14:46, 08 Қазан 2013 | GMT +5
Қазақстан жаһандық энергетикада өз саясатын жүргізе алады - Францияның экс-премьері Ф.Фийон
АСТАНА. 8 қазан. ҚазАқпарат - Алдағы жылдары Қазақстан жаһандық энергетикада маңызды роль атқара алады.

Бүгін Астанада ашылған «KAZENERGY» қауымдастығының VIII Еуразиялық энергетикалық форумында Францияның экс-премьері Франсуа Фийон осылай айтты. «Ол үшін Қазақстанның ресурстары жеткілікті. Шынымды айтсам, мен Қазақстанның Орталық Азиядағы әлеуметтік және саяси-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы ерен еңбегін жоғары бағалаймын», - дейді Ф.Фиийон. Осы орайда Францияның экс-премьері бүгінгі жаһандық энергетиканың жағдайына тоқталып, Еуропа мен Азия арасындағы «тепе-теңдіктің» түбегейлі өзгергенін ерекше атап өтті. «Бұған дейін біз тек дамушы мемлекеттерде болып жатқан жағдайларды ғана бақылап отыратынбыз. Қазір болса, бәрі түбегейлі өзгерді. Энергиялық ресурстары бар елдердің беделі өсіп келеді. Қазақстан осыны шебер пайдалана білсе, жаһандық энергетикада өз саясатын жүргізе алады», - деп атап көрсетті Ф.Фийон.