Ел құрамасы Олимпиадаға қазақстандық шоколадтың арнайы шығарылған партиясын ала кетеді

Шоколад
Фото: ҚР ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM — Париждегі Олимпиада ойындарының қарсаңында Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті мен отандық кондитерлік фабрика бірегей коллаборация жасады.

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметі атап өткендей, серіктестік аясында әйгілі қазақстандық шоколадтың шектеулі партиясы шығарылды. Кондитерлік өнімнің қаптамасы Париждегі Олимпиада ойындарына орай спорт тақырыбындағы өзіндік дизайнмен әрленген. 

Шоколад
Фото: ҚР ҰОК

«Біз үшін спортшыларымызды барлық ірі жарыста қолдаудан бөлек, еліміздің мәдениеті мен қонақжайлылығын әлемге дәріптеу де маңызды. Атлеттеріміз жарыста үнемі өзімен алып жүретін дәстүрлі сыйлық — қазақстандық шоколад Олимпиада қарсаңында арнайы жаңа қаптамаға оралды. Біздің «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасымен бірлесе жасаған бұл коллаборациямыз ұлттық брендімізді халықаралық алаңда танытып қана қоймай, өзге елдермен достық қарым-қатынасты нығайтарына да сенімдімін. Өйткені, Олимпиада ойындары ең алдымен бар әлемді біріктіретін алаң», - деді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Жанар Утешева.

«Олимпиадалық» шоколадтың арнайы партиясы ел құрамасымен бірге Парижге аттанады. Спорттық делегация өкілдері шоколадты өзге ел қатысушыларымен бөлісу арқылы оларға әйгілі қазақ қонақжайлылығының бір бөлігін көрсетпек.

ҚР ҰОК
Фото: ҚР ҰОК

Фабрика ұлттық өндіруші ретінде спорт, салауатты өмір салты, отбасы институты, отбасылық құндылықтар мен өзін-өзі жетілдіру және рухани дамуды қолдайды. 

Шектеулі олимпиадалық коллекция Париждегі жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын біздің спортшыларымызды қолдау символы болмақ», - дейді «Баян Сұлу» АҚ басқарма басшысы әрі президенті Тимур Садықов.

Айта кетелік, «Олимпиадалық» шоколад Қазақстан дүкендерінде сатылады. Бұл еліміздегі әрбір тұрғынның спортшыларды қолдауына мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарына спорттың 25 түрінен 80 жолдама жеңіп алды. Нақтырақ айтсақ, бокс, дзюдо, спортттық гимнастика, жеңіл атлетика, байдарка мен каноэде есу, оқпен ату, семсерлесу, грек-рим күресі, еркін күрес, садақ ату, стендтік ату, теннис, велошоссе, жүзу, заманауи бессайыс, таеквондо, велотрек, батут гимнастикасы, бадминтон, академиялық есу, көркем гимнастика, триатлон, үстел теннисі, құзға шығу және брейкингтен Олимпиада ойындарында сынға түседі. 

Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Ойындарға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланған. Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Соңғы жаңалықтар