Қазақстан Венадағы Festival Bazaar 2015 қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысуда

Мұнда кез келген қонақ оңтүстікафрикалық жеңсік астың дәмін татып, араб киімін киіп, корейлік ұлттық әуендерді тыңдай алады. Дәстүр бойынша жәрмеңкені БҰҰ-ның әйелдер гильдиясы ұйымдастырады. Ал одан түскен қаражат әлемнің түкпір-түкпіріндегі тұрмыстық жағдайы төмен отбасылардың балаларына көмекке жаратылады. Бұл қайырымдылық базарында Қазақстан да өзінің өнімдерін ұсынды. Біздің әшекейлеріміз, кәдесыйларымыз бен ұлттық нақыштағы киімдеріміз талғампаз көрермендердің де көңілінен шықты. Шетелдіктерге әсіресе қазақстандық шоколад пен музыка қатты ұнаған екен.
«Мен қазақ елін, қазақ халқын осындай халықаралық деңгейде таныстырып жатқаныма өте қуаныштымын. Шетел халқы қазақ еліне көп қызығады. Қазақ халық киімін киіп, басымызға сәукеле киген кезімізде қасымызға жақындап, суретке түсіп, Қазақстан туралы сұрап жатса, әрине, Қазақстан туралы, Отанымыз туралы баяндап береміз», - дейді Festival Bazaar 2015 жәрмеңкесінің қатысушысы Наргиз Каписова.