Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Азия чемпионатында рекорд тіркеді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Шымкент қаласында өтіп жатқан нысана көздеу мен стенд атудан XVI Азия чемпионатында кезекті рекорд жаңарды.

Спортты дамыту дирекциясы мәліметінше, ерлер арасында 10 метрден аралас ырғақта жылжымалы нысана көздеуден Қазақстан-1 жасөспірімдер командасы топ жарды. Рамазан Хусаинов, Шахзод Ирназаров пен Валат Мусаев үштігі 1065 ұпай жинады.
Бұл - жасөспірімдер арасындағы жаңа Азия рекорды. Мұнда күміс Қазақстан-2 командасына, қола Өзбекстанға бұйырды.
Айта кетейік, кеше Хусаинов, Ирназаров, Мусаевтан жасақталған команда жылдам ырғақтағы сайыста алтыннан алқа таққан.
– Бұл - мен үшін ғана емес, командадағы бәріміз үшін алғашқы Азия чемпионаты. Жарыс басталған күні қобалжыдық. Бапкерлер бізге үнемі кеңес беріп, қолдады. Бағана рекорд тіркегенімізді солардан естідік. Әлі де қуанып тұрмыз. Бұл біздің осы спорттағы әзірге ең ірі көрсеткішіміз , - деді Рамазан Хусаинов марапаттаудан кейінгі сұхбатында.
Айта кетейік, Қытайдың Цзянмэнь қаласында волейболдан 21 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан ХХІІІ әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы екінші жеңісіне қол жеткізді.