Қазақстан үшін Шығыс Еуропа елдері ЕО-ға «достық есігі» – Таисия Мармонтова
АСТАНА. KAZINFORM – «Еуразиялық мониторинг» сараптамалық зерттеу орталығының сарапшысы Таисия Мармонтова Kazinform агенттігінің шолушысына берген сұхбатында Шығыс Еуропамен өзара іс-қимылды тереңдету үшін Қазақстанға не керектігін айтты.

– Қазақстан мен Мажарстан, Словакия, Болгария елдерін қоса алғанда Шығыс Еуропа мемлекеттері арасындағы қазіргі қарым-қатынасты қалай сипаттар едіңіз? Мамырдың соңы мен маусымның басында аталған үш елдің басшыларымен жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізілгені белгілі. Қандай да бір ортақ үрдіс немесе әрбір елмен бірегей қарым-қатынас бар ма?
– Иә, бір жағынан ортақ сипаты, ал екінші жағынан өзара іс-қимыл бағыттары бойынша бірегей ерекшеліктері бар екенін дұрыс аңғарғансыз. Ортақ үрдіс – ынтымақтастықтың барынша сындарлы сипаты. Қазақстан Шығыс Еуропа елдерімен қарым-қатынасын сауда-саттықты, инвестицияны ғылымды, технологияны, білімді дамыту үшін қалыптастыруда. Мажарстан, Словакия, Болгария және Қазақстан арасында идеологиялық қарама-қайшылық жоқ. Мұның үстіне өзара іс-қимыл форматы негізінен екіжақты.
Үш ел де ЕО мен НАТО-ның мүшесі. Ал Қазақстан олармен жалпыеуропалық формат аясымен шектелмей, тікелей жұмыс істейді. Бұл бізге «иненің көзінен» өтуге, яғни геосаяси соғыстардың қандай да бір санкциясына ұшырамауға мүмкіндік беруі әбден ықтимал. Қарым-қатынас экономикаға, энергетикаға, логистикаға бағытталған.
Ең алдымен, Шығыс Еуропаның елімізге деген қызығушылығы Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы орны мен логистикалық және энергетикалық көпір ретіндегі рөліне байланысты.
Ал Қазақстанға бірінші кезекте еуропалық нарық қызығушылық тудырады. Бұл – инновациялар мен технологиялар. Жалпы алғанда, бұл елдермен жақсы қарым-қатынастамыз. Бұл жерде ешқандай санкция немесе геосаяси қысым жоқ.
Мажарстанмен шынымен де ерекше қарым-қатынасымыз бар. Ол – Қазақстанның Шығыс еуропадағы негізгі серіктестерінің бірі. 2013 жылдан бері стратегиялық серіктестік жұмыс істейді, жоғары деңгейде белсенді байланыс бар. Мажарстан – Қазақстанның Вишеград тобы форматымен байланысын дамытуда бастамашысы әрі белсенді қатысушысы. Экономикада Мажарстан уранға, энергетикалық ресурстарға және ауыл шаруашылығы өнімдеріне өте белсенді қызығушылық танытып отыр. Қазақстан студенттеріне арналған Stipendium Hungaricum стипендиялық бағдарламасы да қызықты.

Болгарияға келер болсақ, онда мұнда бәрі тыныш деуге болады. Құжаттар тұрғысында стратегиялық серіктестік жоқ. Бірақ қарым-қатынас реңі айтарлықтай достық бейілде. Жақында ғана Президенті келіп, оны Ақорда салтанатты түрде қабылдады. Жалпы, тауар айналымының қарқынды дамуы байқалады. Бірақ қызығы, Болгария бізден көбірек сатып алады. Сонымен қатар Болгария Қазақстанды өткізу нарығы және Орта дәліз аясында транзиттік ел ретінде қарастырады. Бұл қызығушылық рәсімделген меморандумда көрініс тапқан.
Энергетика саласында да байланыс дамып келеді. Айтпақшы, Болгария бізден мұнайды көбірек сатып алады. Білім беру саласында белгілі бір деңгейде байланыс бар. Керемет мысал: танымал болгар ғалымы, доктор Татьяна Дронзина ЕҰУ-де шын мәнінде болашағы зор бірқатар ғалымның докторлық диссертацияларына ғылыми жетекшілік етеді.
Словакия – көтеріліп келе жатқан үрдіс. Ел Қазақстанға жасыл технологияларды, IT және машина жасау салаларын белсенді түрде ілгерілетіп жатыр. Жалпы алғанда, Қазақстанға ЕО-мен өзара іс-қимыл саласындағы реформалардың словак тәжірибесі қызықты әрі пайдалы. Өйткені, біз орта держава ретінде көптеген серіктеспен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасты дамытуға тырысамыз.
Тұтастай алғанда, Шығыс Еуропамен ортақ үрдіс – бұл күн тәртібін үнемдеу, геосаяси қайшылықтардың болмауы және Орта дәлізге деген айқын қызығушылық. Бірегей ерекшеліктері әрқайсысының өз тауашалары бар: Словакия – бұл технология мен өнеркәсіптік құрылыс; Болгария – бұл прагматика, энергетика және көлік; ал Мажарстан – бұл қалай дегенде де өңірдегі Қазақстанға қатысты саяси көшбасшы.
- Сыртқы саясатымыз бен экономикалық мүддеміз тұрғысынан алғанда Қазақстан үшін Шығыс Еуропа елдері қаншалықты маңызға ие?
- Мажарстанды қоспағанда Шығыс Еуропа елдері біздің стратегиялық әріптесіміз болмаса да, белгілі бір тауашалар бойынша нақты серіктестер деп атауға болады. Сонымен қатар, олар біз үшін қарым-қатынастарды әртараптандыру терезесі ретінде өте маңызды.
Өйткені, Шығыс Еуропа – идеологиялық кедергілерді көп көрсететін Батыс Еуропаға қарағанда, ЕО аясындағы бейтарап өріс. Жоғарыда аталған елдер жағдайға кеңірек қарайды және тағы да орта деңгейдегі державалардың қалай жұмыс істейтінін өте жақсы көрсетеді.

- Елдеріміз арасындағы ынтымақтастық үшін барынша келешегі зор деп экономиканың қандай секторларын атар едіңіз?
- Қазақстан Орта дәлізге және ЕО нарығына шығуға мүдделі, ал Шығыс Еуропа елдері бұл тұрғыда біз үшін өзіндік «достық есігі» ретінде әрекет етеді. Технология трансферті маңызды екені сөзсіз. Өйткені Словакия мен Мажарстан өнеркәсіптік және IT шешімдердің нақты көздері саналады.
Экономикалық тұрғыдан бұл қосымша, бірақ негізгі нарық емес. Өйткені жылдық сауда-саттық көлемі 300-400 млн доллар, бұл өте көп емес. Дегенмен, фармацевтика (Болгария, Словакия), машина жасау және баламалы энергетика (Словакия), білім беру (Мажарстан, Болгария), ауыл шаруашылығы (Болгария) сияқты салалар маңызды. Ал мұның барлығы – жаңа мүмкіндіктер терезесі.
Соған орай, саяси тұрғыда бұл – көпполярлы әлемнің қалыптасуы жағдайында көпвекторлықты паш ету алаңы. Бұл – қалыптасып жатқан халықаралық қатынастар жаңа жүйесінің көкжиегі. Себебі, мажарстан, Болгария, Словакия бүгінде Қазақстанға қатысты барынша теңгерімді саясатты жиі жүргізеді және бізге байланыстарды паш ету әрі ірі ойыншылармен ғана шектеліп қалмай, ЕО-мен байланыстарды жолға қоюды жалғастыру өте тиімді.
- Сіздің пайымыңызша, Қазақстан Шығыс Еуропа мемлекеттерімен қарым-қатынасты барынша тиімді дамыту үшін қандай қадам жасай алады және жасауы тиіс те?
- Бұл жерде барлық алманы бөлек себеттерге салуға кеңес берер едім. Өйткені, қазіргі тәсіл теңгерімсіз. Мажарстан – «жұлдыз» және бұл түсінікті те. Бізді тарихи тұрғыдан жақындастыратын көп дүние бар.
Басқа елдермен жол белсенді емес. Мажарстанға тікелей рейс жоқ, басқа елдерге тіпті пойыз ауыстыру арқылы жетеміз. Бұл да өзекті мәселе. Мүмкіндіктерді жіберіп алмау үшін әр елге бөлек жол картасы қажет.
Айталық, Словакия – бұл IT, жасыл экономика тауашалары, осы бағыттағы бірлескен жобалардың болашағы зор. Жақында Орталық Азияға суперкомпьютер жеткізілді. Бұл салада да ынтымақтастық орнатуға болады.

Болгария – бұл энергетика және логистика. Бұл жерде тағы да Орта дәліздің артып келе жатқан маңыздылығы ерекше рөл атқарады. Бұл ретте сөз ең алдымен мұнайға қатысты болып отыр. Оның бағасы күрделі геосаяси жағдайға байланысты өте құбылмалы болып тұр.
Әрине, саяси диалогты сәйкестендіру, президенттер, премьер-министрлер, Сыртқы істер министрліктері басшылары деңгейінде тұрақты сапарларды қолдау маңызды. Болгариямен, мысалы, ірі халықаралық саммиттер алаңындағы кездесулерді қоспағанда, ол әлі де ауық-ауық қана. Сондай-ақ Шығыс Еуропадағы аймақтық форумдарға қатысу маңызды, мұнда Қазақстан әлі де аз қатысады.
Вышеград тобымен қарқынды өзара іс-қимылды дамыту, ірі қалалар, өңірлер, Парламенттер желісі бойынша барлық ықтимал алыс-берісті ынталандыру қажет.
Білім беру саласындағы серіктестікті, шәкіртақыға өзара квота бөлуді жандандыру өте қажет. Қос дипломдық, желілік магистратура бағдарламаларын құру перспективалы болар еді: мысалы, сол Словакия университеттерімен IT, көлік, Болгариямен энергетика. Біздің гуманитарлық бағыттағы өзара іс-қимылымыз жаман емес. Бірақ қандай да бір техникалық бағдарламалар туралы жиі естімейміз.
Іскерлік кооперация: Орта дәліз аясында инвестициялық алаңдар құру. Өйткені, қазір еуропалық бизнесмендердің бұл бағыт арқылы қазақстандық нарыққа қалай шығуға болатыны туралы түсінігі аз. Әрине, бұл – жұмсақ күш басымдығы. Өйткені мәдени және ғылыми алыс-берісті кеңейту маңызды.
Шығыс Еуропаға басымдық бере отырып, ғылыми конференциялар мен сарапшылар алаңын ұйымдастыру да жаман болмас еді. Мәселен, таяуда Қытай-Орталық Азия Think Tank форумы өтті. Вышеград форматымен ынтымастық аясында Астана клуб сынды іс-шара ұйымдастырған жөн болар еді.

- Шығыс Еуропамен өзара іс-қимылымыз аясында ЕО елдері мен Орталық Азия үшін бүгінде және келешекте қандай мүмкіндіктер ашылмақ?
Қазір Еуропалық Одақ Орталық Азия бағытында белсенді жұмыс істей бастады. Еуропа бұл жерде өзіндік «прокси рөл» атқара алады. Тиісінше, Қазақстан Мажарстандағы, Словакиядағы және Болгариядағы серіктестері арқылы лоббистер сияқты өз мүдделерін Брюссель арқылы ілгерілете алады.
Мұнан ары, әрине, Шығыс Еуропа – Транскаспийдің соңғы нүктесі. Соған орай, логистикалық хабтар мен бірлескен көлік кәсіпорындарын дамыту перспективалы саналады. Бұл жерде Шығыс Еуропаның қатысуымен индустриялық аймақтар құрылуы мүмкін. Қазақстанда да, Шығыс Еуропада да. Мұның үстіне бізде Қытайға қатысты жақсы мысалдар бар.
Әрине, бұл – жасыл экономика. Өйткені Қазақстан Словакия мен Мажарстаннан сутегі, жел энергиясы және энергия тиімділігін арттыру бойынша тәжірибе мен инвестиция тарта алады. Сонымен қатар, бұл – диджитал және IT. Шығыс Еуропа IT қызметтерінің аутсорсингінде өте күшті делік. Мұнда Еуразиялық нарықта жұмыс істей алатын бірлескен IT орталықтар құру керек.
Егер суперкомпьютерге қайта оралар болсақ, бұл – білім беру салаларын әртараптандыру тұрғысынан тағы бір мүмкіндік терезесі. Өйткені ол Ресейде, Қытайда немесе Түркияда білім алумен салыстырғанда біршама қызықтырақ дүниені қалайтындар үшін тауашаға айналуы мүмкін. Тиісінше, бұл – Қазақстан студенттер үшін сәтті және икемді балама.