Қазақстан университеттері мажарлық студенттерді көптеп қабылдауға дайын

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан университеттері мажарлық студенттерді көптеп қабылдауға дайын. Бұл туралы Ақордада елімізге ресми сапармен келген Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокпен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

магистратура
Фото: Freepik

- Терең мәдени және тарихи байланыстар күн тәртібіміздің жоғары деңгейі саналады. Халқымыз ортақ тарихымыздың аясында айрықша мәдениетімізді бөліседі. Бұл біздің бауырластық байланысымыз бен мұрамыздың дәлелі. Бүгінде Астана көшелерінің біріне мажарлық ақын Шандор Петёфидің аты берілген, - деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан білім саласында да Мажарстанмен өзара қарым-қатынасты кеңейтуге ниетті екенін атап өтті.

- Жыл сайын көптеген Қазақстан студенті мажар университеттерінде оқу үшін гранттар мен стипендиялар алуын жоғары бағалаймыз. Өз кезегінде Қазақстан университеттері де мажарлық студенттер мен зерттеушілерді көптеп қабылдауға дайын. Біз өзара жұмыс екіжақты күн тәртібіміздің аясында жалғасуы тиістігін түсінеміз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокты қарсы алды.

 

Соңғы жаңалықтар