Қазақстан XV Дүниежүзілік полицейлер және өрт сөндірушілер ойындарында екі алтын медальға ие болды

АЛМАТЫ. 7 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Солтүстік Ирландияда өтіп жатқан XV Дүниежүзілік полицейлер және өрт сөндірушілер ойындарында құрама капитаны Серік Нұрғалиев команда қоржынына қос алтын салды.

Қазақстан XV Дүниежүзілік полицейлер және өрт сөндірушілер ойындарында екі алтын медальға ие болды

Бенчпресс және пушпуллифтинг спорт түрлерінен С. Нұрғалиев үздік нәтижеге қол жеткізіп, екі рет жеңіс тұғырына көтерілді.

Таяуда жаттығу кезінде спортшы аяғынан ауыр жарақат алған, алайда, соған қарамастан, жарысқа қатысты. Серік Нұрғалиев - ең атақты полицей-атлеттердің бірі. ҚР ІІМ қызметкері, полиция подполковнигі және республиканың еңбек сіңірген спорт шебері құқық қорғау органдары арасында әлемнің он дүркін чемпионы және рекордшысы, Еуропа чемпионы болып табылады, күш құрылымдары арасындағы әлем біріншіліктерінде 29 алтын, 6 күміс және 2 қола жүлде иеленген. Спортшы 9 тамызда қол күресі бойынша жарыстарға қатысады.

XV Дүниежүзілік полицейлер және өрт сөндірушілер ойындары Белфастта (Солтүстік Ирландия) қаласында өтуде және 2013 жылдың 10 тамызына дейін жалғасады. Іс-шараға 70-тен астам елден 20 мыңнан астам шақырылған қонақтар, соның ішінде құқық қорғау органдарының шамамен 10 000 қызметкері қатысады.