Қазақстан жасанды монополиядан арылса, жеке инвестиция көлемі артады – өзбекстандық сарапшы
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Бюджет тапшылығы мәселесі мемлекеттің экономикадағы үлкен үлесінен туындап отыр. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бастамаларға қатысты өзбекстандық экономист Юлий Юсупов осындай пікір білдірді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар жазды.

«Отырыста қаржыландыру бағытындағы маңызды мәселелер көтеріліп, бюджет тапшылғы болғаны айтылды. Менің ойымша, бұл реттегі мәселелер мемлекеттің экономикадағы үлкен үлесінен туындап отыр. Мемлекет үшін қаржы шығыны жеке сектордан болғаны ұтымды. Ал барлық жобаны үкімет тарапынан қаржыландыру экономикаға жүк түсіреді. Кейбір кезде қолға алынған бағдарламалар ойдағыдай нәтиже бермей жатады. Бұл кезде мемлекет зардап шегеді», - деді Юлий Юсупов.
Сарапшы атап өткендей, мемлекеттің экономикадағы үлесін жеке сектор ығыстырса, онда қазақстандық нарықта жоғары бәсекелестік қалыптасады. Ол үшін алдымен елдегі инвестициялық климатты жақсарту маңызды.
«Қазақстандағы инвестициялық климат жаман емес. Алайда, бірқатар мәселе де бар. Бұған қоса бірқатар саладағы жасанды монополия дамуға кедергі болып отыр. Егер бюрократия мен монополиядан арылса, онда шетелден жеке инвестициялар келе бастайды. Олқылықтар жойылмаса, қаражат тек мемелекеттің тікелей араласуымен жасанды түрде тартылады», - деп тоқталды өзбекстандық экономист.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Су министрлігінің жұмысына қатысты да сын айтты. Сарапшының пайымынша, су-энергетика саласында Орталық Азия елдеріне өзара кеңесетін диалог алаңын құру маңызды.
«Бүгінде су тапшылығы өте маңызды мәселеге айналды. Ол үшін әр ел өз бетінше әрекет етуден кетіп, бірлесе жұмыс істеуі тиіс. Сәйкесінше, Орталық Азия елдеріне ортақ диалог алаңын жасақтау керек. Қазіргі таңда тек су көлемін бөлумен айналысатын мемлекетаралық комиссия ғана бар», - дейді Юлий Юсупов.
Оның айтуынша, Президент әр саладағы өзекті мәселелерді атады. Енді жауапты ведомстволар сол тапсырмаларға сай тиімді әрі ұтымды шешім қабылдауға кіріспек. Сөз соңында экономист Қазақстаның жаңа жасақталған үкіметі аймақтағы елдермен, оның ішінде Өзбекстанмен ынтымақтастықты нығайтуға жұмыс істейді деп сенім білдірді.