Қазақстан велоспорттағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтады
АСТАНА. KAZINFORM — Олжас Бектенов Халықаралық велосипедшілер одағының басшысы Давид Лаппартьенмен елімізде велоспортты дамыту мәселелерін талқылады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) президенті Давид Лаппартьенмен кездесті. Жиында еліміздегі велосипед спортын одан әрі дамыту, оның ішінде спортшылар даярлау және халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейту мәселелері талқыланды.
Қазақстанда спортшылар даярлауға қажетті спорт инфрақұрылымы қалыптастырылып, тиісті жағдай жасалған. Премьер-министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спорт пен спорт инфрақұрылымын дамытуға айрықша мән беріп отырғанын атап өтті. Президент «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында көтерген «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында өңірлерде тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Білім беру, спорт және мәдениет салаларында шамамен 50 нысан салу көзделіп отыр. Бұл азаматтардың спортпен шұғылдану мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
Солардың ішінде еліміз үшін ерекше маңызы бар және халықаралық аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрген танымал спортшыларымыз көп велоспорт түрімен де айналысуға жағдай жасалған. Бүгінде велосипед спортымен жүйелі түрде 9 мыңнан астам адам, соның ішінде балалар мен жастар да шұғылданады. Олардың жаттығып дайындалуы үшін Астанада әлемдік деңгейдегі «Сарыарқа» велотрегі және өңірлерде мамандандырылған мектептер желісі жұмыс істеп тұр. Еліміздегі велосипед спорты 4 сайыс түрінен тұрады, олар: тас жолда жарысу, тректе жарысу, маунтинбайк, яғни тау велосипеді және BMX (Bicycle Motocross/Байсикл Мотокросс). Тас жол велосипедтері 9, трек және тау велосипедтері 5, BMX 4 аймақта дамуда.
Кездесу барысында спортшыларды даярлауға және қазақстандық велосипедшілердің кәсіби өсуі үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге ерекше назар аударылды.
«Біз Халықаралық велосипедшілер одағымен әріптестігімізді жоғары бағалаймыз. Қазақстанда велоспорт кеңінен танымал. Александр Винокуров, Алексей Луценко сынды даңқты спортшыларымыз бен чемпиондарымызды, сондай-ақ Әнел Ташбай сияқты жас әрі дарынды велошабандоздарымызды мақтан тұтамыз. Қазақстан велоспортты одан әрі дамытуға және UCI-мен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Біз велоспортты елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде де кеңінен насихаттауға өз үлесімізді қосуға дайынбыз, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) Президенті Қазақстанның әлемдік велоспортты дамытуға қосқан үлесіне жоғары баға берді.
— Қазақстан велоспорттағы Азияның ең мықты елдерінің бірі. Мықты велошабандоздар көп, халықаралық аренада, соның ішінде Азия ойындарында да жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Astana XDS командасы көптеген жылдар бойы әлемдік пелотонның танымал ұжымдарының қатарына кірді. Қазақстанның велоспортты дамытуға қосып отырған үлесі мен осы бағытқа көрсетіп келе жатқан жүйелі қолдауын жоғары бағалаймыз. Халықаралық велосипедшілер одағы Қазақстанда велоспортты одан әрі дамытуға алдағы уақытта да қолдау көрсетуге дайын, — деді Давид Лаппартьен.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Халықаралық велосипедшілер одағының ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және велоспортты насихаттау жөніндегі бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға дайындығы расталды.