Қазақстан «жасыл экономиканы» дамытуда көшбасшылық танытып отыр — ЭЫДҰ басшысы Матиас Корманн

АСТАНА. KAZINFORM — Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) бас хатшысы Матиас Корманн Kazinform агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында Қазақстанмен арадағы әріптестік қадамдары мен бағдарламаларды жүзеге асыру барысы туралы айтып берді. 

Матиас Корманн
Фото: Gabriel Oliveira / businessnews.com.au / Canva

— ЭЫДҰ мен Қазақстанның қазіргі ынтымақтастығын қалай бағалайсыз? Кейінгі жылдары қол жеткізілген негізгі жетістіктер қандай?

— Соңғы онжылдықта ЭЫДҰ-ның Қазақстанмен ынтымақтастығы айтарлықтай нығайды. Бұл Елдік бағдарламаны сәтті жүзеге асырудың және 2015 жылдан бері екі Іс-қимыл жоспарының дәйекті жүзеге асырылуының арқасында мүмкін болды. Қазіргі кезде біз мемлекеттік басқару, мемлекеттік кәсіпорындарды корпоративтік басқару, цифрлық байланыс, маңызды пайдалы қазбалар, «жасыл» экономика және тұрақты инфрақұрылымды қоса алғанда, бірқатар негізгі салада бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз.

30 мамырда Астана халықаралық форумы аясында «Мемлекеттік басқару жүйесіне шолу» атты жаңа жобаны бастаймыз. Бұл жоба Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасын іске асыру аясында осы саладағы реформаларды талдауға бағытталған. Баяндамада азаматтық қатысу деңгейін арттыруға, адам ресурстарын басқаруды жетілдіруге, мемлекеттік қызметтің инновациялық әлеуетін дамытуға, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға бағытталған ұсыныстар қамтылған.

Былтыр елдің осы саладағы ауқымды реформаларға ұмтылуын қолдап, Қазақстанның мемлекеттік кәсіпорындары қызметіне шолуды аяқтадық. Сонымен қатар, Қазақстанның ЭЫДҰ-дағы көпжақты салық саласындағы күн тәртібіне белсенді қатысуын жоғары бағалаймыз. Қазақстан «жасыл экономиканы» дамытуда, шекаралық үдерістерді цифрландыруда және сауда байланыстарын нығайтуда көшбасшылық танытып отыр. Атап айтқанда Транскаспий дәлізі — болашағы зор сауда жолы аясында, оны дамытуға біз белсенді қатысуға дайынбыз.

Тұрақты инфрақұрылымды дамытудағы серіктестік Қазақстанды көміртегі бейтараптығы жолында қолдауда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, ЭЫДҰ 2026 жылға жоспарланған және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Бакуде өткен COP29 конференциясында жариялаған Орталық Азия өңірлік климаттық саммитінде Қазақстанмен серіктес болады.

— Қазақстан инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша реформаларды жүзеге асырып келеді. ЭЫДҰ-ның қай ұсыныстары бұл процесті жылдамдата алады?

— Қазақстан өзінің инвестициялық климатты жақсартуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді, бұл жағдай ЭЫДҰ–ның мемлекеттік басқарудың адалдығына жүргізген шолуында расталды. Осы шолу Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп 2025 жылы жарияланады. Мұнымен қоса, сот жүйесінің ашықтығын арттырудағы жетістіктер мен халықаралық деңгейде сыбайлас жемқорлықпен күрестегі ілгерілеу барысы атап өтілді.

Саясатты іске асыру саласында реттеуші ортаның ашықтығын арттыруды, сондай-ақ «заңнамалық норма мен тәжірибе жүзінде іске асыру арасындағы алшақтықты» жою бойынша шаралар қабылдауды ұсынамыз. Мәселен, заңнамалық нормалар тәжірибе жүзінде кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін кей жағдайда тиісті деңгейде жүзеге асырылмауы мүмкін.

Мемлекеттік кәсіпорынды басқару саласында меншік иесі мен реттеушінің функцияларын нақтырақ бөлуді ұсынамыз, өйткені олардың үйлесуі нарықта бәсекелестікке жатпайтын жағдайларды тудыруы мүмкін. Монополияға қарсы саясатты жетілдіру және тиісті институттарды нығайту да бизнес пен инвесторлар үшін тең бәсекелестік жағдай жасауға ықпал етеді.

— Қазақстан ЭЫДҰ елдерінің озық тәжірибесін экономиканың қай салаларында тиімді қолдана алды?

— Қазақстанда инвестиция тартудың және іскерлік белсенділікті арттырудың ең тиімді жолы — мемлекеттік басқаруды, сот тәуелсіздігін және реттеуші органдардың ашықтығын нығайту.

Бұл шаралар жалпы бизнес-климатты жақсартады және экономиканың барлық секторына пайда әкеледі. Сол сияқты, саясатты халықаралық ЭЫДҰ стандарттарына сәйкестендіру бойынша үздіксіз күш-жігер инвесторлардың сенімін нығайтуға және кең ауқымды экономикалық өсуді ынталандыруға көмектеседі.

Бәсекелестікті арттыруға, мүдделер қақтығысын азайтуға, сондай-ақ отандық әрі шетелдік инвесторларға әділ қарым-қатынасты қамтамасыз етуге бағытталған реформалар маңызды. Бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және мемлекеттік кәсіпорындарды корпоративтік басқаруды жақсарту да дұрыс бағыттағы маңызды қадамдар.

Сонымен қатар, біз экономиканың жекелеген секторларымен байланысты ерекше қиындықтарды да мойындаймыз. Мысалы, біз Қазақстанмен стратегиялық минералдық ресурстар секторын дамытуда ынтымақтастықты жалғастырып отырмыз. Қазақстанда көміртегі бейтараптығына көшу үшін маңызды болатын минералдық қорлар бар. Бірақ бұл әлеуетті әлеуметтік және экологиялық тұрғыда тұрақты түрде іске асыруда ауқымды мақсат тұр.

Осыған байланысты мемлекеттік органдармен және жеке сектормен пайдалы қазбалар секторындағы салық салу, өндірудің тұрақты әдістері мен бизнестегі жауапкершілік мәселелері бойынша диалогты жалғастырамыз.

— ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесін ескере отырып, Қазақстан жаһандық қосылған құн тізбегіне өзінің интеграциясын қалай нығайта алады?

— Қазақстанның Еуразия орталығындағы географиялық орналасуы ЭЫДҰ-ның сауда интеграциясы саласында міндетті түрде серіктес етеді. Қазақстан Транскаспий көлік дәлізінде негізгі рөл атқарады. ЭЫДҰ-ның сауданы жеңілдету жөніндегі көрсеткіштері Қазақстанның 2017 жылдан бастап өңірдегі реформалар бойынша көшбасшы екенін байқатты.

2025 жылдың сәуірінде ЭЫДҰ Орта дәліз бойынша тақырыптық зерттеуімен Экономикалық дәліздерді бағалау және мониторингілеу индексін жариялады. Онда Орталық Азия мен Қазақстанға сауда деректері туралы ақпараттандыру мен ынтымақтастықты күшейту ұсынылған. Себебі бұл бағыттағы кемшіліктер тиімді өзара іс-қимылға кедергі келтіріп отыр. Атап айтқанда, Қазақстанда цифрландыру мен сауданы жеңілдетуде жетістіктер баршылық. Дегенмен, кейбір мәселелерге назар аудару керек.

Бұдан бөлек, көлік шығындарын, соның ішінде сақтандыру және жүк тасымалдау шығындарын азайтуға көмектесетін экономикалық шараларды енгізуді ұсынамыз, өйткені олар қазіргі уақытта әлемдік деңгейден жоғары.

— ЭЫДҰ-ның өңірлік кеңсесі Орталық Азия елдерінің дамуына қандай үлес қоса алады?

— Қазақстан көп жыл бойы ЭЫДҰ жұмысын өз еліне қатысты ғана емес, өңірлік деңгейде де қолдап келеді. Бұл ретте, Қазақстан Орталық Азиядағы энергетика, су ресурстары және жерді пайдалану саласындағы 2024–2028 жылдарға арналған өзара іс-қимыл бағдарламасының өңірлік көшбасшысы. Оны ЭЫДҰ жетекшілігімен және жергілікті серіктес — Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының Ғылыми-ақпараттық орталығының қатысуымен халықаралық серіктестер консорциумы жүзеге асырып отыр.

Қазақстан сондай-ақ Еуразияның бәсекеге қабілеттілік бағдарламасы аясында ЭЫДҰ-ның Орталық Азия бастамасына тең төрағалық етеді және 2017 жылдың қазан айында Алматыда «ЭЫДҰ — Еуразия» апталығын өткізді.

Мұнымен қоса, ынтымақтастықтың қосымша бағыттарында байланыстарды дамыту ескерілген, яғни Транскаспий көлік дәлізіне екпін қойылған. Қазақстанда және Орталық Азия елдерінде бизнес жүргізу үшін тең бәсекелестік жағдайды қамтамасыз ету, стратегиялық минералдық ресурстарды өндіруге және өңдеуге қажет инвестицияларды ынталандыру қадамдары қамтылған.

— Қазақстан ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес тау-кен секторының тұрақтылығы мен экологиялық жауапкершілігін қалай жақсарта алады?

— Қазақстан қазірдің өзінде пайдалы қазбаларды жеткізу тізбегі, нарық және минералдар мен металдардың 15 түріне аудит талаптары бойынша ЭЫДҰ нұсқауларын енгізді. Бұл маңызды қадам, бірақ біз одан әрі ЭЫДҰ стандарттарына сәйкестендіру үшін бірқатар мүмкіндікті көріп отырмыз. Оларға экологиялық реттеуді күшейту, ашық есеп беруді қамтамасыз ету және мүдделі тараптардың қатысуын дамыту кіреді.

Негізгі бағыттардың арасында экологиялық таза технологияларға инвестиция салу, тау-кен орындарын қалпына келтіру және жергілікті қауымдастықтарға жеңілдіктер беру кіреді. ЭЫДҰ «Тұрақты өсу мен даму үшін маңызды минералдарды пайдалану» бастамасын бастады. Ол маңызды минералдарды өндіру әлеуметтік және экологиялық тұрақтылыққа өз үлесін қамтамасыз ету бағатында біздің тәжірибемізге сүйене отырып жасалған.

Осы жылдың наурыз айында біз Астанада 80-нен астам мүдделі тараптың қатысуымен бір күндік семинар өткіздік. Біз бұл бастама аясында Қазақстанмен, сондай-ақ өңірдегі басқа елдермен серіктестікте жұмысты жалғастыруға ниеттіміз.

— ЭЫДҰ стратегиялық минералдық ресурстар секторына инвестиция тарту үшін қандай шараларды ұсынып отыр?

— Шетелдік инвесторлар үшін ең маңызды басымдық — заң үстемдігімен және келісімшарттың сенімді орындалуымен қамтамасыз етілген, яғни нарықтың барлық қатысушысы үшін тең жағдайлары бар тұрақты бизнес орта.

Жауапты бизнес жүргізу үшін тең жағдай жасау экономиканың барлық секторы үшін маңызды. Бұл тұрғыда тең жағдай жасау стратегиялық минералды ресурстар секторы үшін ерекше мәселе деп санаймын.

Сондай-ақ ұлттық үкіметтер мемлекеттік-жекешелік серіктестік арқылы ерте кезеңдегі жобаларға қосымша қолдау көрсете алады, ал халықаралық қаржы институттары оны даму бағдарламалары аясында қаржыландыру арқылы қамтамасыз етеді.

Жалпы, экспорттық шектеулерді қоса алғанда, өнеркәсіптік саясатты әзірлеу кезінде заң шығарушылар салық тәуекелдерін және шикізаттық емес секторда қосылған құн бойынша кенеттен болуы мүмкін салдарды ескеруі керек. Тұрақтылықты арттыру үшін ашық сауда саясатын қолдауға ерекше мән берген жөн.

Тұтастай алғанда, жауапты басқару мен ашық жұмыс — саяси әрі операциялық тәуекелдерді азайтудың негізгі факторлары. Бұл өз кезегінде осы секторды ұзақ мерзімді және тұрақты инвестициялар үшін тартымды етеді. 

Соңғы жаңалықтар