Қазақстан жасөспірімдер Олимпиадасын сегіз медальмен аяқтады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан құрамасы Дакарда (Сенегал) өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында өнер көрсетуін аяқтады.

Қазақстан жасөспірімдер Олимпиадасын сегіз медальмен аяқтады
Фото: ҚР ҰОК

Жарыс қорытындысы бойынша отандастарымыз екі алтын, үш күміс және үш қола медаль жеңіп алды.

Дзюдодан 52 келіге дейінгі салмақта Фатима Сұпығалиева, ал тасжолдағы велоспорттан жекелей уақытқа жарыста Әнел Тәшбай Олимпиада чемпионы атанды.

Боксшылар Ақнұр Тұрсынғали (57 келіге дейін) мен Бибарыс Әшірбай (70 келіге дейін) Қазақстан қоржынына күміс медаль салды. Сондай-ақ Айбар Қайым семсерлесуден күміс жүлдегер атанды.

Ал триатлоншы Рамазан Әйнегов, таеквондошы Любовь Юн (63 келіден жоғары) және боксшы Марал Төлепберген (54 келіге дейін) үшінші орынға ие болды.

Жасөспірімдер Олимпиадасында 18 қазақстандық 11 спорт түрінен бақ сынады.

Ойындардың жабылу салтанаты 14 қарашада өтеді.

Айта кетейік, Кристина Шумекова Бейжіңдегі әлем кубогының күміс жүлдегері атанды.