Қазақстан үшін Сайгонның жаңа технологиялар паркі қызығушылық туғызады - Қ.Жақыпов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов бастаған қазақстандық парламенттік делегация өкілдері Вьетнам Социалистік Республикасына жасаған алғашқы ресми сапары барысында Хо Ши Мин атындағы Ұлттық саяси академия тыңдармандарымен кездесіп, Вьетнамда Қазақстан елшілігінің жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысты.
None
None

Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.

Қ.Жақыпов Қазақстанның заманауи дамуының ерекшеліктері, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған «Қазақстан-2050» Стратегиясы, ҮИИДБ және «Нұрлы жол» туралы баяндады.

- Вьетнам 2020-жылға қарай индустриалдық экономика мәртебесіне жету, өңдеу саласын жаңғырту, ғылыми қамтымды өндіріс үлесін арттыру туралы мақсат қойды. Сіздердің елдеріңіздің индустрияландыру бағыты өзінің мақсат, міндеттері бойынша «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатымен үндес келеді. Бұл жоспарды табысты орындау қауіп-қатерлер мен дағдарысқа қарсы тұруға ықпал етіп қана қоймай, біздің еліміздің 2050 жылға қарай ең дамыған 30 елдің қатарына кіруіне мүмкіндік береді, - деп атап өтті Мәжіліс Спикері.

Қ.Жақыповтың айтуынша, Қазақстан үшін микроэлектроникаларды, нанотехнологияларды, энергия үнемдегіштерді дайындаумен айналысатын жоғары технологиялы Сайгон саябағы айрықша қызығушылық туғызады.

Сондай-ақ, құрамында сенатор Е.Мұқаев, мәжілісмендер М.Әшімбаев, Р.Мәдинов, Ә.Бимендина, В.Киянский, Ү.Медеуов бар делегация мүшелері Вьетнамда Қазақстан елшілігінің жаңа ғимаратының ашылуына қатысты.

Аталып өтілгендей, бұл - қос мемлекет арасындағы екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға деген мүдделіліктің көрсеткіші, достықтың, әріптестік пен өзара сенімнің белгісі.

Соңғы жаңалықтар