Қазақстан үшін Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы елдері нарығына жол ашылды

«Қазіргі істің тарихи мәні бар. Біріншіден, үш елдің халқы үшін жолдың бойында неше түрлі елді мекендер пайда болып, халық жұмыспен қамтылады, қарым-қатынас жанданады. Екіншіден, үш мемлекеттің арасындағы сауда-саттық ұлғаяды. Биылғы жылдың басында біз Түркіменстан мен Қазақстан арасындағы жолды іске қосқанбыз. Осы аз уақыттың ішінде сауда-саттық 40 пайызға өсті. Енді міне үш мемлекет қатынасатын болды. Үшіншіден, бұл жол біздің төңірегіміздегі барлық көршілерімізге өз ықпалын тигізеді», - деді ҚР Президенті салтанатты шара барысында.
Сонымен үш мемлекеттің аумағынан өтетін «Өзен-Қызылғая-Берекет-Этрек-Гөрган» темір жолы желісі «Солтүстік-Оңтүстік» жаңа халықаралық көлік дәлізінің бір бөлігі саналады. Есте болса, бұл жобаға қатысты бірлескен декларацияға 2007 жылдың қыркүйегінде Қазақстан, Түркіменстан және Иран Президенттері қол қойып, сол жылдың 1 желтоқсанында үш ел Үкіметтерінің арасындағы келісімге сәйкес жүзеге асырыла бастаған болатын. Жолдың 146 шақырымы Қазақстан, 700 шақырымы Түркіменстан, ал қалған 82 шақырымы Иран аумағы арқылы өтеді.
Магистральдың Түркіменстан мен Қазақстан арасындағы учаскесі өткен жылдың мамырында екі елдің басшыларының қатысуымен ресми ашылған еді. Бұл ретте Қазақстан мен Иранның аталған декларацияға сәйкес өз учаскелеріндегі бөліктерді толығымен аяқтап пайдалануға берген болатын. Ал Түркіменстан болса, темір жолдың Қазақстан бағытындағы 444 шақырым аяқтап, өткен жылдан бастап Иран бағытындағы 256 шақырымды өз күштерімен қарқынды салуда.
Осы ретте еліміздің өнімдерін аталған елдерге шығаруға жол ашатын Иран мемлекетінің көлік транзиттік бағыттағы алдағы уақытта атқарар шараларына да тоқтала өткен жөн.
Бірден айта кетерлігі, Иран Ислам Республикасының басшылығы да елдің көліктің әлеуетін арттыру, транзиттік жүк тасымалы көлемін еселей түсіру мәселелеріне ерекше ден қоюда. Ал бұл ретте темір жол көлігінің зор рөл атқаратындығы белгілі. Қазіргі таңның өзінде мемлекет аумағы арқылатын жалпы жүк тасымалының шамамен 20 пайызы темір жол үлесіне тиіп отыр. Ал елдің Жол және қала құрылысы министрі А.Ахундидің айтуынша, 2015 жылы Иран өз аумағы тасымалданатын жүк көлемін 14 млн. тоннаға жеткізбек. Бүгінде Иранның автокөлік және темір жол жолының жалпы ұзақтығы 50 мың шақырымды құраса, оның 10 мың шақырымы - теміржол. Келесі жылдың мамыр айынан бастап ел жалпы ұзақтығы 4,8 мың шақырымды құрайтын 35 жаңа теміржол жобасын қолға алуды жоспарлауда. «Кум-Исфахан», «Казвин-Рашт», «Энзели-Астара», «Мелайер-Керманшах», «Керманшах-Хосвари», «Мийане-Табриз», «Шираз-Бушехр», «Тегеран-Хамадан-Санандадж», «Гөрган-Боджнурд-Мешхед» бағыттарындағы теміржол жобаларын жүзеге асыруға 5 млрд. АҚШ долларын жұмсамақ. Бұдан бөлек, алдағы бес жылдың ішінде транзит көлемін 25 пайызға ұлғайту мақсатында Иранды Ауғанстан, Қытай және Пәкістанмен қосатын халықаралық және өңірлік көлік дәліздері жобасын жүзеге асыруға ниетті.
Сондықтан да Иран Үкіметі үш елдің аумағын кесіп өтетін темір жолын ерекше назарда ұстауда. Ал бұл жол «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көліктік транзит дәлізінің құрамдас бөлігі саналады. Бұл дәліз Еуропа мен Азия мемлекеттеріне Орталық Азия пен Парсы шығанағына мол мүмкіндік ашар болса, Оңтүстік Азия елдеріне де өз тауарларын Солтүстік пен Шығыс Еуропа елдеріне жөнелтуге мүмкіндік береді.
Жалпы, көптеген сарапшылардың пікірлерінше, Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені әлеуеті Парсы шығанағындағы мемлекеттік әрі жеке компаниялардың тарапынан ерекше қызығушылық туындатуда. Ал Қазақстан-Түркіменстан-Иран аумағы арқылы өтетін бұл темір жолды пайдалануға беру 10 млн. тоннадан астам жүкті жыл сайын Таяу және Орта Шығыс елдеріне жеткізуге мүмкіндік береді.
Жоғарыда атап өткеніміздей, үш ел аумағынан өтетін осы темір жол Қазақстанның астығын, мұнай өнімдері мен металын және басқа өнімдерін Парсы шығанағы мен Азияның бірқатар елдеріне іркіліссіз жеткізуге мүмкіндік береді. Мәселен, алдын ала мәліметтерге қарағанда, Таяу Шығыс елдері нарығындағы астыққа сұраныс жылына 23 млн. тоннаны құрайды екен. Ал осы темір жолдың арқасында Қазақстан астық экспортына кететін шығыстарын біршама қысқартып, тауарының бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсетіндігі сөзсіз. Бұл бағытта да нақты шаралар бүгігі таңда қолға алынуда. Мәселен, қазақстандық мемлекеттік және жеке компаниялар, оның ішінде «Астық терминал» фирмасы Иран-Түркіменстан шекарасына тақау орналасқан «Инче-Бурун» темір жол стансасында әмбебап терминал құрылысын қолға алуда. Қазақстандық жобаға сәйкес, аталған терминал көптеген логистикалық әрі техникалық мәселелердің шешілуіне оң септігін тигізіп, екіжақты тауар айналымы көлемін еселей түспек. Бастапқы кезеңде қазақстандық компания астық сақтауға арналған сыйымдылығы 20 000 тонналық элеватор салып, оның қуатын алдағы уақытта 50 000 мың тоннаға жеткізбек. Сонымен қатар еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі қол жеткізген уағдаластыққа сәйкес, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» да осы жобаға қатысуға ниет танытып отыр. Егер корпорация бұл жобаға атсалысар болса, онда бұл элеватордың қуатын 100 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік бар. Ал бұл жыл сайын Иран бағытына қарай 2,5-3 млн. тонна Қазақстан астығын жөнелтуге жол ашатындығы сөзсіз. Айта кетерлігі, соңғы жылдары Иран бағытына жөнелтілетін Қазақстан бидайының көлемі күрт төмендеп кеткен болатын. Мәселен, ирандықтар 2009 жылы 988,8 мың, 2010 жылы 627,5 мың, 2011 жылы 336 мың тонна қазақ астығын сатып алған еді. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш тіпті құлдырап, Иранның «Ховар-е мийоне» компаниясы Қазақстанның «Азық-түлік» корпорациясымен небәрі 200 мың тонна астықты жеткізу туралы келісімге келгені есте. Дегенмен тараптар, бұл көрсеткішті бірнеше еселеп алдағы уақытта 1 миллион тоннаға жеткізуге де ниетті. Ал жоғарыдағы элеватор іске қосылғаннан кейін еліміз бұдан бөлек иран жерінде мұнай, газ, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, мұнай химиясы өнімдері, құрылыс материалдары мен металл сақтауға арналған терминал құрылысын қолға алуды жоспарлауда.
Қорыта айтқанда, Қазақстан бұл жобаның игілігін толық көлемде пайдаланып, алдағы уақытта жаңа нарықтар бағындыруда зор мүмкіндікке ие болып отыр.