Қазақстан және Моңғолия СІМ саяси кеңестерінің қорытындылары бойынша 2015-2016 жылдарға арналған Ынтымақтастық жоспарына қол қойды (ФОТО)

Олардың қорытындылары бойынша ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев пен Моңғолия сыртқы істер вице-министрі Наваан-Юндэн Оюундарь 2015-2016 жылдарға арналған ведомствоаралық ынтымақтастықтың жоспарына қол қойды.
Келіссөздер барысында тараптар бір-бірін әлеуметтік-экономикалық жағдайдың басты аспектілері, сондай-ақ өз мемлекеттерінің сыртқы саяси бағыттарымен таныстырып өтті.
«Қазақстан Республикасымен қарым-қатынас - Моңғолияның сыртқы саясатының маңызды бағыты. Біздің президенттеріміз таяуда Мәскеу қаласында біздің ортақ мерекеміз - Жеңістің 70 жылдығын тойлау кезінде кездесті. Парламентаралық байланыстар қарқынды даму үстінде. Биылғы жылдың ақпан айында Моңғолияның парламенттік тобын Қазақстанда жылы қарсы алғанына ризашылығымды білдіремін. Біз қазақстандық парламентшілерді 15-19 қыркүйек аралығында Ұлан-Батырда өтетін ҰҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясының күзгі сессиясына қатысуға шақырамыз», - деді келіссөздер барысында Н.Оюундарь.
Ол Моңғолияның ядролық қарусыз статусы және 2009 жылы күшіне енген, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарт (Қазақстан да қатысқан) аймақтық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі болып табылатынын атап өтті.
Н.Оюундарь Ұлан-Батыр мен Астананың ШЫҰ және Жібек жолы бойындағы дамыған инфрақұрылымды қалыптастыру тәрізді көпжақты құрылымдар мен жобалардың аясындағы ынтымақтастығының үлкен әлеуеті бар екенін айтты. Моңғол дипломаты аймақтық және жан-жақты ынтымақтастық, мамандар алмастыру мәселелері бойынша тұрақты ведомствоаралық семинарлар мен дөңгелек үстелдерді өткізіп, сондай-ақ екі елдің дипломатиялық академияларының арасындағы ынтымақтастықты ретке келтіруді ұсынды.
«Біз Қазақстанның ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындығын ғана емес, жалпы алғанда, бұл Халықаралық көрмені насихаттаудағы белсенділігін көріп отырмыз. Біз Моңғолияны ЭКСПО көрмесіне қатысуға шақырғандарыңыз және біздің павильонымызды Азия-Тынық мұхиты аймағы құрамына кіретін елдер - Жапония және Оңтүстік Кореямен бір қатарға орналастыруға дайын екендіктеріңізге ризашылық білдіреміз», - деді Н.Оюундарь.
Өз тарапынан Р.Жошыбаев Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы мүшелігіне кандидатурасын, сондай-ақ ҚР-ның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі статусын алуына Ұлан-Батырдың қолдауының маңыздылығын атап өтті. Ол Қазақстан сыртқы саясатында экономикаға басымдық беретіндігін атай келе, сауда-экономикалық, тау-кен, қаржылық-инвестициялық, ауыл шаруашылығы, білім беру, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастықты жандандыру қажеттілігіне тоқталып өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылдың 22 қаңтарында орнатылған. Қазақстандық тараптың мәліметтерінше, 2014 жылы екіжақты тауар айналымының көлемі 58,9 млн.АҚШ долларын құрады.