Қазақстан үшін де, Ресей үшін де барынша өзекті проблема - әлеуметтік жаңғырту - А.Власов

МӘСКЕУ.  9 қазан. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресейге жұмыс сапары басталды. Осы сапар аясында екі мемлекет басшысы ынтымақтастықтың өзекті ортақ тақырыптары бойынша мәлімдеме жасалмақ.
None
None

М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Посткеңестік кеңістікті зерттеу жөніндегі орталығының директоры Алексей Власов қазақстандық БАҚ өкілдеріне қазақстан-ресей қатынастарының кейбір қырлары жайлы сұхбат берген еді. Осы сұхбатты ҚазАқпарат оқырмандарының назарына ұсынамыз.

- Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа қандай баға бересіз?

- Менің ойымша, Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты екіжақты форматта да, сонымен қатар Еуразиялық ықпалдастық жобасы форматында да дамып келе жатқан стратегиялық одақтастық ретінде сипаттауға болады. Таяуда өткен Павлодар форумында  Ресей мен Қазақстан арасындағы ғарыштық жобалармен, инновация саласымен, агросектормен байланысты іс-қимылдардың негізгі бағыттары белгіленді. Мұның барлығы да екіжақты қарым-қатынастарға байланысты жайттар. Ал барынша кең ауқымдағы форматқа Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы байланыстар кіреді. Сондықтан да менің пайымымша, Владимир Путиннің Қазақстанға не болмаса Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапарын екі деңгейлі іс-қимылда, яғни екіжақты және көпжақты тұрғыда қарастыру қажет.  Бұл орайда айтарым, жоғарыда атап өткен  бағыттарда екі елдің қарым-қатынастары жоғары деңгейде дамып келе жатыр. Екіжақты келісімдер деңгейінде шешілмейтін бірде бір проблема жоқ деп нық сеніммен айта аламын.  Ең бастысы, осы іс-қимылдар болашақта да қалыпты деңгейде болады. Менің ойымша, қазіргі уақытта Ресей үшін де, Қазақстан үшін де барынша өзекті проблема әлеуметтік жаңғыртылу болып отыр. Міне дәл осы саладан түйісу нүктесін іздеу біздің елдеріміздің тұрақтылығы, даму мүмкіндігі барысында өте маңызды болмақ. Әрине, бұл ретте осы байланыстарды нығайтуға елдеріміздің президенттерінің зор үлес қосқандығын атап өткен орынды. Мұны Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің ресейлік газеттегі мақаласында да, Бірінші арнаға берген сұхбатында да өте жақсы айтып берді.

- Қазақстанның  Ресеймен сауда-саттық көлемі 20 пайызды құрайтындығы белгілі. Сіздің ойыңызша, бұл үдеріске Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік интеграциялық жобалары қалай әсер етеді?

- Тауар айналымның одан әрі өсуі екі жайтпен байланысты болуы тиіс. Біріншісі, шекарамаңы экономикалық ынтымақтастықты дамыту. Мәселен, Павлодар форумында көптеген қызықты жобалардың тұсаукесері өтіп, мүмкіншіліктің зор екендігі паш етілген еді. Қазақстан мен Ресейдің бірқатар облыстары бірлескен экономикалық кластерге тартылуы мүмкін. Ал екіншісі шағын және орта бизнесті дамыту.  Ол үшін ірі корпорациялардың мүддесімен байланысты емес салаларда ресейлік және қазақстандық капиталдың қатысуында бірлескен кәсіпорындардың құрылуына барынша жағдай жасау қажет. Айтпақшы, бұл да әлеуметтік жаңғыртылу тақырыбымен байланысты. Өйткені, біздің экономикалық реформаларымыздың әлсіз тұсы  кәсіпкерлікті дамыту болып отырғандығы шындық. Ал еуразиялық жоба аясында мәселен, ресейлік компанияларға өз бинестерін Қазақстанда жүргізуге мүмкіншілік бар. Шартты түрде айтар болсам, Ресей аумағында бизнесін өрістетудің арқасында азамат 10 миллион теңге пайда тапты деп көрсетер болсақ, бұл еуразиялық жобаның кез келген макроэкономикалық көрсеткішіне қарағанда үздік аргумент  екендігін паш етер еді. Сондықтан да Қазақстанның да, Ресейдің де міндеті еуразиялық ықпалдастықты қоғамдық жобаға айналдыру. Біз осыған бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қол жеткізе аламыз. Менің пайымымша, В.Путин мен  Н.Назарбаев бұл жайында көп сұхбаттасады және де түптің түбінде ерте ме, кеш пе, әйтеуір бұл бағытта сәттілік болады.

- Осы орайда ортақ валюта жайындағы пікіріңізді білдірсеңіз. Мәселен, Ресей рубльді ұсынса, Қазақстан Президенті ортақ валюта мәселесін алға тартады.

- Бұл пікірсайыстық мәселе. Өйткені, Ресей тарабы мұндай мүмкіншіліктің бар екендігін жоққа шығармайды. Ал өздеріңіз атап өткендей, Н.Назарбаев жаңа валюта жасау мәселесін қозғайды. Дегенмен көптеген жайт әлемдік нарықтағы жағдайдың қалай қалыптасатындығына байланысты болмақ.  Оны дәл қазіргі уақытта болжау мүмкін емес. Еуроаймақтағы дағдарыс валютаға қатысты барлық ұстанымдарды жоққа шығаруы да мүмкін. Сондықтан да егер де еуро құрдымға кете бастаса, онда еуразиялық одақ ішіндегі қаржы-ақша саясатын қалай қалыптастыруды байсалды түрде ойластыру қажет болады.

- Жалпы, осы  ұлтүстілік валюта құру мәселесі қаншалықты өзекті?

- Менің ойымша, бұл бүгінгі күннің мәселесі емес. Менің пайымдауымша, аттың алдына арбаны қойғандай жағдайда қалмау үшін экономистер ортақ валюта қандай тиімділік беретіндігінің сценарийін әзірлеуі қажет. Ал содан кейін ғана Үкімет басшылары, Президенттер деңгейінде мұндай сценарийлерді қабылдау қажет. Қандай тиімділік, қандай тәуекел бар екендігін зерделеген дұрыс. Мен шынымды айтсам, әзірше ондай терең талдауларды көргенім жоқ.

- Сіздің пікіріңізше, таяу аралықта ТМД-дегі басқа әріптестер Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке кіре ме?

- Шындығында тіпті ресейлік сарапшылар қоғамдастығы арасында да бұл мәселеде ортақ ұстаным жоқ. Іс жүзінде мен Украина аса қажет деп санаймын. Қазақстан да БЭК-ке, не болмаса Кеден одағына әлеуеті қуатты украиндық экономиканы қоссақ барлығы үшін де жаңа бәсекелі басымдық болатындығын жақсы түсінеді. Қырғызстан жағдайын өздеріңіз жақсы білесіздер. Дордай базары қытайдың контрафактілермен толып тұрғанда күрделі мәселе туындайтындығы түсінікті. Молдава мен Арменияның экономикалық кеңістікке кіруге ниеттері бар.

- Дегенмен Украина асығар емес қой.

- Оны сайлаудан кейінгі уақыт көрсетеді. Қазір Жоғарғы раданың сайлау науқаны ғой әрі саяси күштердің конфигурациясына байланысты. Көрерміз, асықпайық. В.Янукович әр кезде де қандай да бір ерекше формат жайында сөз қозғайды. Яғни сең орнына қозғалды. Дегемен бұл қанша мерзімге созылатындығы уақыт еншісінде.

- Соңғы сауалымыз, екі ел арасындағы өңіраралық форумда нені жандандыруымыз қажет?

- Статистикалық деректерге қарағанда Қазақстанмен тікелей сауда экономикалық байланысқа түскен Ресейдің өңірлерінің саны артты. Бірақ біздерге өңірлік кластер құру әрі брендтер өсіріп шығаруға талпыну қажет. Одан кейін өңіраралық ықтымақтастықты халықаралық нарыққа шығару керек.

Айтпақшы, біздер павлодарлықтармен еуразиялық интеллектуалды орталық құру идеясын талқылауға талпынып едік, өкінішке орай болмай қалды. Мұндай идеяға не жетелеген білесіздер ме? Өйткені біздерде еуразиялық шенеуніктер жоқ. Оны біздерде ешкім де дайындамайды. Міне қазақстандық та, ресейлік те жоғары оқу орындары еуразиялық мемлекеттік басқару саласына мамандар дайындаумен айналысатын осындай орталықтар құрумен айналысуды ойластыруы қажет.

- Сұхбатыңызға рахмет!

 

 

Соңғы жаңалықтар