Қазақстан Ұйым аясында «Шанхай рухының» сақталуына мүдделі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылғалы бері Еуразия құрлығында қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде әсер етуші факторға айналды. Бүгінгі таңда әйгілі, абыройлы және әмбебап халықаралық бірлестікке айналған ШЫҰ саясат, қауіпсіздік, экономика, мәдениет және гуманитарлық байланыс салаларындағы ынтымақтастықты дамыту үстінде. Әу баста «Шанхай бестігі» ретінде құрылып, кейіннен «алтылыққа», одан «сегіздікке» көтерілген Ұйым өзінің өміршеңдігін, мүше елдер арасындағы түйткілді мәселелерді шешуге қауқарлы екенін айқын көрсетті. Жалпы дүние дамуында Еуразия құрлығы әлемдік саясат пен экономикадағы негізгі қозғаушы тетікке айналып келе жатқанын ескерсек, оның басты құрамы ШЫҰ-мен де байланысты. Себебі ұйым Еуразия аумағының 60 пайызын, әлем халқының 40 пайызын алып жатыр, ал оған мүше елдер - «Үлкен Еуразия сегіздігі» әлемдік ЖІӨ-нің төрттен бірін өндіреді.
None
None

Қазақстан ШЫҰ-ға тың серпін берді

2017 жыл Қазақстан төрағалық еткен Ұйымның қызметіндегі тарихи жыл болды. Ресми Дели мен Исламабадтың ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі атануы «шанхайлық топты» әлемнің ірі халықаралық ұйымдары қатарына қосты және әлемдегі ең ірі аймақтық бірлестік атандырды. Еске салсақ, былтыр Астанада өткен ұйым саммиті барысында мемлекет басшылары Үндістан мен Пәкістанды ШЫҰ-ға қабылдау процесін аяқтау және мүше мәртебесін беру туралы маңызды келісімге қол қойған еді.

«Бүгін 2017 жылдың 9 маусымында Астанада тарихи оқиға болды. Біз ұйымға кіру үшін барлық міндеттемелерді орындаған екі жаңа мүше мемлекеттер - Үндістан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасын қабылдадық. Осылайша, ШЫҰ іс жүзінде ғаламшар халқының негізгі бөлігін өз құрамына қосу арқылы әлемдік саясат пен әлемдік экономиканың факторына айналды», - деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тарихи құжатқа қол қойылғаннан кейін.

Осылайша Астана саммиті Ұйым үшін жаңа кезеңге жол ашты. Айта кетерлігі, бірқатар елдердің басшылары Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығына жоғары баға берген болатын. Қазақстан ұйымның негізін қалаушылардың бірі болып қана қоймай, оның белсенді қозғаушы күшіне де айналды. Қазақстандық төрағалықтың 345 күнінде түрлі деңгейдегі бағыттарда 300-ден астам шара өткендігін атап өтсек те жеткілікті. Бұл іс-шаралардың шырқау шегі ШЫҰ-ның Астана саммиті болғаны сөзсіз.

ШЫҰ Бас хатшысы Рашид Алимовтің мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанның төрағалығы кезінде Азия, Еуропа мен Америка алаңдарындағы 100-ден астам түрлі халықаралық форумдарда, конференцияларда ШЫҰ қызметі жан-жақты көрсетілді. Мұнан бөлек, ШЫҰ-ның БҰҰ-мен өзара іс-қимылы жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде, БҰҰ-ның Вена бөлімшесінде тарихта алғаш рет ШЫҰ мен БҰҰ арасындағы ең жоғары деңгейдегі бірлескен іс-шара өткізілді.

Қазақстан 2001 жылы ұйым құрылғаннан сәттен бастап негізгі процестердің басы-қасында болды. Ұйым тарихына үңілсек, «Шанхай бестігі» аясындағы келіссөздер Қытай мен бұрынғы кеңестік 4 ел арасында жүргізілген еді. Бұл бағыттағы кездесулерде шекара  тақырыбы талқыға түсті. Жалпы осы жағдай Азия өңірі үшін бұрын болмаған оқиғаға айналды, алғаш рет Азияның  солтүстік-шығыс ауқымындағы өңірлерде шекара бойынша өзара тиімді, ымыралы келісімге қол жеткізуге мүмкін туды. Ұйым шеңберінде шекаралық мәселелер реттеліп, диалогтық әрі бейбіт формат басымдықта тұрды. Ұйым ұстанған осындай негіз Азия үшін жақсы әрі жарқын үлгі бола білді.

Жалпы алғанда, Үндістан мен Пәкістанның ресми түрде ШЫҰ-ға мүше болуы, біріншіден, жауапкершілік аумағының кеңейгенін білдіреді. Ендеше, бұған дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымы негізінен Орталық Азия өңіріндегі және осы аумаққа шектес жерлердегі мәселелерге назар аударып келсе, бүгінде оған Оңтүстік Азия да қосылып отыр. Осылайша, ШЫҰ енді трансаймақтық ұйымға айналды десек қателеспейтін секілдіміз. Ұйым мүшелері санының артуы Оңтүстік Азия бағытындағы нарықтарға қолжетімділікті тиімді етуге де септігін тигізеді.

«Шанхай рухы» термині қалай пайда болды?

Ұйым мүшелері арасындағы бір-біріне сенімділіктің жоғары деңгейі «Шанхай рухын» тудырған болатын. Осылайша Ұйым мүшелері ортақ ұмтылыс таныта отырып, ШЫҰ-ны жаңа үлгідегі ұйымға, халықаралық қатынастардың көпполярлық жүйесін қалыптастыратын, қызығушылық тудыратын орталықтардың біріне айналдырды. Бір сөзбен айтқанда, «Шанхай рухы» термині - қарсыластықтың емес, ынтымақтастықтың рухы деген мағынаға саяды. Оның астарында барлық мәселелер тек диалогқа сүйеніп шешілетінін аңғаруға болады. Расында көршілес елдердің арасында үнемі белгілі бір мәселелер туындайтыны анық және олардың барлығын осы арнада шешкен ұтымды.

ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабековтың атап өтуінше, Шанхай ынтымақтастық ұйымы бүгінгі таңда жалпы Орталық Азия аймағында қауіпсіздік саласында үлкен рөл ойнайтын фактор.

Жұмабек Сарабеков, сарапшы:

Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жетекші рөлдегі ұйымдардың бірі және Қазақстан мүше болғаннан бастап бұл ұйымда белсенді іс-қимылдарды атқарып келе жатыр. Біз үшін бұл тек қауіпсіздік саласында ғана емес, сонымен бірге экономикалық бағытта ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретін үлкен алаңдардың бірі. ШЫҰ қатары кеңейгенін білесіздер, бүгінгі таңда әлемдік әрі Еуразияның ең ірі державаларын біріктіретін ұйым болып отыр. Себебі Қытай мен Ресейден бөлек, өткен жылы Үндістан да мүше болды. Экономикалық әлеуеті мен саяси ықпалы бойынша ШЫҰ-ны Еуразиядағы ең салмақты диалог алаңдардың бірі деп бағалауға болады.

Бұл тұрғыда Жұмабек Сарабеков Қазақстан болашағы үшін ШЫҰ аясында әрқашанда белсенді, конструктивті рөл ойнауға мән беріп отырғандығын атап өтеді. Бұған дәлел ретінде еліміз бұл ұйымның барлық мүшелерінің мүддесін ескеріп, қауіпсіздік саласындағы, экономика саласындағы мүшелер арасындағы диалогтың күшейгеніне екпін қойып отырғанын айтуға болады.

Әлем сарапшылары мән беретін және бір жайт: жаңадан қосылған Үндістан мен Пәкістан ядролық қаруы бар елдер. Осылайша, Ресей мен Қытайды қоса есептегенде, енді ШЫҰ құрамында төрт ядролық держава болып отыр. Бұл ұйымның салмағына, ықпалына әсер етпей қоймайтыны анық. Әйтсе де Үндістан мен Пәкістан арасындағы біраз реттелмеген мәселелер бар екені де аян. Бұл жерде өзара екіжақты кикілжіңдер ШЫҰ мәртебесіне кері әсерін тигізбеуін қадағалау керектігі айтпаса да түсінікті. Сосын жаһандық аренадағы түрлі елдер арасындағы бақталастық пен бәсекелістік мәселелері ШЫҰ күн тәртібіне енгізілмегені абзал. Осы орайда Қазақстан «ШЫҰ рухын» сақтап қалуды қызғыштай қорғап келеді. Қазақстан елдер немесе державалар арасындағы бәсекелестікте ұйымның жаһандық құралға айналуын қаламайды. Яғни, Ресей мен Батыс елдерінің, Қытай мен АҚШ қарым-қатынастары ШЫҰ үшін мүлдем бөлек мәселе. Сондықтан осы жайттардың ШЫҰ күн тәртібіне ықпал етуіне жол бермеу маңызды. Өйткені, Ұйым әлемнің емес нақты азиялық проблемалардың шешілуіне негізделген.  

Циндаодағы саммиттен не күтеміз?

Соңғы кездердегі әлемдік саясаттағы оқиғалар желісін ескерсек,  қазіргі таңда Еуразия құрлығында ШЫҰ-ға деген қажеттілік һәм мүдделілік артып келетінін аңдауға болады. Сондықтан әлем елдері 2018 жылдың 9-10 маусымында Қытайдың Циндао қаласында өтетін ШЫҰ-ға мүше елдер басшыларының саммитін жіті бақыламақ. Айтулы шараға қызу дайындық жүріп жатыр. 24 сәуірде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлер кеңесі отырысының қорытындысы бойынша 14 құжаттың жобасы бекітілген-ді. Ол құжаттарға ШЫҰ-ға мүше елдер басшыларының саммитінде қол қойылуы тиіс.

Сарапшылардың пайымынша, Қытай төрағалығымен өтетін саммит жаңа сапада көрінеді. Себебі ауқымды шара  алғаш рет алтылық емес, «Шанхай сегіздігі» аясында толық құрамда өтпек. Сондықтан оған жаңа күн тәртібі енгізіліп, тың мәселелер талқыға салынады.

ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары, саясаттану ғылымының докторы Санат Көшкінбаевтың атап өтуінше, ұйымның кеңейтілуі бір мағыналы ғана жетістік емес. Өйткені онда барлық мүшелердің мүддесіне сай келетін тақырыптарды қаузап, оларды өзара тиімді шешу мақсаты тұр. Әрине, әр мемлекеттің қалауына салсақ, иақсат пен міндеттер күрделене түседі, дегенмен де ШЫҰ алаңы ортақтық пен диалогтықты жақтағандықтан, өзінің маңыздылығын сақтап келеді.

Санат Көшкінбаев, саясаттану ғылымының докторы:

Қазақстанның мүддесі қайда жатыр? Бұл ретте еліміз міндетті түрде экономика және қауіпсіздік секілді екі негізгі мәселеге назар аударады.  Мәселен, ШЫҰ аясында энергия ресурстары саласында ірі өндірушілер мен ірі тұтынушылар бірігіп отыр. Қазақстан, Өзбекстан, Ресей энергия өндірушілер болса, ал Қытай, Үндістан және Пәкістан маңызды тұтынушылар. Олар біздің әлеуетті нарықтарымыз. ШЫҰ қатысушы елдер арасында өзара қарым-қатынастардың кепілдендірілген жүйені құра алады. Осы бағытта Қазақстанның да қызығушылығы бар. Екінші аспекті - ол әрине қауіпсіздік проблемалары. ШЫҰ орталығында Орталық Азия және Ауғанстан тұр. Ауғанстан проблемалары әлі де толықтай шешімін тапқан жоқ. Ондағы қауіпсіздік ахуалына  ШЫҰ-ның  ықпалды жұмыстарын жандандыру керек. Ташкентте Шанхай ынтымақтастығы ұйымы Өңірлік антитеррористік құрылымы жұмыс істеуде. Осы бағытта да көптеген мәселелер бар. Үндістан мен Пәкістанның қосылуына байланысты арнайы қызметтер желісі бойынша жұмыстарды күшейту қажет. Олар есірткіге, лаңкестікке қарсы іс-қимылдарда ақпарат алмасуды күшейте алар еді. Сондықтан аталған тақырыптар күн тәртібінде қамтылады

Ал сонда ШЫҰ үшін қандай тақырып өзекті? Бұл ретте Қытайдың Циндао қаласында өтетін ШЫҰ саммитінде дәстүрлі түрде қауіпсіздік мәселесіне айрықша назар аударылатынын айтуға болады. Қазір әлемнің күн тәртібінде Таяу Шығыс мәселесі тұр, екіншіден Ауғанстандағы ішкі саяси жағдай да дүниені дүрліктірмей қоймайды. Ендеше қауіпсіздік ШЫҰ күн тәртібінен еш түспейтіні анық. Екінші мәселе - әлемдік сын-қатерлер, экономикалық мүдделер. Бұл бағытта да Ұйымға мүше мемлекеттердің өзара тың идеялары сұранысқа ие. Әлем сарапшылары Азия саудасының тасы өрге домалап тұрғанын, әлі де осы бағыттағы болашақтың кемел екенін айтып жатыр. Бұл жерде дүние саудасын сапырып отырған Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы ШЫҰ-ның ұстанып отырған экономикалық мақсаттарымен ұқсас екенін, оған Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасы да қолдау болатынын айтқан орынды. Бұдан бөлек, экономикалық бағытта Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» стратегиясын ұштастыру тұрғысында пікірлер айтылғанын ескерсек, алдағы саммитте осы бағытта да тиісті ұсыныстар жасалуы мүмкін. Бұндай пікірді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (KAZISS) директоры Зарема Шаукенова да қолдайды. Оның пайымынша, 2017 жылғы Астана Саммитінде ШЫҰ қатарына Үндістан мен Пәкістанның қосылуы Орталық және Оңтүстік Азия өңірлері арасында экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін береді.

Зарема Шаукенова, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (KAZISS) директоры:

Қазіргі уақытта өзара іс-қимылда басымдықты бағыт ретінде энергетикалық секторды, көлік инфрақұрылымын бірлесе дамыту белгіленген. Сонымен қатар, тауарлар мен капиталдың әрі технологияның еркін қозғалысын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. Менің ойымша, 2018 жылдың маусымында Циндаода жоспарланған ШЫҰ мемлекет басшылары Саммиті тарихи жиын болады. Себебі оның жұмысына әлем халықтарының жартысынан астамын біріктіріп отырған «сегіздік» өкілдері қатысады. Бұл елдер 2020 жылға қарай әлемдік жалпы ішкі өнімнің 35 пайызын қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Негізі, Астана саммитінен кейін ШЫҰ-ның жаңа сапаға ие болғанына еш күмән жоқ. Енді 2018 жылдың маусымында Қытайдағы саммит те тарихи маңызға ие болады деген сенім бар. Себебі оның жұмысына әлем елдері халықтарының жартысынан көбін біріктіріп тұрған «сегіздік» өкілдері тең құқылы негізде қатысады. Сондықтан Қытай тарапы өзінің әріптестеріне Шанхай ынтымақтастық ұйымы рухын ұстануға үндеу жасаса құба-құрп болар еді. Өйткені бұған дейін де ұйым аясында мүшелер аймақтағы өзекті мәселелерді бірігіп қарастырып, ортақ шешім қабылдауға қауқарлы болып келді. Ендеше  «сегіздік» мүшелері Шанхай рухын ары қарай қатаң ұстануға лайықты болуы керек.

Соңғы жаңалықтар