Қазақстан заңсыз қаржылық операцияларға қарсы іс-қимылды өзара бағалау рәсімін сәтті аяқтады
Бағалау нәтижелері инвестициялық ахуалға және экономикалық дамуға, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі (БҰҰ, ЭЫДҰ, ХВҚ, Дүниежүзілік банк, Transparency International, World justice project және т.б.) позициясына мультипликативтік әсер береді.
Өзара бағалау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы стандартты мониторингке қойылды. Бұл елімізде кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың тұрақты және тиімді жүйесі қалыптасқанын, ал елдің КЖ/ТҚҚ саласындағы заңнамасы FATF стандарттарына едәуір дәрежеде сәйкес келетіндігін айғақтайды.
Атап айтқанда, ведомствоаралық және халықаралық ынтымақтастықтың айтарлықтай деңгейі еліміздің «жылыстатуға қарсы» жүйесінің ерекше жақтарына айналды.
Қылмыстық кірістерді жылыстатуға байланысты істерді тергеу тиімділігі айтарлықтай деңгейде бағаланды.
Бұл Еуразия өңірі елдерінің арасындағы ең үздік нәтиже. Мұндай бағаны FATF жаһандық желісіне кіретін 200-ден астам мемлекеттің 15-і ғана алған.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыда өткен ЕАТ-тың 38-ші пленарлық отырысына 20 елден 200-ден астам делегат, оның ішінде ЕАТ-ға мүше мемлекеттердің қаржы барлау бөлімшелерінің 9 басшысы (Беларусь, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан), 9 елден (Армения, Иран, Моңғолия, Сербия, АҚШ, Германия, Корея, Түркия, Франция) бақылаушылар мен қатысушылар, сондай-ақ шетелдік қонақтар қатысқан болатын.
Отырысқа FATF және басқа да беделді халықаралық ұйымдардың (БҰҰ, ХВҚ, ЕҚЫҰ, АДБ, ҰҚШҰ, ШЫҰ, ЕЭК, ТМД Атқару Комитеті, БКБОП, ТМД АТО, ОАӨАОА, ЕАДБ, ЕҚДБ, ҰБР) өкілдері қатысты.