Қазақстан – жаңа Швейцария: саясаттанушы Тоқаевтың феномені туралы

Саясаттанушы, Ресей-Қазақстан баспасөз орталығының сарапшысы Андрей Выползов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясаттағы феномені туралы айтып берді. Kazinform  бұл туралы «Независимая газета» сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қазақстан – жаңа Швейцария: саясаттанушы Тоқаевтың феномені туралы
Фото: мақаладан скрин

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саяси сенімі қоғамдық кеңістікте қызу пікірталас тудырып жатыр. Көптеген адам Батыс пен Ресей арасындағы текетірес жағдайында Ресейдің ең жақын көршісі «шахмат ойнап», осы ақ-қара тақтадағы бәсекелестердің әрқайсысымен саяси қарым-қатынасты дамытып, нығайтып жатқан позициясын түсінбейді және қабылдамайды. Бүгінгі геосаяси жағдайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың феномені шын мәнінде бірегей. Енді талқылап көрейік, сонымен Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының мақсаты мен болашағы қандай?» - дейді Андрей Выползов.

Саясаттанушы одан әрі Қазақстанның сыртқы саясатындағы соңғы маңызды оқиғаларға тоқталады. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға, Ресейге, Түркияға, Сауд Арабиясына, Вьетнамға, АҚШ-қа, Германияға сапары. 20 мемлекеттің көшбасшысымен кездесу, ЕҚЫҰ Бас хатшысын қосқанда, Қазақстанда 12 жоғары мәртебелі саяси лауазым иелерінің, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және ЮНЕСКО бас директорының кездесуі. Сондай-ақ Ресей Федерациясы президенті Владимир Путинмен және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен бірге Ресей табиғи газының Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға транзитін іске қосу. 13 қазанда Қазақстан Президенті Бішкекте ТМД басшылары кеңесінің отырысына қатысты.

«Айтыңызшы, бүгінгі көшбасшылардың қайсысы осындай қарқынмен мақтана алады? Бұл жерде мына хрониканы түсіну жеткілікті. Қазақстан халықаралық аренадағы ойында белсенді. Қазақстан – әлемдік экономиканың маңызды бөлігі. Батыс пен Шығыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы жаһандық логистикалық хаб ретінде зор артықшылықтарға ие», - дейді саясаттанушы.

Сонымен қатар ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас ассамблеясында және «Астана» халықаралық форумында айтқан бастамалары туралы пікір білдірді.

Біріншіден, Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін ТДМ бойынша өңірлік хаб құру. БҰҰ-да 2030 жылға дейінгі «Мыңжылдықтың даму мақсаттарын» алмастыратын жалпы әлемдік күн тәртібі айқындалған.

Екіншіден, 2026 жылы БҰҰ қамқорлығымен өтетін Қазақстандағы өңірлік климаттық саммит. Мамандардың болжамынша, 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі құрғақшылыққа, су тасқынына әкеледі, соның салдарынан өнімділік 30%-ға төмендейді. Ал ішкі климаттық мигранттар саны 5 млн адамға жетеді. Осы экологиялық проблемаларды шешуді талқылау үшін Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылы климаттық саммит өткізу үшін Алматыда Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін ашуды ұсынды.

Үшіншіден, әділ бейбітшілік пен келісім үшін әлемдік бірлік бастамасы.

Төртіншіден, халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жанынан агенттік құру процесін бастау және БҰҰ қамқорлығымен ауруларды бақылау және биологиялық қауіпсіздік жөніндегі өңірлік орталық желісін құру туралы ұсыныспен жүгінді. Осындай орталықтардың бірін Қ.Тоқаев Қазақстанда орналастыруды ұсынды.

Бесіншіден, Қазақстанда «Әділ энергияға көшу» серіктестік бағдарламасының іске қосылуы.

Алтыншыдан, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің ізгі ниет елшілері институтын құру және оның шеңберінде Қазақстанда жас діни лидерлер форумын өткізу. Қасым-Жомарт Тоқаевтың идеясы «рухани дипломатияны» нығайту, ол халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастырудың бүгінгі үдерісінде адамзат алдында тұрған іргелі сын-қатерлерді еңсеруге көмектесуі тиіс.

«Әрине, конфессияаралық диалог (әсіресе Израиль – Палестина қақтығысы) Қазақстанның халықаралық аренадағы оң имиджінің дамуына тағы да ықпал етеді», - деп есептейді саясаттанушы.

Жетіншіден, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен алғашқы медициналық-санитарлық көмек (МСАК) көрсету жөніндегі елдер коалициясын құру. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, барлық ел өз халқының денсаулығын жақсартуға ұмтылып жатыр, осы орайда біртұтас әрі белсенді жұмыс істеу керек.

«Қасым-Жомарт Тоқаевтың осындай ауқымды, жүйелі және дәйекті халықаралық қызметінен кейін Қазақстанның беделі айтарлықтай өскені анық. Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет көшбасшысының негізгі жолдауына батыл саяси пікір білдіруге болады деп ойлаймын. «Қазақстан – жаңа Швейцария». Шынында да, халықаралық бақылаушылар соңғы жылдары Қазақстан өзін жаһандық бейтарап келіссөздер алаңы ретінде танытқанын, ал геосаяси тұрғыдан мемлекет жаһандық бітімгершілік рөлін сынап жатқанын атап өтті», – деп түсіндірді Андрей Волзов.

Сонымен қатар Ресей-Қазақстан баспасөз орталығының сарапшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ішкі саясаты туралы да сөз етті.

Андрей Волзов Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділ Қазақстанды құру жөніндегі ішкі саяси стратегиясы бүгінде бүкіл әлемге танылып жатқаны және Президенттің әділ әлемнің қалыптасуына, халықаралық қатынастар идеясын масштабтауға қосқан үлесі айқын деп санайды.

«1995 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевқа: «Қазақстан ғасырдың тосынсыйы болады», - деп айтқан Израиль СІМ басшысы Шимон Перестің сөзін еске алуға болады», - деп қосты саясаттанушы.

Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасына қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинде «Қазақстан Ресейге қарсы емес» деп жауап берді.

«Менің ойымша, мұны Батыста айту саяси батылдық болмағанда, не? Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Ресейге қарсы емес» деген сөзі әлемдегі қазіргі процестердің айқын және жасырын белгілері тұрғысынан өте құнды», - дейді сарапшы.

Қазақстан мен Ресей Президенттерінің келесі кездесуі қарашада Қазақстанда жоспарланған және екі елдің өңіраралық ынтымақтастығының 19-шы форумына орайластырылған.

Соңғы жаңалықтар