Қазақстан-Вьетнам: Жаһандық экономикалық архитектурадағы дамушы елдер үні
АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы То Лам мемлекеттік сапармен келеді. Осы орайда Вьетнам премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі Буй Тхань Шон Kazinform агенттігіне эксклюзив сұхбат беріп, Қазақстан-Вьетнам қарым-қатынасының жай-күйі жайлы егжей-тегжейлі айтып берді.

- Қазақстан мен Вьетнам қарым-қатынасы өзара қызығушылық тудыратын барлық бағытта кеңейіп келе жатыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылы Вьетнамға ресми сапары аясындағы келіссөздер қорытындысында айтарлықтай жандана түсті. Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы То Ламның Қазақстанға мемлекеттік сапары қарым-қатынастың жаңа парағын ашады. Осы тұрғыда инвестициялық және сауда-экономикалық салалардағы қазіргі ынтымақтастық жайында не айтуға болады? Серіктестігімізді қай бағыттарда күшейте түскен жөн?
- Географиялық тұрғыда бір-бірінен шалғайда орналасқанына қарамастан Вьетнам мен Қазақстанды дәстүрлі достық пен жылы қарым-қатынас байланыстырады. Соңғы жылдары ынтымақтастығымыз, әсіресе экономика, сауда және инвестиция салаларында барынша тығыз әрі нәтижелі бола түсті.
Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтағы Вьетнамның сауда мәні жағынан екінші серіктесі саналады. 2024 жылы екіжақты сауда-саттық көлемі 800 млн доллардан асып түсті. Бұл - 2023 жылғы көрсеткіштен 2 есе көп. 2025 жылдың І тоқсанында ғана тауар айналымы 146,3 млн долларға жетіп, жылдық есептеуде 18,4 пайызға ұлғайды.
Экономика, сауда, ғылыми және техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комитет құрылып, оның 11 отырысы өтті. 2023-2025 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары жүзеге асырылып жатыр, оны 2030 жылға дейін ұзарту келешегі мол. Сонымен қатар Вьетнамның Қазақстандағы Сауда өкілдігі мен Вьетнам-Қазақстан бірлескен іскерлік кеңесін құру мәселесі де ілгерілеп келеді.
Инвестициялық жобалар саны көп бола қоймағанымен, вьетнамдық компаниялар тарапынан Қазақстан нарығына қызығушылықтың тұрақты түрде артып келе жатқаны байқалады. Туризмдегі ынтымақтастық пен халықтарымыздың алыс-берісі кеңейіп келеді. Аптасына 21 тікелей әуе рейсі қатынайды. Ал өткен жылы Қазақстан туристерінің саны 150 мыңға жетті.
Қол жеткізілген жетістіктерге қарамастан, ынтымақтастық әлеуеті әлі де жоғары. Көлік байланысын, әсіресе темір жол қатынасын дамытуға баса мән берген жөн. Екі елдің экспорттық тауарларының бір-бірімен бәсекелестігі өте төмен. Бұл Қазақстанға және ол арқылы Шығыс-Батыс, Солтүстік-Оңтүстік трансұлттық дәліздер арқылы өзге елдерге вьетнам экспортын арттыру үшін мүмкіндіктер ашады.
Мұнан бөлек, елдеріміз қаржы, энергетика, мұнай мен газ, тау-кен өндіру, білім, ғылым және технологиялар салаларында, сондай-ақ цифрлық технологиялар, «жасыл» энергетика, алдыңғы қатарлы материалдар мен жасанды интеллект сынды келешегі зор бағыттарда ынтымақтастықты кеңейту үшін зор әлеуетке ие.
Бас хатшы То Ламның Қазақстанға мемлекеттік сапары елдеріміз арасындағы дәстүрлі достықты одан ары нығайтып, жан-жақты ынтымақтастық үшін жаңа стратегиялық мүмкіндіктер ашатындығына сенімім мол.
- Вьетнам мен Қазақстан алдында тұрақты дамуды ілгерілету мен климаттың өзгеруі тұсында қандай мүмкіндіктер мен сын-тегеурін бар?
- Тұрақты даму және климаттың өзгеруіне қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық Вьетнам мен Қазақстан қарым-қатынасындағы жаңа, бірақ өте перспективалы бағыт саналады. Бұл тақырып алдағы сапар барысында стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға алғаш рет енгізілді.
Климаттың өзгеруін қоса алғанда, көбейіп жатқан сын-тегеуріндер жағдайында елдеріміздің тұрақты даму мақсатында келешектегі өзара іс-қимылдың жан-жақты және мазмұнды негізін пысықтауға мүмкіндік бар.
Бізде мықты саяси негіз және жаһандық мақсаттарға, оның ішінде Париж келісіміне қатысты ортақ міндеттемелер де бар. Вьетнамның табиғи апатты жою және ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту, ал Қазақстанның су ресурстарын басқару және жаңартылатын энергияны дамыту саласында тәжірибесі мол.
Дегенмен, табиғи жағдайлардағы, қаржылық және технологиялық дайындық деңгейлеріндегі, институционалдық базадағы және қоршаған ортаны басқарудағы айырмашылықтар белгілі бір қиындықтарды тудырады. Саяси ерік-жігерді нақты бағдарламалар мен жобаларға айналдыру қажет.
Стратегиялық көзқарасты ескере отырып, Вьетнам Қазақстанмен ғылыми зерттеулер, жасыл технологияларды беру, айналмалы экономиканы дамыту, экология және климаттың өзгеруі саласында кадрларды даярлау сияқты бағыттарда ынтымақтастық орнатуға ниетті. Сонымен қатар біз халықаралық форумдарда бастамаларды бірге ілгерілетіп, жаһандық дамудың барынша инклюзивті әрі тұрақты сәулетін қалыптастыру үшін дамушы елдер үнін күшейтуге үміт артамыз.

- Вьетнам мен Қазақстанның тарихта да, мәдениетте де ортақ тақырыбы көп. Елдеріміз ұлттық тәуелсіздік жолындағы күресте көптеген ауыртпалық пен қиындықты бастан кешірді. Бүгінде Вьетнамның сыртқы саяси бағдарына қандай тарихи сабақ негіз болды?
- Вьетнамның тәуелсіздік үшін күрестегі, ұлттық бірігудегі, жаңарудың заманауи бағытындағы тамаша жетістіктері оның сыртқы саяси қызметімен тығыз байланысты. Соңғы 80 жыл ішінде жинақталған құнды сабақтар әлі де өзекті болып қала береді және ұлттық дамудың жаңа дәуіріндегі Вьетнам дипломатиясының жолын сәулелендіреді.
Бірінші сабақ – ең жоғары ұлттық мүддені қамтамасыз ету. Вьетнам дипломатиясы әрқашанда Президент Хо Ши Миннің: «Әрқашан ұлт мүддесіне қызмет ет» деген өсиетін ұстанады. Бүгінгі таңда ұлттық мүдделер теңдік, ынтымақтастық, өзара тиімділік және БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларын сақтау қағидаттарына негізделген сыртқы саясаттың негізгі бағдары мен негізі болып қала береді.
Екінші сабақ – ішкі ресурстарды уақыт мүмкіндіктерімен ұштастыру. Қазіргі жағдайда дипломатия сыртқы ресурстарды жұмылдыруда жетекші рөл атқарады: әлемдік үрдістер, ынтымақтастық пен даму, төртінші өнеркәсіптік революция жетістіктері, цифрлық трансформация, «жасыл» көшу және елдің дамуына ықпал ететін басқа да факторлар.
Үшінші сабақ – сыртқы саясат пен қорғаныс, қауіпсіздік және саясатты әзірлеуде де, жүзеге асыруда да өзге секторлармен арасындағы тығыз үйлесімділік. Бүгінде сыртқы саясат, қорғаныс, қауіпсіздік және басқа да салалар тәуелсіздікті, егемендік пен аумақтық тұтастықты қамтамасыз етудің, сондай-ақ бейбіт, тұрақты және қолайлы халықаралық жағдай жасаудың негізгі құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады.
Төртінші сабақ – сыртқы әлеммен белсенді интеграция. Бұл бүкіл саяси жүйе мен халықтың даму қозғалтқышы мен ортақ міндетіне айналатын жан-жақты, кең және тиімді халықаралық интеграцияны білдіреді.
Осынау теңдессіз сабақтар өзгермелі халықаралық мән-мәтінге бейімделуге мүмкіндік беріп, елдің халықаралық аренадағы беделін нығайтып, Вьетнамның сыртқы саяси стратегиясын қалыптастыруын жалғастырып келеді.
- АҚШ пен Қытай арасындағы ұзаққа созылған шиеленіс Азия-Тынық мұхиты аймағындағы қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қауіп төндіруі ықтимал. Осының аясында Вьетнам әлі де болса аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды ойыншы ретінде қарастырылады. Саясаттағы қандай принциптер мен түзетулер Вьетнамға осындай күрделі жағдайда күш орталықтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді?
- Вьетнамның дәйекті және жан-жақты сыртқы саяси бағдары тәуелсіздік, өзін-өзі қамтамасыз ету, әртараптандыру және сыртқы байланыстардың көп векторлығы қағидатына негізделген. Вьетнам халықаралық ықпалдастық процесіне белсенді және бастамашыл түрде қатыса отырып, халықаралық қоғамдастықтың досы, сенімді серіктесі және жауапты мүшесі болуға ұмтылады.
Вьетнам дипломатиясының басты қағидасы – БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық негізінде ең жоғары ұлттық мүдделерді қорғау, тәуелсіздік, егемендік, бірлік пен аумақтық тұтастықты табандылықпен қорғау, сонымен қатар бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мақсатында «принциптерде беріктік, іс-әрекеттерде икемділік» қағидатын ұстану.
Мұнан бөлек, Вьетнам «төрт жоқ» қорғаныс саясатын ұстанады: Әскери одақтар жоқ. Бір елмен басқа елге қарсы одақтастық жоқ. Вьетнам жерінде шетелдік әскери базаларға және оны үшінші елдерге қарсы пайдалануға жол жоқ. Халықаралық қатынастарда күш қолдануға немесе оны қолданамын деп қорқытуға жол жоқ.
Осының негізінде халықаралық және аймақтық ауытқуларға қарамастан, Вьетнам ашық және теңгерімді сыртқы саясат қалыптастырып отыр. Ел 194 мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты және 70-тен астам халықаралық ұйым мен форумдардың белсенді қатысушысы саналады. 34, оның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты және тұрақты емес барлық мүшесімен стратегиялық және жан-жақты серіктестігі бар. Сондай-ақ, Вьетнам жаһандық және өңірлік проблемаларды шешуге де белсенді үлес қосып, өңірлік қауіпсіздік сәулетінде АСЕАН-ның негізгі рөлін ілгерілетіп келеді.
Кейінгі 30 жылдан астам уақытта екі ел байланысы қалай нығайды? Kazinform аналитикалық шолушысы осы тақырыпты талдап көрген еді.