«Қазақстан Жастарының конгресі» «Құқықтық сауаттылық» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды

АСТАНА. 16 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін «Қазақстан Жастарының конгресі» ЗТБ ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Құқықтық сауаттылық» атты дөңгелек үстел өткізізді.
None
None

Аталмыш іс-шаралар жастар арасында құқықтық сауаттылық деңгейін арттырып, жастарды сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеуге тәрбиелеп, жемқорлықтың кез-келген көріністерімен бірлесе күресудің маңыздылығын насихаттауға бағытталған.

Кездесу мен дөңгелек үстелдің жұмысына аймақтық үкіметтік емес және жастар ұйымдарының жетекшілері, құқық қорғау органдарының өкілдері, Жоғары оқу орнының студенттері қатысты. Кездесу аясында жастар ұйымдарының сыбайлас жемқорлықпен күрес саласында жүргізген ақпараттық-насихаттық жұмыстары, өзге де іс-шаралар талқыланды.

«Бұндай жиындарды «оқу орындарындағы ұстаздардың түгелі студенттерден пара алады, болмаса Қаржы полициясы өз жұмысын дұрыс атқара алмағандықтан жастардан көмек сұрауда» деген теріс түсінікпен байланыстырмаған дұрыс. Біздің басты мақсатымыз - жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Олардың құқықтарын түсіндіріп, парақор атануына жол бермеу. Біз әрқайсымыз жемқорлықпен жеке-жеке күреспейінше, тамырын тереңге салған бұл дерттен құтыла алмаймыз», - деді 1, 2-курс студенттерінің алдында сөз алған «Қазақстан Жастары конгресінің» атқарушы директоры Р.Құспан.

Кездесуге қатысқан Қаржы полициясының өкілдері де жастарға ақыл-кеңестерін айтты. Тіпті, жемқорлық көріністеріне куә болған, болмаса өздерін мазалаған сұрақтар бойынша кеңес ала алмай жүрген студенттерге анонимді түрде хабарласуға болатын жеке телефондары мен электронды мекен-жайларын беріп кетті.

Ал дөңгелек үстелдің жұмысы еркін пікір алмасу алаңын құру болып табылады. Пікір алмасу барысында сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізудегі бүгінгі өзекті мәселелер айтылып, жастардың құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру және жемқорлыққа қарсы тәрбие берудің маңыздылығы сөз болды. Құқық қорғау органдарының өкілдері үшін сыбайлас жемқорлықпен күресте сол органдардың қандай жұмыстарды қолға алып жатқаны көрсетіліп, сыбайлас жемқорлық жасауға қатысқаны үшін немесе соған көмектескені үшін қандай қылмыстық немесе әкімшілік жаза қолданылатындығы айтылған негізгі заңнамалық актілер мен құжаттар таныстырылды.

Сондай-ақ осы дөңгелек үстел аясында студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары мен студенттік кәсіподақтардың өкілдері де сөз алып, оқу орнының қабырғасында пара алуға қарсы қандай шаралар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Дөңгелек үстелдің нәтижесі бойынша шараға қатысушылар тиісті Қарар қабылдады. Қарарға талқылау барысында айтылған барлық ұсыныстар мен ескертулер енгізіліп отыр.

Соңғы жаңалықтар