Қазақстан және Сербия: бірнеше бағытты қамтыған берік байланыс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәрі құрлықта орын тепкен тағы бір ел – Сербияға ресми сапармен барды. Қазір Астана мен Белград сауда-экономикалық салаларды ғана емес, мәдени байланыстарды да жақсарта алды. Кезекті сапар екі ел серіктестігін нығайта түсетіні даусыз. Алдағы уақытта бірнеше маңызды келіссөздер өтіп, маңызды қадамдардың куәсі болуымыз мүмкін. Kazinform тілшісі Қазақстан мен Сербия арасындағы байланыстың маңызды тұстарына тоқталып көрді.

Сербия
Коллаж: Kazinform; Pixabay;

Саяси ынтымақтастықтың өрбуі

Екі ел арасында 1996 жылдың 10 желтоқсанында дипломатиялық қатынас орнады. 2011 жылы Сербия Республикасының Астанадағы Елшілігі ашылса, Сербия Республикасында ҚР Елшілігі 2019 жылы жұмысын бастады.

2023 жылы қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сербия Президенті Александр Вучич Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» форумы аясында кездесу өткізді.

Тоқаев пен Вучич
Фото: Ақорда

 

Жалпы, Сербия Республикасының Президенттері Қазақстанға төрт рет келген (үш рет ресми сапармен, бір рет жұмыс сапарымен). Осыдан-ақ байланыстардың берік орнағанын аңғаруға болады.

Парламентаралық ынтымақтастық та қарқынды дамыды. Сербияның 13-ші шақырылымындағы Халықтық жиынында (Парламентінде) 19 депутаттан тұратын Қазақстанмен достық тобы құрылған.

Ал ҚР Парламенті Сенатында «Орталық және Шығыс Еуропа» өңірінің елдерімен ынтымақтастық жөніндегі топ құрылды. Бұған қоса Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасы – Сербия Республикасы» ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық тобы бар.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық

Сауда және интеграция министрлігінің дерегіне үңілсек, 2023 жылдың қорытыңдысы бойынша Қазақстан мен Сербияның тауар айналымы 91,2 млн долларды құраған. 2022 жылмен салыстырғанда 23,6 пайыз өсім көрсетіпті. Оның ішінде қазақстандық экспорт – 11,3 млн доллар, Сербиядан импорт – 79,8 млн доллар.

Сербия
Инфографика: Kazinform

 

Ал биыл алғашқы 9 айда тауар айналымы 69,4 млн доллар болды. Сербияға экспорттың көлемі – 10,5 млн доллар. Негізінен Қазақстан аралас минералды тыңайтқыштар (6,4 млн доллар), пропилен полимерлерін (2,4 млн доллар), мақта (396,6 мың доллар), тоқылған қаптар мен пакеттер (248,2 мың доллар), желімделген фанера (207,5 мың доллар), ағаш бұйымдары (185,9 мың доллар), кептірілген көкөністер (101,1 мың доллар), жарықтандыру жабдығын (94,6 мың доллар), ареометрлер, термометрлер, пирометрлер, барометрлер (69,8 мың доллар) жөнелтеді.

Қаңтар-қыркүйек аралығында Сербиядан Қазақстанға импорт 58,9 млн долларға жеткен. Олар елімізге қағаз, картон (13,7 млн доллар), алюминий (11,2 млн доллар), темекі өнімдері (6,1 млн доллар), шыныдан жасалған оқшаулағыш бұйымдар (5,6 млн доллар), алюминий металл конструкциялары (3,3 млн доллар), алюминийден жасалған тақталар, табақтар, жолақтар немесе таспалар (2,2 млн доллар), жуу және тазалау құралдарын (1,2 млн доллар) жеткізеді.

2023 жылғы есеп бойынша, Қазақстанда негізінен құрылыс, кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет салаларында сербтердің қатысуымен 52 компания тіркелген.

ҚР Ұлттық Банкінің деректері бойынша, 2010 жылдан бастап 2021 жылдың III тоқсанына дейін Сербиядан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 1,3 млн доллар болған. 2021 жылғы қаңтар-қыркүйек кезеңінде 2,7 млн тікелей сербиялық инвестиция тіркелген. Өз кезегінде 2010 жылдан бастап 2021 жылдың III тоқсанына дейін Қазақстаннан Сербияға тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 15,1 млн долларға жетіпті.

Мәдени-гуманитарлық саладағы жетістіктер

Сербияда тұрақты түрде Қазақ ұлттық өнер университетінің қазақстандық шығармашылық ұжымдарының, Д.Нұрпейісова атындағы Қазақ халық аспаптары академиялық оркестрінің, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының және «Астана опера» театры ұжымының қойылымдары өткізіледі.

Сонымен қатар, Спорттық дипломатия белсенді дамып келеді. Сербияда тұрақты негізде «Астана» баскетбол командасы жиындар өткізіп келеді.

2016 жылы 24 тамызда Белградта Қазақстан мен Сербия Президенттерінің қатысуымен қазақ ақыны Жамбыл Жабаевтың бюстінің салтанатты ашылуы болды.

Белградтағы Жамбыл ескерткіші
Фото: Ақорда

 

2019 жылы 15 ақпанда Астана қаласындағы «Астана Опера» театрының үлкен залында әйгілі серб пианисті Майя Райкович «Балқаннан Ұлы Далаға дейін» концерті аясында өнер көрсетті.

2020 жылы 10 ақпанда Белградта Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған «Түркі әлемінің опера жұлдыздары» атты концерт өтті. Бірлескен іс-шараны ТҮРКСОЙ, Қазақстан, Түркия және Әзербайжанның Сербиядағы елшіліктері ұйымдастырды. Сол жылы Белградта ҚР Елшілігінің қатысуымен Қазақстан-Сербия «Достық» қауымдастығы құрылды.

Көп ұзамай Қазақстан Елшілігінде қазақ ойшылы және ақыны Абай Құнанбайұлының серб тіліне аударылған шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. Аударма ақынның 175 жылдығын мерекелеу аясында жүзеге асырылды. Елшілік кітаптарды «Достық» қазақ-серб мәдени орталығына, сондай-ақ Сербияның ұлттық кітапханасына және Белград қаласының ғылыми және білім беру мекемелерінің кітапхана қорларына тапсырды.

Ал 2021 жылы наурызда Қазақстан мен Сербия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 25 жыл және Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар шеңберінде Белградта қазақ ақыны Ж.Жабаев ескерткішінің жанында «Серб-Қазақстан достығы аллеясы» ашылды.

Екі ел арасында берік дипломатиялық байланыс бар

ҚР Президенті жанындағы ҚЗСИ-дың Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Әлішер Әбдірешевтің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сербияға биылғы сапары – ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы сапар. Бұған дейін Қазақстан Президентінің бұл елге сапары 2016 жылы болған.

Әлішер Әбдірешев ҚСЗИ
Фото: ҚСЗИ

 

– Бірақ бұл Қазақстанның Сербиямен өзара құрмет пен сенімге негізделген берік дипломатиялық қарым-қатынас орнатуына кедергі келтірмейді. 2017 жылы Сербия Президенті Александр Вучич «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылу салтанатына қатысқан болатын. Бір жылдан кейін, 2018 жылы Александр Вучич Қазақстанға жұмыс сапарымен келді.

Қазақстан мен Сербия арасындағы қарым-қатынастардың сенімді және серіктестік сипатын Сербияның Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету және Астанада 2017 жылы ЭКСПО көрмесін өткізу туралы өтінішін, сондай-ақ еліміздің БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын қолдауынан байқауға болады, – дейді ол.

Сарапшының сөзінше, Қазақстан мен Сербия арасындағы берік парламентаралық байланыстарды ерекше атап өткен жөн. Сербия парламенті – Халық ассамблеясында Қазақстанмен достық тобы құрылды. Ал Қазақстан Парламентінде Сербиямен ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық топ жұмыс істейді. Екіжақты ынтымақтастықтың негізін әртүрлі деңгейдегі, соның ішінде халықаралық шарттардан тұратын 24 құжат құрайды.

– Екі ел арасындағы тауар айналымы 90 млн доллардан асады. Әрине, әлеует бұдан да жоғары болуы мүмкін. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия жұмыс істеуде. Біз Сербияны Оңтүстік Еуропа мен Балқандағы сенімді серіктес ретінде көреміз. Сербиямен ынтымақтастықтың маңызды бағыты – көлік-логистикалық бағыттарды дамыту. Ең алдымен Орталық Азия мен Еуропа нарықтары арасында сенімді көлік байланысын орнатуға бағытталған Транскаспий халықаралық көлік бағытын айтуға болады, – деп түйіндеді Ә.Әбдірешев.

Осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Белград әуежайында Сербия Президенті Александр Вучич қарсы алғанын жаздық.

 

 

Соңғы жаңалықтар