Қазақстан жастар құрамасының бапкері шәкіртінің «Вальядолидке» қалай ауысқанын айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық футболшы Мұхаммед Еңсебаевтың испаниялық «Вальядолид» клубына ауысуы ел футболындағы елеулі оқиғалардың бірі болды. Kazinform агенттігінің тілшісі осы орайда Қазақстан U-19 жастар құрамасының жаттықтырушысы Александр Кузнецовқа хабарласып, аз-кем әңгімелесті. 

«Вальядолид» ойыншысы - Мұхаммед
Фото: Александра Кузнецовтың желідегі парақшасынан

– Былтыр желтоқсан айында мен Испания мемлекетінде тағылымдамадан өттім. Сонымен қатар ол жақта жас футболшыларымызды испаниялық клубтарға қабылдау конкурсын ұйымдастыруға қатыстым. Бұл қазақстандық жас жеткіншектер үшін өзін көрсетуге керемет мүмкіндік деуге болады. 7 ойыншымыз қаралымнан өтті. Оларға бұл үлкен тәжірибе болды. Сол жолы Мұхаммед өзін жақсы қырынан көрсетіп, «Вальядолид» сапында қалатын болды. Осы уақыт аралығында келісімшарт пен оның визасына қатысты процесс жүріп жатты», - дейді бас бапкер Александр Кузнецов.

Белгілі маманның айтуынша, Еңсебаев тыңғылықты дайындалып, өзін жақсы жағынан көрсете білген. Нәтижесінде, ол испаниялық клубпен үш жылға келісімшартқа отырды.

– Әрине, қиын болды, бірақ бұл жерде Мұхаммедтің алға жылжып, жоғары деңгейде ойнауға деген ұмтылысы шешуші рөл атқарды. Мен бұл жігітті бұрыннан танимын, РКС мектеп-интернатында бірге жұмыс істедім. Кейін «Жас Қыранға» шақырып, жастар құрамасына әкелдім. Оның техникасы мен еңбекқорлығын атап өткім келеді. Мұхаммед әрқашан доппен еркін жүреді және үнемі өз бетімен жеке жұмыс істейді, шеберлігін шыңдайды. Бәрі өзінің қарым-қабілетіне байланысты болды. Оның алға басуына тілектеспін және оған сенемін, - деді Қазақстан құрамасының бапкері.