оңтүстiк Қазақстан облыстық қазақ драма театры, Қ. Қожамияров атындағы мемлекеттiк республикалық ұйғыр комедия театры, Республикалық мемлекеттiк корей музыкалық комедия театры, Республикалық немiс драма театры және Оңтүстiк Қазақстан облыстық өзбек драма театры ұжымдарының орындауында Т. Ахтанов, М. Байғұт, Ш. Орынбай, А. Ашири, Ж. Солтиева, Б. Брехт және Б. Есенәлиев сияқты отандық және қазiргi заман авторларының қойылымдарымен таныса алады.
ҚР Президентi Әкiмшiлiгi Қазақстан Халқы ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгеруiшiсi Нәзипа Шанаидың айтуынша, фестиваль Қазақстан халқы ассамблеясының жылына, сондай-ақ Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылып отыр.
«Өздерiңiзге белгiлi, жалпы бiздiң әлемдiк өркениеттегi өзгешелiгiмiз - 100-ден астам этностың басын құрап отырғанымызда. Соның iшiнде, театр өнерiнде өзгешелiгiмiз ерекше. Қазақстанда орыс және қазақ театрларынан басқа әлемдегi жалғыз ұйғыр театры жұмыс iстейдi. Сонымен қатар, корей театры Корея мен Қазақстаннан басқа ешбiр шет мемлекеттерде жоқ. Оған қоса, 1980-шi жылдары ашылған немiс және өзбек драма театрлары бар. Корей және ұйғыр театрларының тарихы 80 жылдан асып кеттi», - дедi ол бүгiн Астанада орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте.
ҚР Мәдениет және спорт министрлiгiнiң деректерi бойынша, бүгiнгi Қазақстанда 52 мемлекеттiк театр қызмет атқарады.
«Қазақстан театрлары 6 тiлде сөйлетiнiн бiз әрқашан мақтан етемiз. Өйткенi, ол көпұлтты мемлекетiмiздiң өнерiн насихаттауға осы театрлардың қосып жатқан үлесi зор. Фестиваль үшiншi рет өткелi тұр. Онда этникалық театрлар қазақ авторларының шығармаларын қояды. Оны өз тiлдерiнде сөйлетiп, оны өздерiнiң көзқарастарымен жеткiзуге тырысады. Сондықтан, бiз де мемлекет тарапынан мүмкiндiгiмiзше қолдау көрсетiп жатырмыз», - дейдi ҚР Мәдениет және спорт министрлiгi кинематография және театр өнерi департаментiнiң бас сарапшысы Гүлнәфис Мырзашева.
Ұйымдастырушылардың пiкiрiнше, фестиваль қазақстандық театрларының қай бағытта дамып жатқандығын аңғаруға көмектеседi. Ұлттық театрлар әлемдiк театрлардың әлемдiк тенденцияларын қаншалықты меңгерiп жатыр, заманауи режиссурада, стенографияда қандай жаңалықтар бар - соны сараптайды.
Осымен үшiншi рет өткелi отырған фестивальге атақты актер, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты Асанәлi Әшiмов бастаған елдегi ең беделдi театр ардагерлерi мен сыншылары қазылық етедi.