14:38, 10 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақстан жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау туралы халықаралық конференцияны өткізуді қолдайды ? Мемлекеттік хатшы
АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ Қазақстан жаппай қырып-жоюға бағытталған қаруларды таратпау туралы халықаралық конференция өткізу ұсынысын қолдайды.

Бұндай халықаралық жиынды Осло қаласында 2009 жылғы наурыздың 24-інде өткізу жоспарланған. Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев Норвегияның Қазақстандағы Елшісі Метте Конгсхеммен кездесу барысында осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан мен Норвегия жаппай қырып-жою қаруларын таратпау мәселесінде ортақ көзқарасты ұстанып келеді. Сондықтан да біздің мемлекеттеріміз ядролық қару арсеналдарын қысқарту және таратпау шарасы бойынша нақты шешімдер ұсынып, халықаралық аренада белсенділік таныта берулері тиіс. Осы тұрғыдан келгенде, екі мемлекеттің қарусыздану мәселесіндегі бірлескен акциялар жүргізу жолымен ынтымақтастықты дамытуда ортақ ұстаным қалыптасып отыр. Біз ағымдағы жылғы наурыздың 24-інде Осло қаласында қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруларын таратпау туралы халықаралық конференция өткізу ұсынысын қолдаймыз», деді Қ. Саудабаев.
Тоқтала кететін жайт, 2008 жылдың қараша айында Қазақстан Норвегия мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы радиациялық қорғаныс саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойған болатын. Осы құжат Қазақстан мен Норвегия арасындағы ядролық қалдықтар проблемаларын шешудегі ынтымақтастықты кеңейте түсуді көздейді. Әрі бұл бағытта уран кені салдарынан ластанған аумақтарды тазарту, радиоактивті қалдықтарды жою шаралары қарастырылатын болады.